Мектеп директоры туыстарын қағаз жүзінде жұмысқа кіргізіп, жалақы алып отырған
Атыраудағы мектепте болған оқиға
Елімізде білім ордаларындағы жемқорлық пен заңбұзушылықтар тыйылар емес. Атырауда 3-4 ай бұрын ғана мектеп директоры туыстарын қағаз жүзінде жұмысқа алып, ай сайын жалақы аударып отырғанын, одан бөлек жалпы 12 мектепте жұмыс істемейтін 41 адамға 90 млн теңге жалақы аударылған, деп хабарлады turkystan.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
"Әдiлдiк жолының" облыстық филиалына Т. Амандосов орта мектебіне қатысты биылғы жылға үш арыз-шағым келіп түскен. Оларда көрсетілген фактілер бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын анықтау, ұжымның басқа да қаржылай қызметіне нақты орын алған фактілерді зерделеу мақсатында тиісті құқық қорғау және тексеру органдарына жолданған болатын.
"Тексерістер нәтижесінде бірқатар бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, төрт қызметкерге біліктілік талаптарына сәйкес келмесе де, жүктемелер беріліп, 19 236,3 мың теңге еңбекақы төленген, арнайы мамандығы бойынша дипломы болмаса да, жұмысқа қабылданған. Сонымен қатар мектеп тарапынан 2017-2023 жылдар аралығында 6 қызметкерге жұмыстарын атқармаған кезеңде 5 млн-ға жуық теңге негізсіз артық төленгені анықталды. Мұның бәрі мектептің негізгі функциясы – білім беру сапасының төмендеуіне кері әсер ететіні сөзсіз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері бүгінгі күні 4 млн теңге бюджетке қайтарылды", - дейді аталған бірлестік өкілдері.