Қоғам

Талғар аудандық ауруханасының директорына қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр

Фото: talgar-aoa.kz

Медициналық директорды орнынан алып тастаудағы мақсат – Талғар аудандық орталық ауруханасының медицина қызметкерлеріне қатысты заңсыз әрекеттерді тергеудің объективтілігін қамтамасыз ету.

Лаура Мырзағали Талғар аудандық орталық ауруханасының (АОА) медициналық директоры лауазымынан босатылды. Қазір оған қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы  медициналық мекеменің Instagram-дағы парақшасында мәлімет жарияланды.

«A-Class Medical" сенімгерлік басқарушы компания медициналық директор Л.М.Мырзағалидың жүргізіліп жатқан қызметтік тергеуге байланысты қызметінен босатылғанын хабарлайды. Бұл шешім жергілікті интернет-басылымдардың ашық беттерінде ұсынылған дәлелдер мен материалдар негізінде қабылданды», - делінген хабарламада.

Медициналық директорды орнынан алып тастаудағы мақсат – Талғар аудандық орталық ауруханасының медицина қызметкерлеріне қатысты заңсыз әрекеттерді тергеудің объективтілігін қамтамасыз ету.

«Қызметтік тергеу жүргізу үшін құрылған комиссия ұсынылған фактілер мен мән-жайға талдау жасайды. Басқарушы компания тергеу барысында объективтілік пен әділдік принциптерінің сақталуына кепілдік береді», -деп жазылған хабарламада.

Талғар аудандық орталық ауруханасы қызметкерлерінен сабыр сақтап, тергеу аяқталмайынша БАҚ пен әлеуметтік желіде мәлімдеме жасамауды сұрады.

Еске сала кетейік, Лаура Мырзағали 2022 жылы Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы қызметінен босатылған болатын. Оған қызметкерлерімен дөрекі қарым-қатынас жасады деген айып тағылды.