Жүз жыл бұрын шыққан қазақ журналдары
Әрине, баспасөздің пайдасы − оның халықтығында, ең бастысы жұртқа керекті нәрселер жарияланып, жұрттың одан өзіне қажетті рухани азық алуында. Бұл жағынан алғанда, алғашқы қазақ оқырмандарына арналған басылым бұдан 153 жыл бұрын пайда болса да, ол мақсатты түрде елдің білімін көтеруге емес, Ресей империясының құрамындағы қазақтарды патша өкіметінің заңдарымен таныстыруға арналған еді.
Ұлтты ұлт ететін ана тілі болса, сол тілдің дамуына пайдасын тигізетін бірден-бір құрал − баспасөз. Баспасөзін ертерек қолы жеткен елдер ұлттық сананы ұйыстыруға, біртұтас мемлекет құруға өзгелерден бұрын жетіп білімін көтерді, ғылымын жасады.
Әрине, баспасөздің пайдасы − оның халықтығында, ең бастысы жұртқа керекті нәрселер жарияланып, жұрттың одан өзіне қажетті рухани азық алуында. Бұл жағынан алғанда, алғашқы қазақ оқырмандарына арналған басылым бұдан 153 жыл бұрын пайда болса да, ол мақсатты түрде елдің білімін көтеруге емес, Ресей империясының құрамындағы қазақтарды патша өкіметінің заңдарымен таныстыруға арналған еді. 1870-1882 жылдар аралығында Ташкентте шығып тұрған «Түркістан уәлаяты» газеті мен 1888-1902 жылдар аралығында Омбыдан шығып тұрған «Дала уәлаяты» газетін патша үкіметінің жергілікті басқару органдары шығарып тұрды. Бұл газеттердің кейбір сандарында қазақ еліне бірен-саран құнды материалдар жарияланды демесек, басылымдарда, негізінен, патша үкіметінің қаулылары, заңдары жергілікті ұлт тілдеріне аударылған, жарияланып тұрды. Солай болса да, бұл екі басылымды біздің тілімізде шыққан алғашқы баспасөз құралдары ретінде танимыз.
Одан кейінгі кезеңде жарық көрген газет-журналдардың ішінде 1907 жылы Санкт-Петербургта татардың «Улфат» (қазақша мағынасы – бірлесу, келісім) атты газетінің қосымшасы ретінде шыққан «Серке» газетінің өз орны бар. Татар ғалымы И.Рәмидің зерттеуіне қарағанда, жалпы бұл газеттің 87 саны ғана шығып, патша цензурасының күшімен 1907 жылғы 9 маусымда жабылып калған. 1911 жылы қазақ зиялыларының ұйымдастыруымен Тpoицк қaлacындa қaзaқтың тұңғыш ұлттық жypнaлы − «Айқап» (1911-1915 жылы Троицк қаласында, басында айына бір рет, кейіннен айына екі рет шығып тұрған. 1-2 мың данамен 88 нөмірі жарық көрген. Алғашқы редакторы − Мұхамеджан Сералин) шықса, одан соң «Қазақ» газеті (قازاق) (1913 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым. №1 нөмері 1913 жылы 2 ақпанда шыққан. 1915 жылға дейін аптасына бір рет, одан кейін екі рет шыққан) басылып шықты. Газеттің құрылтайшысы – «Азамат» серіктігі. Жалпы, 265 нөмірі жарық көрген. «Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырушы, редакторы – Ахмет Байтұрсынұлы, оның өкілетті өкілі М.Дулатұлы болды. 1918 жылы газетті Жанұзақ Жәнібекұлы басқарды. «Қазақ газетінде» А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, М.Шоқай, М.Тынышпайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Ғ.Қараш, Р.Мәрсеков, Ж.Тілеулин, Ғ.Мұсағалиев, М.Жұмабаев, Х.Болғанбаев, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, Ж.Сейдалин, С.Торайғыров, А.Мәметов, С.Дөнентайұлы, Х.Досмұхамедұлы, т.б. қазақ тарихында орны бар тұлғалардың түрлі тақырыптағы материалдары жарияланып тұрды. Бұлардың қай-қайсысы да қазақ халқына ағартушылық бағытта қызмет көрсетіп, өзінен кейінгі қазақтілді басылымдардың ізашары болып, ұлттық баспасөзіміздің төлбасылары болды. Белгілі ғалым Шepияздaн Eлeyкeнoв жалпы қазақ жерінде peвoлюцияғa дeйiнгі кезеңде, яғни XX ғacыpдың бac кезінде opыc тiлiндe 71 гaзeт, 44 жypнaл басылып шыққaнын жазған. Бұл − сол кездегі ұлт зиялыларының өз халқын өркениет көшіне ілестіру үшін зор еңбек сіңіргенінің айқын көрінісі. Бүгінде қазақ баспасөзі өсіп-өркендеген, өзге елдермен терезесі тең елдің қалпын танытатын рухани құралға айналды. Олардың арасында түрлі бағыттағы газет-журналдар бар, кейбірінің таралымы жүз мыңнан асып жығылады. Ал осыдан тура 100 жыл бұрын қазақ тілінде қандай журналдар жарық көрді, оларда қандай мәселелер көтерілді? Біз бұл орайда шыққанына бір ғасыр толып отырған үш қазақ журналы туралы айтқымыз келеді. Сол кездегі қазақ журналын шығарушылар өздері кіндігін кескен басылымдарға «Сана», «Жас қазақ», «Темірқазық» деген атауларды берген екен. Бұл атаулардың қай-қайсысы да символикалық мәнге ие.
