Шымкентте полицейлер газға уланған ана мен баланы құтқарды
Екеуіне де медициналық көмек көрсетілді.
Шымкент полицейлері анасы мен баласын құтқарып қалды, деп хабарлады turkystan.kz.
3 жасар ұлымен үйінде қалған қала тұрғыны газдан улану белгілерін сезінген. Үйінен шығуға әлі жетпеген әйел соңғы күшімен 102-ге хабарласады. Оқиға орнына патрульдік полиция полкінің инспекторлары Талғат Ибраев пен Медет Тұрлыбеков жетті. Жедел жәрдем бригадасы да келген.
«Тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлері терезені сындырып, баланы сол жерден шығарып алады. Әрі қарай есікті ашып, анасын да дер кезінде сыртқа алып шығады», – делінген ІІМ-нің хабарламасында.
Екеуіне де медициналық көмек көрсетілді. Қазір олардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
«Қажет болған кезде адамдарға көмектесуге асығу міндетіміз», - деді полиция қызметкерлері.