T-Newspaper

Дархан Ермаханұлы: Құндылықтарға негізделген білім ғана пайдалы болмақ

turkystan.kz

Ұлт болашағы жолында «мектеп, оқу­шы, ата-ана» атты алтын үштіктің ынтымақ­тас­тығының үлесі орасан.

Ел тәуелсіздігімен үзеңгілес келе жатқан отан­дық білім ошағының  бірі – «Білім-Ин­новация» лицейлері. Тарихы терең, бағыты ай­қын білім ордасының 30 жылы олжалы, та­ғылымға толы болды. Асыл мұратты серт ет­кен, татулық пен ізгіліктің жаршысы бол­ған «Білім-Инновация» лицейлеріне сұра­ныс­тың жоғары болуы да сондықтан болар. Осы орайда «Білім-Инновация» Халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Ер­ма­ханұлымен арнайы сұхбаттасқан бола­тын­быз. 

– Халықаралық деңгейде 4 558 ме­даль, республикалық деңгейде 5 142 ме­даль, жалпы саны 27 593 медаль жеңіп ал­ған, ал өңірлердегі оқу орны бірнеше рет Гиннестің рекордтар кітабына енген лицейдің негізгі миссиясы қандай? 

– 1993 жылы негізі қаланған «Білім-ин­но­вация» қорының құрамында бүгінде еліміз бойын­ша 32 лицей бар. Қазақстанға алғаш рет білім саласы бойынша халықаралық тә­жі­рибе біз арқылы келді. Ол жаратылыстану пән­дерін ағылшын тілінде оқыту жүйесі бо­ла­тын. Негізгі миссиямыз – оқушыларға са­па­лы білім, саналы тәрбие беру. Шәкірттеріміз ұлт­тық құндылықтарды бойына сіңіре оты­рып, заманауи білімді игереді. Лицейлері­міз­ден мақсаты мен бағыт-бағдары айқындалған, ұста­нымдары мен қағидаттары қалыптасқан, за­манауи білім мазмұны орныққан түлектер ұшып шығады. Бұл – білім берудің экожүйесі. Жал­пы, біздің лицейлерде үш тілде білім беру мо­делінің мазмұны толық қалыптасқан. Жа­ра­тылыстану бағытындағы бес пән бізде ағыл­шын тілінде жүреді. Ағылшын тілінде жа­ра­тылыстану бағытындағы пәндерді игер­ген бала ертең Қазақстанның ғана емес, әлем­нің үздік жоғарғы оқу орындарына түсу мүм­кіндігіне ие болады. Мысалы, биыл бір оқу­шымыз Стэнфорд Университетіне оқуға түсті. Біз шәкірттерімізді тек қана Қазақстан на­рығына емес, әлемдік халықаралық нарық­қа дайындаймыз. Facebook, Amazon, Google ком­панияларында жұмыс істейтін шәкірт­те­ріміз көп. 30 жыл ішінде «Білім-Инновация» ли­цейлерінен тәжірибе жинақтап, бүгінде иық тіресе отандық білім саласына үлес қо­сып жатқан әріптестерімізді көріп қуанамыз.  Басты миссиямыз – білім мен тәрбие са­ласында отандық және халықара­лық озық тәжірибелерге сүйене отырып, бә­се­кеге қабілетті және үйлесімді дамыған тұл­ғаны қалыптастыруға жағдай жасау ар­қы­лы еліміздің адами капиталының дамуына үлес қосу.

– Ақыл-ойдың заңғар биігі – білім. Осы орайда «Білім-инновация» лицей­ле­рі­нің білім берудегі заманауи иннова­ция­лық ерекшелігі неде?

