Қоғам

Атырауда өртеніп жатқан үйден 81 жастағы әже құтқарылды

Фото: ТЖМ

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері дереу оқиға орнына жетіп, жалпы ауданы 15х12 болатын екі қабатты тұрғын үйдің жанғанын анықтады.

Атырауда өртеніп жатқан үйден 81 жастағы әже құтқарылды, деп хабарлады  turkystan.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін, 17 қарашада сағат 15:10 шамасында Атырау қаласы Байтақ шағын ауданында орналасқан 2 қабатты жеке тұрғын үйлердің бірінде түтін шыққаны туралы шақырту түскен.

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері дереу оқиға орнына жетіп, жалпы ауданы 15х12 болатын екі қабатты тұрғын үйдің жанғанын анықтады.

Өрт сөндіру кезекшілік қызметінің жедел кезекшісы азаматтық қорғау майоры Нұрлыбек Жұмабиденұлы Қатапов кезекшіліктен тыс уақытта өрт шыққан үйдің маңынан өтіп бара жатып, өртті байқап, дереу өрт шарпыған үйге кірген. Нәтижесінде өрт ошағында қалған 81 жастағы қарт әжені көтеріп, далаға қауіпсіз жерге шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған.

81 жастағы қария өрт салдарынан 3 дәрежелі күйік алғаны анықталды. Қазіргі уақытта жан сақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлердің бақылауында.

Атырау облысы ТЖД 20 қызметкері мен 4 бірлік техникасы оқиға орнында өртті сөндіруге жұмылдырылды. Өрт 15:34 сағатта оқшауланып, 16:29 сағатта толықтай жойылды. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.