Тайқазан

Бөдене бизнесі: Дәстүрлі әнші жұмыртқаны ән айтып жүріп жинайды (ВИДЕО)

сурет автордікі

Кәсіпкер 20 мың бөдене өсіруді жоспарлап отыр.

Қазақ ұлттық өнер университеті «Дәстүрлі ән» кафедрасының аға оқытушы, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «Халық әні» бөлімінің көркемдік жетекшісі, кәсіпкер Тельман Тілегенұлы Turkystan.kz тілшісіне сұхбат берді.

Ол ауыл шаруашылығының бір тармағы құс шаруашылығына қалай келгенін, бөдене бизнесін бастау үшін қай жерде, не істегенін айтты.

– Дәстүрлі әннің өкілі бөдене бизнесіне қалай келді?

– Қосымша қаржы табу мәселесі ғой, үлкен қалада, мегаполисте тұрамыз. Ауызекі тілмен айтқанда, бір жалақыдан екінші жалақыға жұмыс істеп жатырмыз. Балалар өсіп келеді. Бір жағынан, қымбатшылық өзінің ережесі мен талабын орнатып қойды.

Бұдан біраз бұрын 3-4 жігіт ақылдасып, мейрамхана бизнесін бастадық. Ешқайсымыз бұрын мұндай іспен айналысып көрмегенбіз. Бизнес-жоспар жоқ. Аяқ астынан бір жерді жалға алдық та, жұмысты бастап кеттік. Алматыдан құрал-жабдық жеткізіп, Өзбекстаннан аспаз шақырдық. Қарызға белшеден баттық. Мейрамханаға тұрақты клиент жинай алмадық. Ақырында біз үлестен шығып, арамыздағы бір жігіт ортақ кәсібімізге ие болып қалды. Кейін ол да басқа салаға ауысты. Көзсіз, бассыз ұрынғандықтан, бизнеске жасаған алғашқы қадам осы жерден аспады.

Осыдан 6-7 жыл бұрын жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, музыка және тіл мектебін ашпақшы болдым. Яғни кәсіпкерлікке келуге екінші рет оқталдым. Астананың айналасындағы ауылдардың балаларына музыканы жергілікті жерде оқытқым келді. Мақсатқа жету үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында білім алдым. Бизнес-жоспар жазып, оны сәтті қорғадым. Мемлекеттік грант ұтып алуға ниеттеніп, Ақмола облысы бойынша байқауға қатыстым. Көкшетауға комиссияның алдына бардым. Олар барлығы дұрыс екенін айтты, бірақ құжатымды қабылдамады. Себебі тексеру кезінде автокөлік үшін төлемеген 1 500 теңге салық бар екені анықталды. Сол жерде төлей қояйын деп едім, олай болмайды екен. Астанадан «қарызы жоқ» деген анықтама әкелу керек болды. Содан не керек, салым суға кетіп, үйге оралдым.

Ерлан есімді жақсы араласатын інім бар. Ол біраз жылдардан бері бөдене баптаумен айналысады. Менің осы кәсіпке келуіме сол түрткі болды. Ерлан мені басынан бастап күні бүгінге дейін қолдап келеді. Осы үшін оған алғысым шексіз.

– Бөдене бизнесі қалай басталды?

– Бизнес Ерланның қорасынан басталды. Мен оған барып: «қораңда жұмыс істейін, барлығын көзбен көріп, қолмен ұстайын, үйренейін» дедім. Ағам екеуміз бөдененің қиын төгіп, жұмыртқасын жинауға дейінгі жұмыстың барлығын атқардық. Балапан қалай басылып, қалай бапталатынына куә болдық. Бұл іс қолымыздан келетінін түсінгенде ағам екеуміз банктен 2 млн қарыз алдық. Сөйттік те, балапанға ұя жасауға кірісіп кеттік. Ұяны қалай жасауды Ерланнан сұрап, ғаламтордан көріп, біліп алдық. Ұяға су тартуды да, ұядағы жұмыртқаның жинап алатын жерге домалап түсу механизмін де тез меңгердік. Бөдене бизнесі осылай басталды. Айтпақшы, 2 млн теңге жетпеді. Қосымша тағы 1 млн теңге алдық.

– Бөдененің балапандарын қайдан алып, қайда орналастырдыңыздар?

– Астанадан 50 шақырым жерде Қараменді батыр деген ауыл бар. Сол жерде ертеректе сатып алған, шаруашылыққа ыңғайлы жеріміз, үйіміз және қора бар. Бөдене бизнесін осы жерде бастадық. Қораға бөденелердің ұясын орналастырып, жарық, су тарттық.

Балапандарды сөз басында айтқан, жақын тартып жүрген інім Ерланнан сатып алдық. Ол бізге инкубатордан 2 мың балапан шығарып берді. Инкубатордан шыққанына бір-ақ күн болған балапандарды алып келіп, Алматыдан арнайы алдырылған ұя – брудерге орналастырдық. Брудер тоққа қосылады, балапандарға жылу, жарық беріп тұрады. Ішінде су ішетін жері болады. Бөденені өсірудің ең қиын кезеңі - алғашқы апта. 10 күн балапандарға сәбиге қарағандай қарау қажет. Осы уақытта олар өте әлсіз болады. Брудерде  37,7-38 температура болмаса, жаурайды. Тоңғанда бір жерге үйіліп, пирамида құрып алады. Бұл - қауіпті жағдай. Өйткені пирамиданың астындағы балапан тапталып, жаншылып қалады. Осыған жол бермеу үшін балапандарды жарты сағат, бір сағат сайын қарап, тоңдырмай, температурасын реттеп отыру керек.