«САНА» ЖУРНАЛЫ
«Сана» журналының 1923 жылдың қаңтар айында алғашқы нөмірі жарық көріп, 1924 жылдың қарашасында жабылды. 22 айда бар болғаны 3-ақ нөмірі жарық көрген «Сана» − Түркістан қазақ білім комиссиясының «екі айда бір шығып тұратын тәрбие, білім, әдеби мақалалар жинағы» ретінде Ташкент қаласында басылып шыққан. Журналдың Бас редакторы – сол кезде қазақ-қырғыз білім комиссиясының төрағасы болған Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз әрі ғалым Халел Досмұхамедов (24 сәуір, 1883 – 19 тамыз, 1939) еді. «Сананың» авторларына қойған талабында Х.Досмұхамедов былай деп жазған екен: «Жазушыларға ескертетін нәрсе мынау: әрі болса қара халық үшін, бері болса ауыл мектептеріндегі мұғалімдер түсінетін сөздер жазуға, жазған сөздердің қойыртпақ болмай, таза, татымды болсын. Сырты бар, іші жоқ, құр тізілген қаріптің керегі де жоқ. Әрбір жазылған сөздің журналымызға лайық мағынасы болсын. Кем мағынаға оза жайылып, кең сөйлеудің керегі жоқ». Бас редактордың бұл талабы күні бүгінге дейін баспасөзге қойылатын талаптың жоғары деңгейінде айтылған сөз. Сондай-ақ ол журналдың алғашқы нөмірінде басылымның бағыты мен мақсаты жайында: «Заманымыз мәдениет заманы, мәдениетке білім жеткізеді: Білім оңайлықпен қолға түспейді. Білім алуға көп еңбек, асқан сабырлылық керек. «Сананы» шығарғандағы мақсатымыз аз да болса, кемшіліктерімізді жойып, елге, мұғалімдерге, жасөспірім шәкірттерге түсінікті сөз беру. Бұл өте ауыр жұмыс. Дегенмен кіріспеске амал жоқ», – деп, «Сананың» елге берер пайдасы туралы ашып жазған. Қазіргі кездегідей түрлі салалық басылымдарды жеке-жеке шығаруға мүмкіндік жоқ кезде «Сана» журналын шығарушылар түрлі бағытты барынша кеңірек қамтуға тырысты. Оның журналда басылған материалды саралап көргенде білуге болады. «Санада» білім мен мәдениет салаларына қатысты, сондай-ақ түрлі ғылым салаларына қатысты танымдық бағыттағы материалдар жарияланған. Сонымен бірге журналда түрлі пәндердің оқу жоспарлары, бағдарламалары, қазақтың би-шешендерінің сөздері, сал-серілердің өміріне қатысты жазбалар, халық ауыз әдебиетінің үлгілері басылып тұрған. Оқу-ағарту, білім беру, мәдениет, ғылым секілді салаларды қамтыған сан салалы журналдың авторлары Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Әбубәкір Диваев, Мұхамеджан Тынышпаев, Қошке Кемеңгеров, Мағжан Жұмабаев қазақтың тұлғалы азаматтары еді. Мұның өзі журналдың деңгейі қандай болғанын көрсетсе керек. Сол тұстағы қазақтың оқыған тұлғаларының басын қосқан «Сана» журналының басты ұстанымы қазақ халқына қызмет ету болғандықтан, олар елді ғылым-білімге шақырды. Елді жаппай сауаттандыру, жүйелі түрде терең білім беру мен ғылымды дамыту – халқын өркениет көшіне ілестіретін жол екенін түсіндіргісі келді. Алайда бар нәрсеге өз идеологиялық талаптарын үстем ететін кеңестік билік журналда саясат бөлімі жоқ, сол кездегі көкейкесті Әлеуметтік, саяси мәселелерді жазбайды, жаңаны насихаттамайды, өткенді сөз ете беретін ескішіл деп айып тағып, «Сана» журналын 1924 жылдың қараша айында жауып тынады. Осылайша, қазақ зиялыларының үлкен тобының бірігіп елге қызмет етейік деген үлкен арманына зор зардабын тигізді.
