«Самұрық-Қазына» қоры сыйлаған жедел жәрдем көліктері 260 мың азаматқа алғашқы көмек көрсетті
Бұл медициналық көліктер әр өңірден ұсынылған әлеуметтік қажеттіліктер аясында тарту етілген болатын.
Жыл басында еліміздің 5 өңіріне заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған 18 реанимобиль көліктері тарту етілген болатын. Нәтижесінде аталған медициналық автокөліктер «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бастамашыл жобасы аясында Қостанай, Түркістан, Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарына жеткізілді.
Қазір бұл көліктер шалғай елді-мекендердегі денсаулығын жақсартқысы келетін халықтың қажетіне жарап, науқастанған тұрғындарға жедел медициналық көмек көрсетуде септігін тигізіп жатыр. Бес айдың ішінде ауыр жағдайдағы 84 науқас ауруханаға, 227 жүкті әйел перзентханаға еш кедергісіз жеткізілді.
Бұл медициналық көліктер әр өңірден ұсынылған әлеуметтік қажеттіліктер аясында тарту етілген болатын. Мәселен, Қостанай облысында алапат өрт болған Әулиекөл ауданы, Аманқарағай ауылы тұрғындарының басына түскен ауыр жағдайды ескеріп табысталса, қалған 4-еуі облысқа жергілікті халықтың сұранысымен берілді. Өңірлерге жеткізілген жедел медициналық жәрдем көліктерінің ішінде реанимациялық бригада күштерімен емдеу іс-шаралары мен медициналық процедураларды жүргізуге, пациенттердің ауруханаға жатқызылғанға дейін халін бақылауға арналған барлық жабдық бар.