Тайқазан

Банка жабуды брендке айналдырғым келеді – Қатира Көшерқызы

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қатира Көшерқызы күніне 200-250 банка жабады екен.

Түркістан облысы Түлкібас ауданына қарасты Жаскешу ауылының тұрғыны Қатира Көшерқызы ел-жұртқа еңбекқорлығымен танылған. Бес жыл бұрын банка жабу бизнесін бастаған оның үйінен бүгінде адам үзілмейді. Ауыл арасын айтпағанда, үйіне еліміздің әр өңірінен арнайы келіп, жылға жетерлік азығын бір-ақ алып кететіндердің қарасы көп. Қыстың қамын жаз ойлағандар күні бұрын тапсырыс беріп қояды екен. Қатира Көшерқызы  ел қызыққан кәсіпті қалай бастағанын Тurkystan.kz тілшісіне айтып берді.

КҮНІНЕ 200-250 БАНКА ЖАБАДЫ

Қатира Көшерқызының негізгі мамандығы – медбике. Медицина саласында жиырма жылдай еңбек еткен. Алайда мекеме жекеменшікке берілген соң, жұмыссыз қалыпты. Алайда ол бұған налып, «Ары қарай екі қолға бір күрек таба алмай қаламын» деп уайым кешпеген. Өзі бұрыннан істеп жүрген банка жабу ісін кәсіпке айналдырып, табыс табуға болатынын сезгенін айтады.

«Бұл – әрбір әйелдің үйде істейтін тірлігі. Мен тек осы жұмысты көбірек істеп, кәсіпке айналдырып отырмын. Медбике болып жұмыс істеп жүргенде арасында бос уақыт пайда болғанда аздап банка жауып жүрдім. Бұл қосымша табыс көзі болатын. Жұмыссыз қалғаннан кейін түбегейлі осы іспен айналысуды жөн санадым. Бүгінде мұны кәсіпке айналдырғаныма бес жыл болды. Алдымен туысқандардан бастадым. Олардың таныстары естіп, олардан басқалар естіп, ақырында бір-бірінен естіген көпшілік тапсырыс бере бастады. Кейін тіпті, жан-жақтан келетін болды. Осылайша, тапсырыс берушілер саны көбейді», – дейді ол.

Қатира Көшерқызы жұмысқа ерте көктемде кірісетінін айтады. Алдымен тосап, компот қайнатады. Ары қарай салаттың түр-түрін жауып, өзі арнайы жадбықтаған жер үйге қаз-қатар тізіп, толтырады. Әрине, мұның бәріне бір өзі үлгере алмасы анық. Жазғы маусымда, жұмыстың нағыз қызған шағында қасына көмекші алады. Мұндай жұмыс қызған сәтте ол түн жарымына дейін еңбек ететінін айтады.  Осылайша, ол күніне 200-250 банка жабады екен.

«ҚАСЫМДА СЕГІЗ КӨМЕКШІ БОЛСА ДА, ҚАЗАН БАСЫНДА ӨЗІМ ТҰРАМЫН»

«Ерте көктемде бастап, сосын шілденің кезінде сәл демаламын. Одан кейін қияр жабамыз. Салаттар бар. Бұл – әрбір үйге керек дүние. Әрине, көмекшілерім бар. Жазғы маусым кезінде сегіз адамға дейін аламын. Сағатына төлеймін. Қазір күніге жауып жатырмыз. Егістіктің бәрі бітті ғой. Қарамағымда қыз-келіншектер, үлкен апалар да болады. Зейнеттегі кісілер де көмектеседі. Қасымда сегіз көмекші болса да, қазан басында өзім тұрамын. Нені дайындау керегін айтып отырамын. Өзім құямын. Жабатын адам бар. Ол – жетпіске келген кісі. Кеше сол кісіні cыйлық беріп, зейнетке шығардым. Алғысын айтып, ризашылығын білдіріп жатыр. Клиенттермен өзім сөйлесемін. Бос банка өткізетіндер де бар. Жазда есіктің алды босамайды. Жан-жақтан келеді», – дейді ол.

Кейіпкеріміз банка жабуға қажет көкөністің бәрін жолдасы егетінін айтады. Оның да қоластында бірнеше жұмысшы бар. Бәрі жаздай бел жазбай еңбек етіп, сосын оны бірлесіп жинап алады.

