Жаңалықтар

Арыста 5 жастағы қызды зорлаған педофилге қатысты үкім шықты

Қыз баланың туыстары сот үкіміне қарсылық білдірмеді.

Түркістан облыстық соты педофилге үкім шығарды, деп хабарлады turkystan.kz.

Azattyq Ruhy сайтының мәліметінше, биыл мамыр айында 5 жасар қызға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасаған 22 жастағы жігітке сот үкім шығарды. Ол кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Еске салайық, жаға ұстатарлық оқиға жарты жыл бұрын Арыс ауылында болған. Куәгерлердің айтуынша, зорлықшыл көрші қылмысты күндіз жасаған. Ол кішкентай қыздың әкесі аулада көлігін жөндеп, қызын үйіне жіберген. Алайда үйдің кіреберісінде оны педофил ұстап алған. Бала әрең дегенде ер адамның қолынан сытылып сыртқа шығып, болған жағдайды әкесіне айтып берген. Жергілікті тұрғындар полицияны күтпей, педофилді соққыға жығады. Олар оны тәртіп сақшылары келгенше ұстап тұрған.

Сотталушы кінәсін мойындап, сол күні ішіне жын кіріп кеткенін айтқан. Оның бойын билеген «жынның күші» судьяның шешіміне әсер ете алған жоқ. Педофил енді бостандыққа 42 жасында бір-ақ шықпақ. Қыз баланың туыстары сот үкіміне қарсылық білдірмеді.