Қоғам

2027 жылы Қазақстан халқының саны қанша болуы мүмкін?

ашық дереккөз

Пандемия кезінде жылына 460-470 мың бала дүниеге келді.

Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Мақсат Тұрлыбаев 2027 жылы Қазақстан халқының саны қанша болуы мүмкін екенін жариялады, деп хабарлайды Turkystan.kz.

«Біз ұзақ мерзімге арналған болжам жасамаймыз. Қысқа мерзімді болжамды алар болсақ, 2027 жылы халық саны 21 миллион болуы мүмкін. Біз 2050 жылға қарай халық саны қаншаға жететінін есептеп көреміз», – деді М. Тұрлыбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов демографиялық болжам жасау барысында түрлі тәсіл қолданылатынын мәлімдеді.

«Әртүрлі әдістемелер қолданылады. Көші-қон, туу процесі бар. Мысалы 2021 жылы Қазақстанда бала туу саны күрт көбейеді деп ешкім ойлаған жоқ. Бұған «COVID-19» пандемиясы тікелей әсер етті. Осыдан 10 жыл бұрын жылына 250-260 мың бала дүниеге келсе, кейінгі жылдары 300 мыңға жетті. Ал пандемия кезінде 460-470 мың бала дүниеге келе бастады. Осындай сыртқы жайттардың болжамға тікелей әсері бар», – деді Е.Оспанов.

Вице-министр демографиялық өсімге халықтың әл-ауқаты тікелей әсер ететінін айтты.

«Отбасының әлеуметтік жағдайы жақсарған сайын дүниеге келетін балалардың саны артады. Сондай-ақ балабақшамен қамту мәселесі, әлеуметтік төлемдер де туу көрсеткішіне әсер етеді», – деді ол.