Жаңалықтар

Менің кәсібім – наубайханашы

Ербосын наубайханасында тәулік сайын 2 тоннадан астам ұннан 20-ға жуық нан өнімдерін пісіруде

Жаркенттің наны, әсіресе тандыр пешке піскен тоқашын сырттан келген мейман еліне қайтарда тандыр нанын қоржынына толтыра алып кететінін байқап та жүрміз. Қазір тек Жаркент қаласының өзінде халыққа арнап нан пісіретін 20-дан аса наубайхана жұмыс істеп тұр.

Көкталдық Ербосын Жолтықов – Жаркент өңіріндегі өз өндірісін өрге жүздірген табысты кәсіпкерлердің бірі. Ол бүгінде неміс технологиясымен жұмыс жасайтын түрік пештері орнатылған наубайханасында тәулік сайын 2 тоннадан астам ұннан 20-ға жуық нан өнімдерін пісіреді. Жаркент қаласымен қатар көршілес Ұйғыр, Кербұлақ аудандарының тұрғындарын ас атасымен қамтамасыз етуде.

Соңғы жылдары «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығы» арқылы отандық өнімдерін қытай нарығына да шығарып жүр. «Жолтықов» жеке кәсіпорны өндірген сапалы нан өнімдеріне тұтынушылар сұранысы жыл өткен сайын артуда. Бұған кәсіпорында еңбек ететін 22 еңбеккердің өз жұмысына ерекше жауапкершілікпен қарап, өндірген өнімдерінің сапасын жоғарылататын технологияларды жетік меңгеруі негіз болуда.

 «Жолтықов» жеке кәсіпорнының наубайханасы 2007 жылдан бері халыққа нан өнімдерін пісіріп сата бастады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңында ауылдасы Аблиз Суфияновпен бірігіп, жеке кәсіпкерлікті қолға алған Ербосын сол кезеңнің сұранысына қарай алдымен өз ауылы Көкталда, көршілес Кербұлақ ауданының Шоқан ауылына диірмен салып, жергілікті халықты ұнмен қамтамасыз еткен. Уақыт өте келе еліміздің солтүстік аймағында астық өсіру үрдісі жоғарылап, базарда ұн көбейген тұста Ербосын енді өнімді өңдеп саудалаудың кезеңі туындағанын түсінген.

Көкталдағы дирменінің жанынан алдымен шағын наубайхана салып, алғашқыда жергілікті халық күнделікті тұтынатын кәдімгі бөлке, тоқаш нан пісіріп сатуды қолға алған. Жанына інісі Қазыбек пен қарындасы Әселді, жоғары білімді технолог мамандығын меңгерген қызы Мәдинаны алып, наубайхана өнімдерінің түрлерін көбейткен. Қазір «Жолтықов» наубайханасында пісірілетін әртүрлі нандармен қатар мерекелік дастарханға арналған тәтті тоқаштар, диеталық нан түрлері өте көп. Түймедақ, ширатылған батондар, қалыптық бидай наны, сайка, қарабидай, кебек нандарына сұраныс жоғары.

Кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама бойынша 40 миллион теңге несие алып, төрт түрік пеші мен қамыр илейтін, дайын өнімді салафан пакетпен орап тігетін қондырғылар сатып алған. Жан-жаққа дайын нан өнімдерін тасымалдап, дүкендерге тарататын арнайы автокөліктерінің санын көбейткен. Кәсіпорын жұмысы екі ауысыммен тәулік бойы нан өнімдерін дайындайды.

Кәсіпорын жетекшісі Ербосын Жолтықов кәсіпорын жанынан кондитерлік цех жасақтап, сапалы өнімдерін көршілес Құлжа, Үрімжі қалаларына дейін таратуды жоспарлауда. Болашақта жеміс-жидегі мол аймақта табиғи сусын шығару ісін қолға алмақ. Отандық өндірісті өрістетуге атсалысып жүрген Ербосын Жолтықовтың ісіне береке тілейміз.

Мырзағали Нұрсейіт