T-Newspaper

Өмірді өзгертетін 7 дағды

сурет: Елорда әкімдігінің баспасөз қызметі

JOLTAP жобасының мақсаты – халықтың табысын арттыру үшін мүмкіндіктерді таңдауға көмектесу, әсіресе жұмыссыз жастарға мүмкіндік беру, табыс табу жолдарын көрсету.

Елорда әкімдігінің ұйымдастыруымен JOLTAP жобасы аясында «Freelance Мүмкіндік» қысқамерзімді оқыту бағдарламасының екінші легі өз оқуын бастады. Бағдарлама аясында азаматтар қазіргі кезде нарықта сұранысқа ие цифрлық мамандықтарды тегін үйренеді.

JOLTAP жобасы Мемлекет басшысының өнім­ді жұмыс орындарын құруға баса назар ау­дара отырып, белсенді әлеуметтік саясат­тың қажеттілігі туралы тапсырмаларын орын­дау мақсатында жүзеге асырылып отыр. Жо­ба құралдары тұтастай алғанда қазіргі әлеу­меттік реформаларға тиімді қосымша қыз­метін атқарады. 

Бұл бастама елорда әкімдігі мен бірқатар мүд­делі мемлекеттік органдардың қолдауы­мен іске асырылып отыр. Жобаның бірлескен опе­раторы – «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қо­ры. Барлық модульдік пункттерді «Халық» қоры ұсынады. 

JOLTAP жобасының мақсаты – халықтың табысын арттыру үшін мүмкіндіктерді таңдауға көмектесу, әсіресе жұмыссыз жастарға мүмкіндік беру, табыс табу жолдарын көрсету. Жобаның Freelan­ce Мүмкіндік оқыту жүйесі 1 айды қамтиды. Бағдарлама ұйымдастыру­шы­лары­ның айтуынша, білім алуға өтініш біл­дір­ген­дердің 60 пайыздан астамы – елорданың 35 жасқа дейінгі жұмыссыз тұрғындары. 

– Астана тұрғындарының дамуға әрі кәсі­би өсуге талпынысы жоғары. Азаматтар оқу­ға, дағдыларды үйренуге, бизнес ашуға қы­зығушылық танытып отыр.  JOLTAP жо­басы арқасында 10 мың Астана тұрғыны жұ­мыс­шы және цифрлық мамандықтары бойын­ша оқып, сертификатталған маман ата­нады. Жоба – мемлекет, бизнес және қо­ғам­ның бірлесіп құрастырған тиімді жүйесі. Біз жаңа серіктестіктер мен әріптестікке ашық­пыз, – дейді жоба жетекшісі Дана Жүнісова.  

Қысқамерзімді оқытуға жазылу «Баршаға мүм­кіндік» модульдік пункттерінде өтеді. Бұл пункт­терде елорда тұрғындары жұмыс және цифрлық дағдыларды игеру бойынша тегін кеңес алады, сондай-ақ мемлекеттік қолдау ша­ра­лары мен жұмысқа орналасу мүмкіндік­тері туралы ақпарат ала алады. Модульдік пункттердің кеңесшілері тұрғын үй бағдар­ла­малары, бизнесті қолдау, атаулы әлеуметтік кө­мек, оқыту және еңбекпен қамту мәселелері бойын­ша жан-жақты ақпарат береді. «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері арқылы азаматтар 52 мемлекеттік қолдау шарасы бойынша көмек алып жатыр. Оның ішінде бизнес ашу үшін грант пен микроқаржыландыру бағдарламаларына қатысуға 720 адам өтініш берген. 

– Жастар үшін цифрлық дағдыларды мең­геру табысты мансаптың ажырамас бө­лі­гіне айналды. Көптеген бағыт ішінде біз жаңа мүмкіндіктер әлеміне жол ашатын және ең­бек нарығында артықшылық беретін жеті цифрлық дағдыларды атап өттік, – дейді JOLTAP жобасының баспасөз қызметі. 