– Басты ерекшеліктің бірі оқулықты өзі­міз­дің мұғалімдеріміз жазады. Алғаш ашыл­ған жылдары оқулықты шетелдік мұғалімдер жа­сады, ал 2000 жылдардан бастап өзіміз жа­за бастадық. Бір пәнді жақсы игерген ба­ла­ны мұғалімдікке бағыттап, өзіміз ж­е­тіл­ді­ріп, лицейлерімізде ұстаз болуға жетелейміз. Осы 30 жылдың ішінде өз орталығымызда  4 000-ға жуық ұстаздың білімін жетілдірдік. Олар­дың 75 пайызы – ер мұғалімдер. Өйткені бізде 32 лицейдің 22-сінде ұлдар оқиды. Білім беру­де негізінен 2 инновациялық әдістеме қол­данамыз. Оның бірі – CLIL. Бұл өзге ұлт­тар үшін ағылшын тілде пән оқыту әдістемесі. Бұл – қазір әлемде ең көп қолданып жатқан тәсіл. Оқулықтарымыз осы әдістеме негізінде жа­зылған. Екінші әдістеме – EMI, бұл сабақ 100 пайыз ағылшын тілінде өтеді деген сөз. Қа­зір 150-ден астам мектеп осы әдістемемен оқы­тып жатыр. Әр мектеп әртүрлі, мұға­лім­дерінің әлеуетіне қарай бір пәнді, кейде 5 пән­ді ағылшын тілінде оқытып отыр. Ми­нистр­ліктің тікелей тапсырмасымен жара­тылыстану пәндерінен сабақ беретін 25 мың мұғалімнің ағылшын тілін жетілдірдік.      Жалпы, ағылшын тіліне деген сұра­ныс жыл сайын артып келеді. Қазір ақ­параттық соғыстың кезеңі. Кім ақпаратты көп білсе, билік соның қолында. Тіл білсеңіз, ойыңыз­ды, пікіріңізді, көзқарасыңызды, білі­міңізді әлемге дәлелдей аласыз, түсіндіре ала­­сыз. Ал осының негізі орта мектепте қа­лып­­тасуы керек. Бұл бағытта біз Қор қа­ражатына оқулық жаздыртып, мұғалім­дер­дің бі­лімін жетілдіруді тұрақты түрде жүзеге асы­рып келеміз. 

– Финляндияда «Ең жақсы мектеп – үйге жақын мектеп» деген сөз бар. Яғни, олар мектепті рейтингіне қарай емес, жа­қындығына қарай таңдайды. Өйткені бә­рінің сапасы қарайлас. Біз мұндай дең­гейге қашан жетеміз? 

– Финляндия – білімсіз адамның бола­ша­ғы бұлыңғыр екенін саналы түрде түсінген ел. Финдіктер ХХ ғасырдың ортасында бі­лім­ге қатты көңіл бөле бастады. Өйткені оларда же­расты қазба байлығы жоқ. Елдің білім жүйе­сін дер кезінде реформалады, нәти­же­сінде экономикасы күрт өсті. Осылайша, бү­гін­де әлемнің ең озық өркениетті елдеріне қо­сылып отыр. Өзім Финляндияда болдым, білім жүйе­сімен жақсы таныспын. Бірін­ші­ден, олар мұғалім даярлау ісіне ерекше мән бе­реді. Магистр дәрежесі жоқ мұғалімді жұ­мыс­қа алмайды. Олардың мұғалімдері бізде­гі­дей «жұмыс таппағандықтан», «айлығы тұ­рақ­ты ғой, бола салайыншы» деп мұғалім бол­майды. Екіншіден, фин мұғалімдері зама­науи әдіс-тәсілдермен мықты қаруланған жә­не білім беруде соны пайдаланады. Үшін­ші­ден,  оқушылар тек бірауысымды мектепте оқи­ды. Оқушылар таңертең 9-да сабаққа кір­геннен 16:00-ге дейін еркін оқиды. Мектеп бағ­дарламасы, сабақтан тыс қосымша білім беру мәселелері де осы уақытта шешіледі. Ба­ла таңертең мектепке кіргеннен бастап назары тек білім алуда болады. Бізде де жеке мек­тептер бар бір ауысыммен оқитын. Бірақ он­дай мектептер халыққа бірдей қолжетімді емес. Алайда біз де осыған жетуге тырысуы­мыз керек. Өйткені бір ауысымды мектеп ба­ланың жетістікке жетуі үшін өте маңызды.  Президентіміздің бастамасымен биылдан бас­тап салына бастаған «Жайлы мектеп» ұлт­тық жобасы мектептердегі орын тапшы­лы­ғын болдырмауға, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен ше­шуге бағытталып отыр. Біздегі ендігі мә­селе мұғалімдерімізді дұрыс жетілдіру. Бұл ба­ғытта қазір университеттер мұғалім ма­мандығын таңдаған түлектерге шекті балды жо­ғарылатып отыр. Бұл дегеніміз алдағы 10 жыл шамасында өте сапалы мұғалімдер ең­бек нарығына шығады деген сөз.   Ахмет Байтұрсынұлының «Мұғалім қан­дай бол­са, мектеп һәм сондай болмақшы» деген сө­зі дәл айтылған. Егер мұғалім маз­мұн­ды жақ­сы игерген, әдіс-тәсілмен қару­лан­ған, өзі­нің мақсат-мұратын, бағыт-бағдарын нақ­­ты түсінген, сезінген болса, онда мәселе ше­­ші­леді деген сөз. 