Бір жақсысы, бөдене тез өседі, өмір сүруге бейім болады. Жұмыртқадан шыққаң соң, үсті кепкеннен кейін жан-жағын шұқылай бастайды.

– Бөденені қалай баптайсыздар?

– Инкубаторға 2 600 жұмыртқа салсаң, 16 күнде 90%-ы балапан болып шығады. Балапанға  арпа, бидай, сұлы бере салуға болмайды. Оны  құрамында витамині бар 4 түрлі жеммен өсіреміз. Біз халал стандартына сай өнім өндіреміз. Сондықтан бөденелерге құрамына ет-сүйек қоспасы қосылған өнім бермейміз. Аналық бөденеге жұмыртқа таптыратын жем, аталық бөденеге семіртетін жем береміз.

– Бір ұяда неше бөдене болады?

– 35 бөденеден топтаймыз. Әрқайсысы күн сайын бір жұмыртқа береді. Бөдене 16 күнде инкубатордан шығады. 35 күннен кейін жұмыртқа таба бастайды.

Бөдене бизнесін жақсы білетін азаматтардың айтуынша, 8 ай өткеннен кейін аналық бөденені де етке өткізген берген дұрыс. Себебі оның еті қашып, жұмыртқасының сапасы төмендейді. Ал аталық бөденелерді 50 күннен кейін сойып, етке өткіземіз. Жалпы, бөдененің жұмыртқасына да, етіне де сұраныс жоғары.

– Сіздер бөдененің қандай түрлерін өсіріп отырсыздар?

– Әзірше «Манжур», «Техас» деген 2 түрі бар. Соңғысы етті болады. Жұдырықтай болса да, біреуінің салмағы 450-460-480 граммға дейін жетеді. Қазір біз бөдененің 1 келі етін 4 мың теңгеден сатып жатырмыз. Ал дүкендерде, базарда, ірі сауда орталықтарында 5,5-6 мың теңгеден саудалануда.

– Бөдененің жұмыртқасы мен еті адам ағзасына қаншалықты пайдалы?

– Бөдененің жұмыртқасы мен етін жапондықтар күнделікті өмірде пайдаланады. Олар Хиросима мен Нагасакидегі радиацияның бетін қайтару үшін бөдененің еті мен жұмыртқасын жеген деген мәлімет бар. Жапонияда оқушылар бөдененің жұмыртқасын күнде жейді. Бұл олардың заңында жазылған. Семейде де бөдененің жұмыртқасына қатысты тәжірибе жүргізілгенін естігенім бар. Балаларды 2 топқа бөліп, бір топқа күнде бөдененің жұмыртқасын жегізген. Екінші топқа жұмыртқа берілмеген. 2-3 айдан кейін бөдененің жұмыртқасын жеген балалардың иммунитеті жақсарғаны анықталған.

Мамандар бөдененің жұмыртқасы бас және тыныс алу жолдары ауруларына, өкпенің қабынуына, асқазан-ішек ауруларына таптырмас ем дейді

.

– Қазір сіздерде неше бөдене бар?

– 3 мың бөдене бағып отырмыз. 2 400 жұмыртқа инкубаторда басылып жатыр. Бұйыртса, алдағы уақытта бөденелердің саны өседі. Бізде 20 мың бөдене бағатын мүмкіндік бар. Тұтынушының санын арттырған сайын, бөдененің санын көбейте береміз.

– Өнімді қайда өткізіп жатырсыздар?

– Алғашқы кезде әріптестерге, туыс-туғанға, құда-жекжатқа, таныс-тамырға, көрші-қолаңға бір қораптағы 20 жұмыртқаны 800 теңгеден саттық. Қазір көтерме сауда бағасымен Ерланға өткізіп жатырмыз. Жалпы, жұмыртқа өтпей қалады деген қорқыныш жоқ.

– Бөдене бизнесінде бәсекелестеріңіз бар ма?

 – Болады ғой, бар ғой. Астанаға Ташкенттен, Қырғызстаннан, Алматыдан бөдененің жұмыртқасы келіп жатыр. Олар біздің нарықты арзан бағамен жаулауға тырысуда.  

– Бір күнде қанша жұмыртқа өткізіп жүрсіз?

– Қазір бір күнде 1500 жұмыртқа жинап алып жүрміз. Бір ұядағы 35 бөдененің жұмыртқасы бір жерге жиналып тұрады. Бүлдірген терген сияқты жинап ала қоямыз. Біз күніне 20 мың жұмыртқа өткізетін деңгейге жетуіміз керек. Осы деңгейге жетсек, бөдене жұмыртқасының экспортын қолға аламыз. Түркияға, Дубайға, Қытайға шығаруға болады екен.

– Сұхбатыңызға рахмет. Бизнесіңіз берекелі болсын!

Сұхбаттасқан Қанат МАХАМБЕТ

PS: Айтпақшы дәстүрлі әнші бөдененің жұмыртқасын ыңылдап, ән айтып жүріп жинайды. «Екі оқпен бір қоян ату» деген осы болса керек.