Қоғам

Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғындары ерекше үлгідегі куәлік пен 2 млн теңгенің тұрғын үй сертификатын алады

13 қарашада 20 миллиондық көрсеткішке жету үшін 277 адам қалғаны анықталды.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарымызды 20 миллионыншы тұрғынның дүниеге келуімен құттықтап, бақытты отбасы – ұлт игілігінің, елдің тұрақты ілгерілеуінің негізі екенін мәлімдеді.

Қалың көпшілік жағымды жаңалықты қуанышпен қабылдады. Әлеуметтік желіде сүйінші сұраған жазбалар жарияланды. БАҚ өкілдері 20 миллионыншы тұрғындар жайлы жарыса жазды. Атқамінерлер 20 миллионыншы тұрғындарды құттықтап, құрмет көрсетті.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан халық санының өсуі жағынан ең оптимистік болжамның өзінен асып түскенін жариялап, мұндай көрсеткішке, ең жақсы нәтиже көрсеткеннің өзінде 2024 жылы жетуге тиіс болғанымызды баяндады.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасө мәслихатында 2023 жылғы 14 қарашада Қазақстан халқының саны 20 миллионға жеткені жарияланды.

Оның айтуынша, 20 миллионыншы азаматтың туған күні барлық қолда бар демографиялық оқиғаларды, елімізде туғандар мен елімізге келгендердің санын және қайтыс болғандар мен кеткендердің санын ескере отырып айқындалды.

М. Тұрлыбаевтың түсіндіруінше, бұған дейін деректер қолмен өңделіп, қосымша уақытты қажет ететін. Ақпараттық жүйелердің интеграциясы процесті жеделдетуге және мерейлі көрсеткішті аз уақыт ішінде анықтауға мүмкіндік берді.

М. Тұрлыбаев тәуелсіздік алған жылы Қазақстан халқының саны 16,4 миллион адамды құрағанын, содан халық саны 22-ден астам пайызға өскенін жариялады.

Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары облыстар бөлінісіндегі халықтың қазіргі саны бойынша тұрғындардың ең көп саны Түркістан облысында – 2,1 млн, Алматы облысында – 1,5 млн, Жамбыл облысында – 1,2 млн адам құрап отырғанын атап өтті.

Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы экономиканың жағдайына байланысты жыл сайын жаңартылып отыратынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, мемлекет тарапынан бөлінетін 7 түрлі жәрдемақы бар.  Оған мемлекеттік бюджеттен биыл 1,3 трлн теңге бөлінді. 2022 жылы – 900 млрд теңгеден астам, 2021 жылы 600 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылды.

Вице-министр бала күтімі бойынша, көпбалалы отбасыларға, қиын жағдайға тап болған отбасылардың балаларына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жариялады. Ол соңғы санаттың параметрлері Әлеуметтік кодекстің қабылдануына байланысты өзгергеніне назар аударды.

Айтпақшы еліміздің 20 миллионыншы тұрғындарына 2 млн теңгенің тұрғын үй сертификаттары берілетін болды. Бұл туралы «Отбасы Банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты.

Л. Ибрагимова «Ұлттық қор балаларға» жобасы аясында балалардың жинақталатын қаражатын пайдалануға болатын мақсаттардың бірі – баспана алу екенін айтты.

Л. Ибрагимованың айтуынша, қазіргі уақытта «Отбасы банкінде» балаларға арналған 299 579 депозит бар. Оның ішінде, 5 жасқа дейінгі балаларға 50 140 мыңнан астам жинақ шоттары ашылған. Ал 1 жасқа дейінгі ең кішкентай клиенттердің атында 12 мың 721 депозит бар. 

Баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев жаңа туған 20 миллионыншы қазақстандықтарға ерекше үлгідегі туу туралы куәлік берілетінін мәлімдеді.

Спикер балаларға медициналық көмек кепілдендірілген көлем мен МӘМС аясында тегін көрсетілетінін еске салды.

Оның дерегінше, жыл сайын балаларға амбулаториялық жағдайда 100 млн-нан астам консультациялық-диагностикалық қабылдау жүргізіледі, 500 мыңнан астам балаға тәулік бойғы стационарларда көмек көрсетіліп, 100 мыңнан астам операция жасалады. Осы жұмысты 2640 педиатр, 773 неонатолог атқарады.

Б. Есенбаев елімізде шала туылған нәрестелердің ретинопатиясына скрининг перзентхана деңгейінде жүргізілетінін жариялады.

Вице-министр 2008 жылдан бері елімізде дене салмағы 500 грамман басталатын нәрестелердің күтімі жүзеге асырыла бастағанын айтты.