– «Білім-Инновация» лицейлері са­па­лы біліммен қатар, саналы тәрбиені дұ­рыс жолға қойған білім ошақтарының бірі. Жасөспірімдер арасында вейп, есірт­кі, синтетикалық заттар, ішімдік пен құмар ойындарға қызығушылық көп тараған кезеңде балалардың тәрбие жұ­мысы қалай жүргізіліп отыр?  

– Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген бі­лім – адамзаттың қас жауы» деген. Білім мен тәрбиені қарлығаштың қос қанатындай қа­тар ұстап, оқушыларға құндылықтарға негіз­дел­ген білім беру – басты мақсатымыз. Ұрпақ тәр­биесі – ұлт мұраты. Ұлтқа, мемлекетке өл­шеусіз үлес қосатын ең мықты жол – білім жо­лы. Осы ретте біз мұғалімдердің тәрбиеге қа­тыс­ты ой-түсінігіне, қарым-қатынасына, көз­қарасына, түйсігіне қозғау салуды ойл­а­дық. Біліммен мықты қаруланған мұғалім­дер­ді даярлау жолында бастауыш, орта және жо­ғары сынып оқушыларына арнап оқу-әдіс­темелік құрал шығардық. «Білім-Инновация» ли­цейлері адамзатқа ортақ 18 құндылық (жауап­кершілік, отансүйгіштік, адалдық, т.б.) бойын­ша тәрбие жұмысын жүргізеді. Әрбір құн­дылық оқушыларға бір ай бойы наси­хат­та­лады. Директор, мұғалім, оқушылар, ата-ана мен қызметкерлерден құрылған команда осы құндылықтарды насихаттауға басымдық береді. Мысалы, құрмет құндылығын тәжіри­бе­лік тұрғыдан бір ай бойы қалай насихаттай­мыз деген сауалға команда мүшелерінің бәрі жауап беріп, ортақ шешім қабылданады. Бір ай бір құндылықты ұжым болып насихаттау өз жемісін бермей қоймайды. Бұл – өз тә­жіри­бемізде дәлелденген жүйе. Сондай-ақ бұл жерде бәрі келісіліп жасалады, қатып қалған ештеңе жоқ. Тіпті, құндылықтардың тақы­рып­тары да жергілікті жағдайға байланысты өзг­еруі мүмкін. Вертикальды жүйе жоқ, «Біз айттық, сендер жасаңдар» деп төбеден төніп тұр­ған ешкім жоқ. Қазір біздегі көп істің ше­шіл­мей жатқанына осы жүйе кері әсер етіп отыр. Тәрбие мәселесінде вертикальды жүйе «жүр­мейді».   Оқушының ақылын ұштай бергеннің пайдасынан зияны көбірек байқалуы мүмкін кейде. Шәкірт білімді, ақылды болға­нымен өзімшіл болса ше? Қазір әлемде соғыс бастап отырған мемлекет басшыларын ақы­мақ, білімсіз дей алмайсыз. Олар жоғары оқу орнын бітірген, тіпті бірнеше тіл меңгер­ген­дер. Қабілеттері де жоғары. Алайда олардың бойы­на мейірімділік, сүйіспеншілік қасиет­тері аз. Сондықтан олар адамзатқа қиянат ж­а­сап, қастандық істей алады. Міне, тәрбие­сіз, құндылықсыз берілген білімнің бір көрі­ні­сі осы.  Құндылықтарға негізделген білім алған ба­ла өзінің мақсатын, өмірдегі орнын, тіпті кем­шілігін де біледі. Және сол кемшілігін жөн­деуге саналы түрде талпынып, өзін жан-жақ­ты дамытады.    Әдетте, жат қылықтарға  қолы бос, ата-ана назарынан тыс қалған бала­лар әуес келеді. Баланы жақсы істерге қызық­тырып, шабыттандырып отыру керек. Мектеп екі мың, үш мың баланы бір жерге тығып қойып, білім беріп, сыныптан сыныпқа кө­ші­ріп оқытсақ болды деп отырса, бұл жара­май­ды. Мектеп жайлы болса, мұғалім бала­ның бейімін байқап, арқасынан қағып қол­да­са, үйде ата-анасы қанаттандырса, оқушы алға ұмтылады. Бала өзіне жасалған қамқор­лық­ты да, немқұрайлылықты да сезеді. 

