Жаңалықтар

БҰҰ Қазақстан халқының саны 2030 жылы 20,301 млн адамға жетеді деп болжаған

ашық дереккөз

Мемлекеттік кеңесшісі Қазақстан халық санының өсуі жағынан ең оптимистік болжамның өзінен асып түскенін мәлімдеді.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин телеграмдағы арнасына Қазақстан халқы санының өсуі туралы жазды, деп хабарлайды Turkystan.kz.

«Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының саны 20 млн адамға жеткенін мәлім етті. Халықаралық және отандық сарапшылардың жақын арадағы болжамы бойынша, мұндай көрсеткішке, ең жақсы нәтиже көрсеткеннің өзінде 2024 жылы жетуіміз керек еді», – деп жазды Е. Қарин.

Мемлекеттік кеңесші БҰҰ-ның 2017 жылғы құжатында Қазақстан халқының саны 2030 жылы 20,301 млн адамға жетеді деп болжанғанына назар аударды.

«Кейінірек, яғни 2019 жылы БҰҰ 2030 жылы халық саны 20,639 адам болуы мүмкін деп көрсетті», – деп нақтылады Е. Қарин.

Мемлекеттік кеңесші ең кейінгі жорамалдардың өзінде тұрғындар санының өсуіне қатысты болжам басқа болғанын баяндады.

«Мәселен 2022 жылы Еңбек ресурстарын дамыту орталығы ең жақсы нәтиже көрсеткеннің өзінде Қазақстан халқының саны 2024 жылы 20,312 адамға немесе нашар көрсеткіш болса 2025 жылы 20,083 млн адамға жетеді деп болжаған. Дегенмен туу деңгейі өсіп, өмір сүру ұзақтығы артып, өлім саны азайғанның арқасында Қазақстан халық санының өсуі жағынан ең оптимистік болжамның өзінен асып түсті», – деп түсіндірді Е. Қарин.