Спорт

Сабырхан, Бибосынов және Тәшкенбай: әлем чемпиондарының Спартакиададағы қарсыластары анықталды

Фото: zhaikpress.kz

51 келіде өнер көрсететін Сәкен Бибосынов (2021 жылғы әлем чемпионы) 1/4 финалда Павлодар облысының 20 жастағы боксшысы Ғаббас Дүйсекеновпен кездеседі.

Астанада бокстан VI спартакиада өтіп жатыр, деп хабарлады turkystan.kz.

Аталған жарыста 51 келіде өнер көрсететін Сәкен Бибосынов (2021 жылғы әлем чемпионы) 1/4 финалда Павлодар облысының 20 жастағы боксшысы Ғаббас Дүйсекеновпен кездеседі. 

Ал әлем чемпионы (2023 жыл) Санжар Тәшкенбай 54 келі салмақта былтырғы Қазақстан чемпионатының финалисі Бекзат Алдамжаровпен жекпе-жекке шығады.

Әлем біріншілігінің тағы бір жеңімпазы (2023 жыл) Махмұт Сабырхан (57 кг) алғашқы кездесуін былтырғы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері (60 келідегі) Дулат Тұрлыбекұлымен өткізеді. 

Екінші жарыс күнінде күтпеген нәтиже ретінде 60 келі салмақта Қазақстан чемпионы Әділет Құрметов Шоқыр Бөлтекұлы турнирінің жеңімпазы, 19 жастағы Алмат Әбдуалиге есе жіберуін айтуға болады. Ал 71 келі салмақта 2021 жылғы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Қуан Қуатов 2 жыл қатарынан ел біріншілігінің қола жүлдегері Фарух Тоқтасыновқа жол берді. Жалпы фавориттердің қатарынан саналған Ерболат Сабыр (57 келі), Асылжан Серікбай (57 келі), Талғат Сырымбетов (60 келі), Дархан Дүйсенбай, Талғат Шайкен келесі кезеңге сүрінбей өтті. Ертең 63,5, 67, 80, 92,+92 келі салмақтағы Санатәлі Төлтаев, Серік Теміржанов, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Дулат Бекбауов, Бекзад, Нұрдаулетов, Тұрсынбай Құлахмет сынды танымал жерлестеріміз өнер көрсетеді.