Қасым-Жомарт Тоқаевтың осыдан бір жыл бұрын Президент сайлауы алдында халыққа берген уәдесі сөзден іске айналып, жоспарлы түрде кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр.
Президенттің сайлауалды бағдарламасы «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» деп аталды. 7 жылдың жүгі жүктелген жоспарға білім саласын жаңғырту міндеті қойылды.
«Мемлекет өскелең ұрпаққа білім беру үшін осы салаға инвестиция құя береді. Білім саласының барлық деңгейінде қордаланған мәселе шешіледі. Бала тәрбиесі мен олардың алаңсыз өмірі біздің жіті назарымызда болады», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында.
Бір жыл бұрын Президент азаматтың білім алуына, денсаулығы мен әл-ауқатына мемлекет тікелей жауапты екеніне тоқталып, әлеуметтік бюджет балабақша мен мектеп салуға, білім ордаларын күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалатынын жариялады. Бұған миллиондар емес, триллиондар қарастырылатынын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз балаларымызға барынша жайлы оқу жағдайын жасаймыз – оларды заманауи әрі қауіпсіз балабақшамен, мектеппен, тегін тамақпен, қосымша біліммен, жылдам интернетпен қамтамасыз етеміз. Оқушы орны мен студенттік жатақхана тапшылығын жоямыз, білім беру жүйесінде цифрлық орта қалыптастырамыз. Колледждер мен жоғары оқу орындары еліміз бен әлемде сұранысқа ие кәсіби маман дайындайтын болады», – деп уәде берді.
Уәде қалай орындалып жатыр, білім жүйесіне қандай өзгерістер енгізілді? Саралап, талдап көрейік.
Мектепке дейінгі білім
Мемлекет басшысы 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі сапалы тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз етілуі тиіс екеніне назар аударды. Бұған дейін 3-6 жасқа дейінгі балаларға ғана басымдық берілетін. Президенттің пәрмені бүлдіршіндерді 2 жастан бастап балабақшамен қамтуға міндеттеді. Бұл бағыт бойына мектепке дейінгі ұйымдардың санын ұлғайту, жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс орналастыру жұмысы атқарылды. Мектепке дейінгі ұйымдарда орын ашуға арналған нақты жоспар әзірленді. Қызмет сапасын арттыру үшін мемлекеттік тапсырысты орналастырудың нормативтік талабы күшейтілді. Қабылданған шаралар 2029 жылдың соңында 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтуға мүмкіндік берді.
Мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігіне де өзгеріс енгізілді. Қаражат ата-ана таңдаған балабақшаға жіберілетін болды. Қолданысқа мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі енгізіліп, жаңа мемлекеттік стандарт пен үлгілік бағдарлама қабылданды. Балабақшалардағы орындарды бөлудің жалпыға ортақ ақпараттық жүйесі құрылды. Осылайша балабақшалардағы орындарға мониторинг жүргізу, баланы кезекке қою, орын бөлу кезіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері шешілді.
Балабақшаға кезекке тұру, балабақшаны таңдау, балабақшаға жолдама алу қызметі электронды үкімет қосымшасы арқылы көрсетілетін болды. Президенттің сайлауалды бағдарламасына сәйкес, «Отбасының цифрлы картасы» арқылы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар анықталып, балабақшада тегін тамақпен қамтамасыз етіле бастады. Бұрын қандай топтағы отбасының баласы болса да, ата-анасынан тамақтың ақшасы алынатын.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілеріне жағдай жасалды. Олар қағазбастылықтан құтылды. Жалақылары 30%-ға өсіп, әлеуметтік жағдайы жақсарды.
Орта білім беру ісіндегі оң өзгеріс
Үкімет Президенттің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасын қабылдады. 2026 жылдың соңына дейін 740 мың оқушыға арналған 369 заманауи мектеп пайдалануға берілуі тиіс. 218 мектеп – қалада, 183 мектеп ауылдық жерде бой көтереді. 2023-2024 жылдары – 226 мектеп, 2024-2025 жылдары – 175 мектеп оқушы қабылдайды.
Ел тарихында 2 300-ге жуық мектеп салынған. Бұл мектептер 4 ауысыммен оқу жүйесінен арылуға мүмкіндік бергенмен, 3 ауысыммен оқу мәселесін шеше алмаған. Бүгінгі таңда елімізде мектепке мұқтаж 200 мыңнан астам оқушы бар. Бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 1 миллиоға жетуі мүмкін.
Қазір өңірлерде 220-дан астам мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл іс Президент айтқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында атқарылуда. Осы мектептер отандық білім беру саласын жаңа деңгейге көтереді және мектеп тапшылығы мәселесін шешеді деген үміт бар.
«Жайлы мектепте» 1-4-сынып оқушылары мен 5-11-сынып оқушылары бөлек блоктарда оқиды. Оларға робототехника, химия, физика, биология кабинеттері жасақталады. Мұнда спорт залдарының, қыздар мен ұлдарды еңбекке баулитын шеберханалардың, шығармашылық үйірмелердің саны көп болады. Оқушылардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Ең бастысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы 3 ауысымды оқудан, апатты жағдайдағы мектептен құтылуға көмектеседі.
Президенттің 2029 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы аясында 1-4-сынып аралығындағы 1,4 млн оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етіліп жатыр. Бұрын соңды оқушыларды жаппай тамақтандыру болмаған.
Жергілікті бюджеттен 25 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының 5-11 сыныптарда оқитын 200 мыңнан астам оқушысы тамақтанады. Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында аталған санаттағы 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтамасыз етілді.
Азаматтардың жоғары білімге қол жеткізуін қамтамасыз етудің қосымша тетігі болатын «Келешек» ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды.
