Жаңалықтар

Жетісу облысынан ерте темір дәуіріне жататын қорған табылды

Фото: Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығы

Қорғанды бұдан екі мың жылдай бұрын Жетісуды мекендеген юечжи немесе усунь (үйсін) мәдениеттерімен байланыстыруға болады.

Жетісу облысынан ерте темір дәуіріне жататын қорған табылды. Аумақты қазған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археологиялық экспедициясы қорғаннан ерте темір дәуіріне жататын айғақтар тапты, деп хабарлайды turkystan.kz kazinform-ға сілтеме жасап.

Қорғанның биіктігі – 3,4 м, диаметрі – 40 м. Айналасы ормен қоршалған. Тонаушылар батыс жағынан қазба түсіріп, біртіндеп орталық бөлігіне қарай өткен. Далалық зерттеулер тонаушылар ашып кеткен ұңғыма-шұңқыр орнындағы қорғанның орталық бөлігінде жүргізілді. Бастапқыда қазба 5х5 м көлемде болды және ескерткіш конструкциясына орай кеңейтілді. Қазба барысында тас сауыт және өзге де конструкциялар, сондай-ақ тонаушылардан қалған шашылып жатқан ірі тастар, тастақтайшалар табылған.

- Қорғанның төбесінен есептегенде шамамен 5 м тереңдіктен екі мола шұңқыры анықталды. Бірінші қабір шұңқыры толықтай тоналып кеткен. Бұл жерден қойдың жауырынын ғана табу мүмкін болды. Сірә, ғұрыптық ас қалдығы болса керек. Екінші қабір шұңқырынан ер адамның сүйек қалдықтары, екі керамикалық ыдыс, мал сүйектері, қызғылт түсті ағаш қынабы бар акинак-семсер табылды. Акинак тұсында металл және сүйек қапсырмалар жатты. Сонымен қатар қоладан жасалған қорамсақ ілгегі, қола оқшантай мен ине, алтынан дайындалған ілмекшелер табылды. Табылған алтын бұйымдар қатарында белдік ілмешегі, түтікше, сондай-ақ мысық тұқымдасына жататын аң бейнелі айылбастар бар, - дейді археологиялық экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Досбол Байқонақов.

Жалпы, қазылған қорғанды бұдан екі мың жылдай бұрын Жетісуды мекендеген юечжи немесе усунь (үйсін) мәдениеттерімен байланыстыруға болады. Енді археологтар зертханалық жұмыстарды ары қарай жүргізуді жоспарлап отыр. Барлық детальдар зерттелініп, материалдар талданатын болады. Кейбір олжалар «Остров Крым» ғылыми-реставрациялық лабораториясында қалпына келтіріледі деп күтілуде.