Жобаға кез келген адамның қатысуына бо­­лады, курс сабақтары тегін жүргізіледі. Бағ­дарлама 7 цифрлық дағдыны, атап айтсақ, таргетолог, SMM, видеограф, маркетплейс, мо­билограф, графикалық дизайнер және веб-дизайнерді (сайттарды әзірлеу) қамтиды. Оқу аяқталғаннан кейін қатысушылар сер­ти­фикат алады, ал олардың кандидатуралары JUMYS TAP Telegram-ботында жарияланады. Айта кету керек, JOLTAP жобасы аясында оқыту тегін. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін «Баршаға  мүмкіндік» модульдік пункттері қа­ла­ның әртүрлі жерінде орналасқан және күн сайын, демалыссыз жұмыс істейді. Бүгін­ге дейін жоба аясында 3 000-нан астам аза­мат­қа кеңес берілді.  Freelance Мүмкіндік қысқамерзімді оқы­ту бағдарламасы «Таргет» курсының қа­тысу­шы­сы Данагүл Алпысбайқызы – көпбалалы ана. Жоба туралы алғаш құрбысынан естіп, мем­лекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алуға барады. Сол жерде цифрлық дағ­ды­ларды игеру бойынша тегін білім туралы ше­шім қабылдайды. 

– Өзім 5 баланың анасымын. Бұрын мем­ле­кеттік мекемеде жұмыс істегенмін. Қазір 3 балам балабақшаға барады, оларды апарып, әке­летін адам жоқ. Сондықтан жұмыстан шы­ғуыма тура келді. Үйде қарап отырмайын деп ылғи жаңадан шыққан онлайн курстарды са­тып алып жүрдім. Ақылы түрде мо­билог­ра­фия, SMM курстарын оқыдым.  JOLTAP жо­басы аясында маған заман ағымына сай «Тар­гет» курсы қызығырақ көрінді. Жолда-сым – бокстан жаттықтырушы. Оның бокс мек­тебін жарнамалап, жазылушыларын кө­бейтуге пайдам тисін деп те ойладым. Әзірге жол­дасымның бокс мектебін қалай жақсы жар­намалау туралы ізденіп жүрмін. Дос­та­рымыздың да кәсібі бар, мүмкін оларға да пай­дам тиер. Курсты жақсы меңгеріп, тарге­то­лог болып жұмыс істегім келеді. Бұл қолым­нан келеді деп ойлаймын, – дейді қатысушы. 

Данагүлдің айтуынша, таргетолог маман­ды­ғы бойынша оқу басқа мамандықтарға қа­рағанда қиынға  түсіп отыр. Алайда бас­тапқы 3 сабақтың өзінен көп мәлімет алға­нына қуанышты. 

– Курстардың тегін оқытылуы – көп адам­ға үлкен мүмкіндік. Өйткені ақылы курс­тарға қа­тысуды  кез келгеннің қалтасы кө­тере бер­мей­ді. Сондықтан бұл өте жақсы бастама деп есеп­теймін. Әдетте, «Тегін курс­тарда білім жоқ» дегенді жиі естиміз, алайда  JOLTAP бағ­дар­ламасындағы берілген білім ақылы курс­тармен тең екенін байқадым. Осы орайлы сәт­ті пайдаланып, қала әкімдігіне, бағдар­ла­маны ұйымдастырушыларға рахмет айтқым ке­леді. Адамдардың әлеуметтік жағ­дайына қа­рамастан мемлекет тарапынан тегін оқи ала­тынына қуанамын. Курста алған білі­міме де көңілім толады, – Данагүл Алпыс­байқызы.

Қысқа мерзім ішінде заманауи маман­дық­тың иесі атанып, жұмысқа орналасуға мүм­кіндік беретін жоба ә дегеннен қала тұрғындарының сұранысына ие болып отыр. Жоба келесі жылы да жалғасын таппақ. Ұйым­дастырушылар бағдарлама аясында 2024 жылы 3 мыңдай адамды оқытуды жос­парлап отыр.  

Консультациялар күн сайын «Баршаға мүмкіндік»  модульдік пунктерінде мына мекенжайлар бойынша көрсетілген уақытта жүргізіледі:

Күнделікті сағат 10:00-19:00 аралығында: «Ailand» ОДО, Қорғалжын тас жолы, 2; «Magnum» супермаркеті, Еділ көшесі, 26; Күнделікті сағат 10:00-20:00 аралығында: «Жастар» сарайы Республика даңғылы, 34; «Тұлпар» СО Ш. Уәлиханов көшесі, 24; «Euromall» СҮ, Қосшығұлұлы көшесі, 23; «Встреча» СҮ Абылай хан даңғылы, 31; «Mechta» СҮ, Сығанақ көшесі, 3; «Азия парк» СОО Қабанбай батыр даңғылы, 21; Күнделікті сағат 10:00-18:00 аралығында: «Саянұр» базары Тілендиев даңғылы, 24/5; «Big Шанхай» базары, Алаш тас жолы, 32а.