«ЖАС ҚАЗАҚ» ЖУРНАЛЫ
Қазақ жастарының тұңғыш қоғамдық-саяси және әдеби журналы − «Жас қазақ» еліміздің тұңғыш астанасы − Орынбор шаһарында 1923 жылдың қазан айынан 1925 жылдың сәуіріне дейін шығып тұрды. «Жас қазаққа» Ерғали Алдоңғаров (1901 Қостанай облысы Шұбартеңіз ауылы − 1930, Қызылорда), Алма Оразбаева (28 желтоқсан 1898, Бөкей ордасы, − 1948, Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Луговой стансасы), Аманғали Сегізбаев (1897, Қостанай облысының бұрынғы Орджоникидзе ауданындағы Ақсу колхозы − 1944, Кенгисберг) секілді қайраткерлер редакторлық жасады. Журнал сол кездегі қоғамдық даму үдерісіне сәйкес ең алдымен қазақ жастарының сауатсыздығын жоюға, жастардың өнер-білім игеруіне, сондай-ақ халық шаруашылығын қалпына келтіруге үндеді. Сонымен бірге кеңестік идеологияның талабына сәйкес «тап жауларымен аяусыз күрес жүргізуге» де шақырды. «Жас қазақ» журналы өз беттерінде сол кездегі қазақ ақын, жазушыларының шығармаларын, көне әдеби мұраларды жариялап тұрды. «Жас қазақ» 1925 жылы Ташкентте шығып тұрған «Жас қайрат» журналымен қосылып, «Лениншіл жас» атты журналға айналдырылды. «Жас қазақ» өз кезінде қазақ жастарының үні болды. «Жас қазақ» атымен 1925 жылға дейін шығып, жалпы 13 саны жарық көрді. Басылымның толық түпнұсқасымен Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының «Сирек қолжазбалар» қорынан танысуға болады. «Жас қазақ» журналының алғашқы редакторы Ерғали Алдоңғаров бұдан бұрын 1922 жылы Түркістан жастарының «Жас Алаштан» кейінгі органы «Жас қайрат» газетіне редактор болған еді. 1925 жылы Түркістан құрамындағы Сырдария, Жетісу губерниялары Қазақ АССР-іне қосылуына байланысты бұрын «Еңбекші қазақ» газетінің жастарға арналған «Лениншіл жас» беті жеке газетке айналғандағы жастар басылымы «Лениншіл жастың» да алғашқы редакторы Ерғали Алдоңғаров болды. Сондай-ақ 1925 жылы «Пионер» журналы (қазіргі «Ақ желкен» журналы) ашылғанда оған да алғашқы редактор болған Е.Алдоңғаров еді.