– Бүгінгі ата-ана бала тәрбиесіндегі өз­дерінің орнын жете түсінбейтіндей кө­рінеді. Жауапкершілікті мектепке, мұ­ғалімге сілтеп отырады. Осы ретте бүгін­гі ата-ана баласымен қалай қарым-қатынас жасауы керек деген сұраққа жауап берсеңіз.

– Ұлт болашағы жолында «мектеп, оқу­шы, ата-ана» атты алтын үштіктің ынтымақ­тас­тығының үлесі орасан. Ата-ана, мектеп, мұға­лім үштігі – баланың білім алу, тәрбие ісін­дегі негізгі үштаған. Ата-ана баланың өмі­ріне белсенді араласуы керек. Баланың білі­мін бақылап, тәрбиесін қадағалап, тоқсан сайын мұғалімдермен сөйлесіп отырған ата-ана ұтылмайды. Осыған уақыт табу керек. Мектеп пен ата-ана арасында қарым-қатынас үзіл­меу керек, ол үшін білім ошағы да диа­логқа ашық болуы тиіс. Педагог пен ата-ана бір-бірін түсінбесе, бағыт-бағдарын, жоспар­ларын бөлісе алмаса, ол мектеп ұзаққа «бара алмайды». Осы ретте ата-аналар да өз бетінше ізденіп, дамып, кітап оқып, баласы­ның пси­хологиясын зерттеп, мінезін «тануы» керек. Өйт­кені бала ең бірінші ата-анаға қажет. Ба­ласын мектепке беріп қойып, жауап­кер­ші­лігі менде емес деп отыратын ата-ана­лар да бар. Олар кейін осы әрекеттері­нен опық жеп жатады.

– Мектептерге арналған PISA зерт­теуі­не Қазақстан мектептері тұрақты қа­тысады. Зерттеу нәтижелері біздің қо­ғамымызға, орта білім беруді жетіл­діру­ге қаншалықты әсер етеді?

