Жаңалықтар

Астанадағы альпинистердің өлімі: Жұмыс беруші қамауға алынды

ашық дереккөз

Тергеу органы ЖК басшысына қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды.

2 қазанда Астана қаласында төрт өнеркәсіптік альпинист биіктіктен құлап, олардың үшеуі қайтыс болды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Полиция департаменті ҚК-тің 277-бабының 3-бөлігіне («Абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу») сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.

Тергеу барысында жұмыс беруші – ЖК басшысының қызметкерлердің қайтыс болуына қатысы бар екендігі туралы дәлелдер жиналды.

Қала прокуратурасының тапсырмасы бойынша тергеу органы ЖК басшысына қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды.

Құқықбұзушылыққа қатысы бар барлық адамдарды анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қылмыстық істі тергеу барысы қала прокуратурасының бақылауында.