«Жолдасым керек дүниенің бәрін егеді. Сарымсақ қана сатып аламыз. Оған үлгермейміз. Егістікті жинап жатқан кезде, күзде егілетін дүние ғой. Қалғанының бәрін егеміз. Еккен дүниемізді Сайрам ауданындағы жеке кәсіпкерлер, шағын зауыт басшылары азғантай қаржыға сатып алады. Сосын бір күні жолдасыма «Неге сонша бейнетімізді тиынға береміз? Мен банка жауып көрейін» дедім. «Көрейік» деді. Балаларыма да айттым, олар қалада, жұмысы бар. Екі бала, бір қызым бар, бәрі отбасылы. Өзім үшінші топтағы мүгедекпін. Алайда сүйсініп істеген ісің қанша қиын болса да, өзіңе қуаныш сыйлайды, бойыңа күш-қуат береді», – дейді ол.

Қатира Көшерқызы адамдардың ризашылығын бәрінен биік қояды. Бағасына да, сапасына риза болғанын қалайды. Қолжетімді болғанын құп көреді. Барлығын табиғи өнімнен жасауға тырысады. Содан да болар, ешқандай жарнама жасамаса да, келушілер саны күн санап арта түскен.

«Қазір көп адам жұмысбасты, егін екпейді. Біреуі баламен отыр. Біреулер «жағдайым келмейді» дейді. «Сатып алсам да, осы баға шығады екен» деп айтады. Жауып біткен соң әлеуметтік желіге жүктеп саламын. Содан көріп келеді. Бәрін алып кетті. Үш бөлмемді тағы толтырып қойдым. 2-3 мың банка бар шығар. Негізі санамайды екенмін. Сұрағанда «жоқ» деп айтқым келмейді. Таусылып қалса, көңілін қимай, қайтадан жауып бергім келеді. Әркім әртүрлі мөлшерде алады. Орташа айтқанда, 30-40 мыңға бір отбасы қысқа жететін банкасын алып кетеді. 300 мың теңгеге дейін алатындар бар. «Осымен қыстан шығамыз» деп, барлық түрінен алады. Кейбірі 50-60, енді бірі 100 банкадан алып кетеді. Былтыр екі адам бірлесіп Астанаға бір газельге тиеп, алып кеткен болатын. Содан соң «Екі аптада сатып жібердік» деп келді», – дейді кейіпкеріміз.

«АПА» ДЕП АТАЛАТЫН САЛАТЫНА СҰРАНЫС КӨП

Қатира Көшерқызы салат түрлерін жаңа рецептімен әзірлейді. Оған арнайы атау береді екен. Мысалы, оның «Апа» деп аталатын салатына сұраныс көп.

«Рецептісін бір апа айтып еді, сол бойынша әзірлегенмін. «Бір жерден жеген едім» деп сұрап келетіндер көп. Тіпті басқа қаладан келеді. «Апаларым» бар ма?» деп айтады. Көп сұрайды. Кейбір сатып алушылар Астана, Шымкент, Ақтөбе, Алматыдан салып жіберіңізші деп, арнайы такси жібереді. Өйткені менде бос уақыт жоқ. Негізі, басты мақсатым ақша табу емес. Одан гөрі адамдар алғысын білдірсе, өнімдерімнің бағасына риза болса деймін. Жұмысымды шынайы көңілмен істеп, бәрін жаңа піскен көкөністерден әзірлеуге тырысамын. Адамдар ризашылығын білдіріп, қуанып жатса, шабыттанамын. Шаршағанымды ұмытып кетемін», – дейді кейіпкеріміз.

Қатира Көшерқызы өнімін дүкен иелері де көп сұрайтынын айтады. Алайда өткізейін десе, оның біраз жұмысы бар. Еңбек адамының ендігі арманы – өз брендін қалыптастыру.

«Дүкені бар кісілер көп сұрайды, бірақ менде заттаңба жоқ. Өзімнің «Қатира өнімдері» деген жеке брендімді жасағым келеді. Оның бәрі айналып келгенде қаржыға келіп тіреледі. Типографиямен сөйлесу керек. Оның үстіне бәріне бірдей жазып қоя алмаймын, өйткені әр банканың құрамы әртүрлі. Бұған дейін 1 млн 385 мың теңгенің грантын ұтып алғанмын. Соған керек құрал-жабдықтар алдым. Көкөніс турайтын дүниелер арзан тұрмайды. Тоңазытқыш бар. Біразын сатып алдым. Қазір ескі «времянкада» үш бөлмелі қойма бар. Енді оны үлкейтіп, дүкенімді, шағын бизнесімді ашқым келеді. Бізге, мына егіншілерге бөлініп жатқан субсидия қолымызға жете бермейді. Негізінен жұмыс істеймін деп, талпынып отырған адам көп. Соларды демеп жіберсе деген ұсынысым бар», – дейді Қатира Көшерқызы.