– PISA зерттеуінің өте үлкен пайдасы бар.  Біз Қазақстанның білім беру жүйесінің қай дең­гейде тұрғанын көреміз. Былайынша айт­қанда, ол біздің диагностикамыз. «Біздің қай жеріміз «ауырып» жатыр? Қандай мәселелер бар? Мақсатқа жетудегі кедергілер қандай?» де­ген сұрақтарға жауап аламыз. Мұндай зерт­теулер  – стратегиялық дамуымызға қозғаушы күш. Сол себепті халықаралық сарапшылар­мен бірлесе жұмыс істеу маңызды. Бұл білім беру саласын алға жылжытады. Оңтүстік Ко­рея қалай дамыды? Олар Американың даму үлгісін өздеріне көшіріп алды. Оны өз­дері де мойындайды. «Біз ештеңе ойлап тап­қан жоқпыз, тек дайынды іске асырдық» дей­ді. Сондықтан халықаралық жарыстарға, конференцияларға қатысу, тәжірибе алмасу өзекті. Мұндай тәжірибелер Қазақстан үшін өте керек. Біз халықаралық тәжірибе сүйен­бе­сек, дами алмаймыз. Білім – бүкіл адам­зат­тың ортақ қазынасы. Ресейден де, Америкадан да, Еуропадан да, Қытайдан да үйренеріміз көп. Білім жаһандық, тәрбие ұлттық болған кез­де ұтамыз, дамудың жаңғыл жолына тү­семіз. 

– Директорлардың бір мектепті ұзақ жылдар басқаруы қаншалықты тиімді? 

– «Білім-Инновация» халықаралық қоры мұ­ғалімдерді 3-4 жылда бір рет басқа лицейге ауыстырып отырады. Мектеп директорларын да жиі ауыстырады. Өйткені білім беруде бір жер­де тұрып қалуға болмайды. Бұл – тоқ­тау­сыз процесс. Мектеп директоры 20 жыл бір жерде тапжылмай отырса, ол жерде білім беру тоқтады деген сөз. Мысалы, өзім «Білім-Ин­новация» лицейінің түлегімін, осыған дейін 5 мектепте директор болдым. Әр бар­ған мектебіме өз тәжірибемді апардым. Біле­сіз бе, үйрету мен үйренудің ең басты жауы – жалығу. Адам бір істі қайталай берген кезде жалығуы басым болып, керісінше аңғарымпаздығы жо­ғалады. Мәселен, Мона Лиза картинасы ка­бинетіңізде тұрса, бірінші күні қарап таң­ғаласыз, екінші күні тамсанасыз, үшінші кү­ні қуанасыз, ары қарайғы күндерде ол кә­дімгі картина болып қалады. Сол сияқты директор да бірінші жылы жаңа жерде өзін дәлелдеуге тырысады. Екінші жылы терлеп жұ­мыс істейді. Өйткені өзін мойындатып, қа­былдатуы керек. Үшінші жылы еткен ең­бегінің жемісін көре бастайды. Төртінші жы­лы директордың беделі өзіне «жұмыс іс­тейді». Бесінші жылы кабинетінен шықпайды. Алтыншы жылы тіпті  кабинетіне келмейтін бола­ды. Міне, мектептегі білімнің тоқырауы­ның бір ұшы осында жатыр.   Білімге үстірт қарау – үлкен дұшпандық. Білім процесінде ұстап көру, үйрену, се­зіну өте маңызды. Гарвард университетінде 4 жыл оқысаңыз, сізді магистратураға қабыл­да­майды. Магистратураны басқа жерде оқып келіңіз, докторантураға бізге кел дейді. Неге? Өйт­кені адам бір жерде тұра берсе, жалығу пай­да болады. Қазақ мұны «Тұра берсе, су са­си­ды» дейді. Сондықтан сапалы білім беру үздік­сіз білім берумен тығыз байланысты.  

– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан  Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