Әр бала Ұлттық қордан үлес алады
16 қарашада Мемлекет басшысы Ұлттық қордан балаларға қаржы төлеу туралы заңға қол қойды.
Енді әр бала Ұлттық қордан үлес алады. 16 қарашада Мемлекет басшысы Ұлттық қордан балаларға қаржы төлеу туралы заңға қол қойды. Бұл бастаманы Президент халыққа Жолдауында өзі ұсынған еді.
Президент Жолдауында балалар кәмелет жасына толғанға дейін Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын арнайы жинақтаушы шоттарға аудару туралы бастама көтерген болатын. 18 қарашада Парламент заңды қабылдап, Президентке жіберді. Осылайша, 2024 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылатын болды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент осы заңға халқымыздың саны 20 миллионға жеткен күні қол қойғанын жақсы ырымға балады. – Бүгін Мемлекет басшысы өте маңызды заңға қол қойды. Бұл – Ұлттық қордан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері туралы құжат. Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алдындағы бағдарламасында көрсетілген негізгі бастаманың бірі – «Ұлттық қор – балаларға» атты жобаны жүзеге асырудың заңнамалық негізі қалыптасты. Президент осы заңға халқымыздың саны 20 миллионға жеткен күні қол қойды. Мұның символдық мәні бар деуге болады, – деп пікір білдірді Мемлекеттік кеңесші.
Қор құрылғанда көздеген мақсат
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, тоқсаныншы жылдарындағы өтпелі кезеңнен, экономикалық қиындықтардан әупірімдеп ес жиған шақта, 2000 жылы Ұлттық қор құру туралы шешім қабылданған еді. Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану қағидалары Бюджет кодексінде жазылған. Активтерін Ұлттық Банк басқарады, қызметін Ұлттық қорды басқару кеңесі үйлестіреді. Онда қорды толықтыру көздері туралы да ақпарат бар. Атап айтқанда, мұнай секторы ұйымдарынан түсетін тікелей салықтар, республикалық меншікті жекешелендіруден түсетін түсімдер және тағы да басқа қаражат осы қорға құйылады. Жалпы, ұлттық қордың активтері екі портфельге бөлінеді: жинақтаушы және тұрақтандырушы немесе реттеуші. Яғни, сәйкесінше, қордың екі қызметі бар. Сонымен қатар әр портфельдің функциясына байланысты әртүрлі құралдар бекітілген. Дегенмен бұған дейін, қазір де Ұлттық қордағы қаражаттан теңгенің айырбас бағамына және инфляцияға байланысты мәселелерді реттеу, дағдарысқа қарсы саясат жүргізу, қаржы секторын тұрақтандыру, жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, халықты жұмыспен қамтуды қолдау, инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру сияқты бастамаларға қыруар қаражат бөлініп келеді. Ал қор құрылғанда, әу баста, болашақ ұрпақ игілігіне арналатыны айтылған болатын. Енді, міне, ұрпақ қордың игілігін көрмек.
Қаражат қалай беріледі?
Жобаға сәйкес, Ұлттық қордың жылдық табысының 50 пайызы арнайы шотқа жіберіледі. Бұл шоттағы ақшаны балалар тек кәмелеттік жасқа толғанда ғана ала алады. Ал 2024 жылы 18 жасқа толатын балалардың шотына 1 ақпаннан кейін қаражат аударылады. Ақшаны алу үшін ата-аналарға шот ашудың қажеті жоқ. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков жобаға қатысуға 9 банк өтініш бергенін, олардың барлығы арқылы ақша алу мүмкіндігі болатынын айтқан еді. Ақшаны балалар шешіп алғанға дейін ол доллармен сақталып, Ұлттық қор шешімімен инвестицияланып, табыс әкеліп отыруға тиіс. Жоба аясында алған қаржыны оқу ақысын төлеуге немесе тұрғын үй алуға жұмсауға болады. Ата-аналар баласының шотына түсетін қаржыны БЖЗҚ немесе еGov арқылы тексеріп отыра алады.
Әр баланың үлесі қанша?
Алдын ала болжамға сүйенсек, 2024 жылы 18 жасқа толатын азаматтар бір жылда 160–170 АҚШ долларын алады. Ал биыл дүниеге келген балалар 18 жасқа толғанда, 3,5 мың АҚШ долларын алуы мүмкін. Мемлекет басшысы бастаманы ұсынғанда, «балалар қанша қаражат алады?» деген сұрақ қызу талқыланған еді. Президенттің сол кездегі баспасөз хатшысы Руслан Желдібай қаражат көлемін бірден айтқан болатын. – Президент бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасы іске қосылады. Оған сәйкес, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа толғанша балалардың арнаулы есепшотына аударылады. Ол қаржы балалар кәмелет жасына толған соң олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Үкімет пен Ұлттық банктің есебінше, әрі елімізде жыл сайын шамамен 400 мың сәби дүниеге келетінін ескерсек, 18 жасқа толғанша қазақстандық әр баланың есепшотында кемі 3 мың долларға тең қаражат жиналады, – деді Руслан Желдібай. Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Ұлттық қор құрылғалы бері 25,5 триллион теңгеден астам инвестициялық табыс тауыпты. Оның шамамен 77 пайызы немесе 19,8 триллион теңгесі валюта бағамының айырмасынан түскен, яғни долларға шаққанда теңгені девальвациялаудан түскен қаржы.
Қорыта айтқанда, бұған дейін қиындықтан құтқаратын, тығырықтан шығаратын жәрдемшіміз болып келген Ұлттық қордан балалар үлес алатыны – қуанышты бастама. Ел байлығының титтей бөлшегі балалардың болашағына бастар баспалдақтың алғашқы сатысын құруға сеп болса, бұл – қордың ең басты міндетінің есімізден шықпағаны болар еді.