Автокөлікті міндетті сақтандыру құны қымбаттайды
Жоба 2024 жылдан бастап жүзеге асырылады.
Жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап Қазақстанда автокөлікті міндетті сақтандыру бағасы әр өңірде тіркелген жол-көлік оқиғасының санына қарай белгіленеді, деп хабарлады Turkystan.kz.
Бұл - сақтандыру жарнасы кей өңірде қымбаттап, кей өңірде арзандайды деген сөз.
Сақтандыру құны көлік құралы тіркелген өңірдегі көлік апатының санына байланысты есептеледі. Жол-көлік оқиғасы жиі тіркелмейтін өңірде сақтандыру компаниясының тарифі төмен және сақтандыру төлемінің көлемі арзан болады.
Қазір сақтандыру сыйақысының мөлшері автожүргізушінің жасы мен көлік жүргізу өтіліне, автокөлік тіркелген өңір мен жүргізушінің неше рет жол-көлік оқиғасына қатысы болғанымен есептеледі. Жаңа тәртіп бойынша өңірдегі көлік апатының санына қарай әр өңірдің өз бағасы бекітіледі.
Болашақта 11 өңірде автокөлікті сақтандыру құны төмендейді. Алматы қаласында - 18%-ға, Атырау облысында 29%-ға арзандайды. Ал 7 өңірде сақтандыру құны қымбаттайды. Сақтандыру құны Астана қаласында - 5%-ға, Шымкент қаласында 9%-ға артады.