Жаңалықтар

Елімізде оқушылар ұлттық ойыннан челлендж өткізді

Бір уақытта екі миллионға жуық оқушы асық ату ойынына қатысты.

Бүгін еліміздегі жеті мыңнан астам білім беру ұйымында бір мезетте «Алтын сақа» ұлттық ойындардың республикалық челленджі өтті, деп хабарлады turkystan.kz.

 Бұл бастама барлық оқушылар мен мұғалімдерді біріктіруге, ұлттық рухты және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Елордалық оқушылардың сайысына Ғани Бейсембаев та қатысты.

Оқу-ағарту министрі ұлттық ойындарымызды жаңғырту, насихаттау және дамыту біздің мызғымас құндылықтарымызды – бірлік, келісім мен бейбітшілікті нығайтатынын, сондай-ақ білім ошақтарындағы рухани-адамгершілік мәдениетті арттыра түсенін атап өтті.

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – адал азамат» атты екінші отырысында айтқан маңызды мақсаттарының біріне қол жеткізу үшін министрлік жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар, патриотизм мен еңбекқорлық, этномәдени толеранттылық қағидаттарына негізделген «Бірыңғай ұлттық тәрбие бағдарламасы» аясында бірқатар шараларды жүзеге асыруда.

Бұл шаралардың барлығы еліміздегі білім беру ұйымдарын біріктіруге және білім алушылардың қазақтың тарихы мен мәдениетіне қызығушылығын арттыруға бағытталған.