«ТЕМІРҚАЗЫҚ» ЖУРНАЛЫ
Журнал 1923 жылы Мәскеуде Ұлттар комиссариаты жанынан шыққан. Бар-жоғы 3-ақ саны шығып жабылған «Темірқазықтың» редакторы − Нәзір Төреқұлов 1892, Қандөз, Сырдария уезі, Түркістан өлкесі (қазіргі Қандөз ауылы, Жаңақорған ауданы, Қызылорда облы-сы) – 3 қараша 1937, Мәскеу) еді. Сол тұста елге сыймаған Алаш зиялылары Мәскеудегі «Күншығыс баспасы» (ресми атауы КСРО халықтары кіндік баспасының қазақ-қырғыз бөлімі) маңына топтасқан-ды. «Темірқазық» журналының ашылуына да солар ықпал жасағаны белгілі. Журналда «Темірқазықтың» шығарушысы Нәзір Төреқұлов екені көрсетілсе, оның жазушылары (авторлары) ретінде Әбдолла Бөкейханұлы, Әбдрахман Байділдаұлы, Әміржан Ситықұлы, Ш.Наушаруанұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Санияр Аспандиярұлы, Ғаббас Тоғжанұлы, Ғази Мұрзаұлы, Ғапар Мырзәліұлы, Қыр баласы, Қошмұхамет Кеменгерұлы, Сымағұл Сәдуақасұлы, Сымағұл Қазбекұлы, т.б. кісілердің аты жазылған. «Темірқазықтың» алғашқы санында материалдар бес бөлімге бөлінген: І.Саясат бөлімі. ІІ.Оқу бөлімі. ІІІ.Әдебиет бөлімі. ІV. Жаңа кітаптар, журналдар. V. Басқармадан. Журналдың «Күншығыс баспасөзі басқармасынан» деген бас мақаласында былай деп жазылған: «Күншығыс елдерінде саясат кіндігі – жол көсемі, іс көсемі, ел тәрбиешісі болып тұратын әдебиетке негіз салатын, елге білім кілтін ашатын журналдың керегі көптен сезілетін. Ел жоғын білетін, ел тілегіне – ел мұңына құлақ салатын журнал, елге тура жол сілтейтін, терісін-қисығын тергейтін журнал – елдің шын қамқоры, шын досы болып көрінбек. Елдің осындай журналға осы кезде сусап отырғаны білінеді. Сондықтан: бірінші, жоғарыдағы қысқаша айтып өткен кейбір елдердегі кемшіліктерге баспасөз арқылы шара табамыз ба деп; екінші: білім, ақылға, үлгі өрнекке сусап отырған қалың бұқара елге, ел ішіндегі азаматтарға дұрыс жол, жөн сілтеп, жоғын-тілегін табамыз ба деген оймен Күншығыс баспасөзіндегі Күншығыс азаматтары болып татар-башқұрт тілінде, түрік тілінде, өзбек тілінде «Қызыл шырақ», журналдарын, қазақ тілінде қолдарыңыздағы «Темірқазық» журналын шығарып отырмыз. Бұл журналдар айына бір шығады. Күншығыс елінің тіршілігіне керек мәселелердің бәріне орын берерліктей журналымыз саясат, шаруашылық, білім-әдебиет жолын тұтып отыр. Журналдың жолынан да белгілі – журналымыздың көздеген мақсаттары зор, түскен жолы кең жол» деп жазылған. Журналдың алғашқы санында Төреқұлұлы Нәзір, Қыр баласы (Ә.Бөкейхановтың бүркеншік аты) тағы басқа авторлардың 15-тен аса материалдары жарық көрген. «Темірқазық» журналының 2-3 сандары, бүгінде Алматы қаласында Құжаттану және мұрағат ісі жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығы сирек кездесетін кітаптар мен материялдар қорында сақтаулы тұр. Журналдың №1 санын Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің PhD докторанты Алтын Ақынбекова – араб қарпінен кириллицаға ауыстырып, кітап қылып шығарып, ғылыми айналымға енгізді. («Темірқазық» журналының 1-саны, Көмекші оқу құралы, Алматы, «Қазақ университеті», 2018).
P.S.
Баспасөз – ұлт, мемлекет тарихының жанды шежіресі. Себебі уақыт өте келе хатқа түскен жазулар тарихқа айналып, белгілі бір кезеңде мемлекетте қандай уақиғалар болды, қандай тұлғалар еңбек етті, олардың еңбегінің қоғам дамуына, өнердің өркендеуіне қандай әсері болды деген сауалдарға нақты жауап беріп, өткенді көз алдыңа келтіреді. Сол заман мен өзің өмір сүріп отырған дәуірдің артық-кемін салыстыра қарап ой түюге, ақиқатты тануға мүмкіндік береді. Демек, біз әңгімелеп отырған «Сана», «Жас қазақ», «Темірқазық» журналдарын парақтау арқылы біз бұдан тура бір ғасыр бұрындағы ғылым мен білімнің деңгейін, баспасөз бен әдебиеттің мән-жайын, халықтың әл-ауқатының жағдайын біле аламыз. Сондықтан ұлттық баспасөздің қарлығаштарын әрқашан еске алып, оларды парақтап отыру – маңызды.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