Жаңалықтар

Ақмола облысында әйелдер қанаты құрылды

Әйелдер қанаты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесіп, отбасы құндылықтарын дәріптейді.

Әйелдердің мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру мақсатында  «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанынан  әйелдер қанаты құрылды.

Ақмолалық белсенді әйелдердің басын біріктірген жобаның ашылуында облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Берген Беспалинов әйелдер қауымының қоғамдағы рөлін, олардың әрбір саланы дамыту мен нығайтуға қосқан үлестерін айрықша атап өтті. Сонымен қатар аймақтық Саяси кенесі Бюросының шешімімен облыстық мәлихат депутаты Айнагүл Балашева әйелдер қанатының кеңесшісі болып тағайындалғанын хабарлады.

Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева әйелдер қанатының мақсат-міндеттеріне тоқталды. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығы, әйелдер күштері Альянсының өкілдері мен шағын және орта бизнестегі нәзік жандылар сөз сөйледі.

Мәселен, «Ана үйі» қоғамдық қорының Көкшетау қаласы бойынша  үйлестірушісі Құралай Жұмабекова қиын жағдайда қалған әйелдерге пана болған орталықтың атқарған жұмысымен таныстырды. Психологиялық және құқықтық көмек бере отырып, әйелдерді оқыту мен мамандық алуына жағдай жасап отырғанын айтты. 

Партия жанынан құрылған әйелдер қанаты отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесіп, отбасы құндылықтарын дәріптейді.

Кәсіпкер әйелдерге қолдау білдіріп, нәзік жандылардың ғылыммен айналысуына жағдай жасауда. Мәселен, соңғы 15 жылда дүниежүзі бойынша нәзік жандыларды ғылымға көбірек тарту бойынша көптеген істер атқарылып жатыр.

«Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, әлем бойынша ғалым әйелдердің үлесі басымырақ. Соңғы уақытта Қазақстанда ғалым әйелдердің қатары көбейіп келеді. Елімізді ол үшін барлық жағдай жасалған», – деді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры Айгүл Жақыпова.

Жалпы, бүгін өңірде облыстық мәслихат депутаттарының қатарында 5, аудандық, қалалық мәслихат депутаттарының қатарында 76 нәзік жандар бар. Бір әйел Жақсы ауданының әкімі, 40 әйел ауылдық және кенттік округтердің әкімі болып жұмыс істейді.

​Аймақтағы саясат, білім, денсаулық, мәдениет, кәсіпкерлік, үкіметтік емес ұйымдар және т.б салаларды табысты қызмет етіп келе жатқан әйелдер, көпбалалы аналар қауымымен өткен басқосу еркін пікір-алмасуға ұласып, түрлі ұсыныс-тілектер айтылды.