Биыл аз қамтылған отбасылар мектеп киімдері мен кеңсе тауарларын өз бетінше сатып алу үшін әр балаға кемінде 40 мың теңге алды. Барлығы 463 мың бала қамтылып, 19 млрд теңге бюджет қаражаты жұмсалды.
Алдағы уақытта 100-ден астам оқушылар сарайы, жас техниктер стансасы, музыка және өнер мектебі, балалар технопаркі ашылады. Оқушылар сарайлары, музыка және өнер мектептері жекеменшікке берілмейді.
Айта кетейік, ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың барлығы алынып тасталды.
Қала мен ауыл мектебінде білім сапасының теңсіздігі бар. Президент бұған жол беруге болмайды деп санайды. Еліміздегі 7 500 мектептің 6 мыңы ауылда орналасқан. Оның 4 мыңы 1 200-ден 3 600-ға дейін оқушы оқытып отырған білім ошақтары. Қалғаны шағын мектептер.
«Ауыл балаларының білім алу мүмкіндігі шектеулі екені баршаға мәлім. Бұған қажетті құрал-жабдықтың және білікті педагогтердің тапшылығы себеп болып отыр. Ауылдағы білім ошақтарының тең жартысы – шағын мектептер. Онда барлық пәннің мұғалімі бола бермейді. Бір сыныпта әртүрлі жастағы балалар оқиды. Мұның бәрі – жылдар бойы қордаланған түйткілдер. Оның көбі жұрттың жаппай қалаға көшуіне байланысты туындап отыр. Ауыл мектептерін зияткерлік, сондай-ақ қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының сөзі іс жүзінде орындалып жатыр. Дәл қазір еліміздегі 10 ауыл мектебінде Starlink жаһандық спутниктік жүйесі сынақтан өтуде. Келесі жылы 2 мың ауыл мектебіне кең жолақты интернет қосу жоспарланған.
Алматы облысындағы 8 мектепте және Ақмола, Қарағанды облыстарындағы 2 мектепте пилоттық жоба сыналып жатыр. Жоба жыл соңында аяқталады. 2024 жылы Starlink интернетіне 2 мың ауыл мектебі қосылады. Мектептердің тізімін Оқу-ағарту министрлігі анықтайды.
Осыған қатысты сайлауалды бағдарламасында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде 6,5 миллион бала бар. Олардың бәріне тұрған жеріне және қай тілде оқитынына қарамастан, іргелі білім, цифрлық технология, жайлы білім инфрақұрылымы тең дәрежеде қолжетімді болуға тиіс. Әділетті Қазақстанды құрудың негізінде ағартушылық құндылықтар жатыр. Талантты, білімді, отансүйгіш ұрпақ неғұрлым көп болса, әл-ауқатымыз соғұрлым тез артады», – деген болатын.
Айта кетейік, білім беру үдерісін цифрландыру қарқынын жеделдету үшін 2027 жылға дейін интернет желісі жетпеген мектептердің барлығы интернетке қосылады. Бұл бастама «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асады.
Кәсіптік және жоғары білім
Президент білімді жастарды қолдау қажеттігін үнемі айтады. Айтып қана қоймайды, олардың білім алуына жағдай жасайды.
Қазір колледж түлектері университетке түсу үшін 2 пәннен ғана ҰБТ тапсырады. Студенттердің, магистранттардың, докторанттардың шәкіртақысы кезең-кезеңімен ұлғайып жатыр. 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы көлемі: бакалавриат студенттеріне – 20%-ға, магистратура мен докторантурада оқитындарға – 15%-ға, ТжКБ студенттеріне – 50%-ға артты. 2025 жылға қарай студенттердің шәкіртақысы 2020 жылғы деңгейден кезең-кезеңмен 2 есеге өседі.
Биылдан бастап әскери борышын өтеп келген жастар жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырмай түсе алатын болды. Олар ақылы немесе әскери борышын өтеу кезіндегі тәртібі мен жетістігіне қарай тегін оқиды. Жылына орта есеппен алғанда 3 мың грант бөлінеді.
Ммемлекеттік тапсырыс аясында 5 500 орындық 9 студенттік жатақхананы салынуда. Ғалымдарды ынталандыру және көтермелеу үшін 2000 АЕК мөлшерінде 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын табыстау жалғасуда. Отандық жоғары оқу орындарының базасында шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Жезқазғанда техникалық университет ашу және Қонаев қаласында инновациялық орталығы бар академиялық қалашық құру мәселесі күн тәртібінде тұр.
ЖОО-лар мен колледждердің жатақханаларында орын тапшылығы бір жыл ішінде 3 есеге жуық, 2022 жылғы 62,8 мың төсек-орыннан биылғы қазан айында 23,9 мыңға дейін қысқарды. 2023 жылы 10,9 мың орындық 44 жатақхананы іске қосу жоспарланған, оның ішінде 25 жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 19 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жалпы, ғылымның 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 3,3 есеге өсіп, 643 млрд теңгені құрады.
«Болашаққа» – бола шап!
Биыл халықаралық «Болашақ» бағдарламасына 30 жыл толады. Президент осы бағдарлама арқылы Қазақстанның білікті кадрларын қалыптасыруға басымдық беруге ерекше назар аударып отыр.
«Болашақ» стипендиясына үміткерлер қазақ тілінен онлайн тест тапсыра алады. Онлайн тест тапсырғандар сертификатын Qazaq resmi test сайтынан ала алады.
Жүйелі реформа жаңару мен жаңғыруға жол ашады. Ал біртұтас ұлт, берекелі қоғам, әділетті мемлекет құру үшін жастар білімді болуы керек. Ендеше, білім алу мен білім беру жолында Президент белгілеген бағдар мен бағыттан айнымайық. Темірқазығымыздан танбасақ, білім мен ғылым бәсекесінде топ жаратынымыз айдан анық.