Алматыда ұрлық жасаумен айналысқан ерлі-зайыпты ұсталды
50 және 52 жастағы күдікті өз кінәсін толық мойындады.
Алматыда полицейлер ұрлық жасаумен айналысқан ерлі-зайыптыны ұстады.
Сотқа дейінгі тергеудің осы кезеңінде 50 және 52 жастағы ерлі-зайыпты азаматтар екі рет бөтеннің мүлкін ұрлағаны анықталды.
«Бірінші жағдайда олар Ақсай-2 шағынауданындағы үйлердің бірінің кіреберісінен велосипед ұрлап кеткен. Жақында тағы да біреудің мүлкін ұрлау дерегі тіркелді. Бұл жолы ерлі-зайыпты бөтен біреудің Macbook-ін ұрлап кетті. Оның үстіне, екі ұрлық та бейнекамераға түсіп қалған. Ұсталғандар – Алматы облысының тұрғындары, олар өз кінәларын толық мойындады. Ұсталғандардың жеке басы басқа да ықтимал эпизодтарға қатысы бар-жоғына тексеріліп жатыр», – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.