Жаңалықтар

«Ипотекаға үй алып беремін»: астаналықты алдаған алаяқ ұсталды

obvk.kz

Алаяқ жәбірленушінің 1 млн 300 мың теңге ақшасын алған.

Ипотекаға үй алып беремін деп астаналық азаматты сан соқтырған алаяқ ұсталды, деп хабарлады turkystan.kz.

Polisia.kz сайтының мәліметінше, Нұра аудандық полиция басқармасына қала тұрғыны арызданып, алаяқтың құрбаны болғандығы туралы хабарлаған.

Оның айтуынша, 28 жасар елордалық ипотекамен үй алып беруге көмектесемін деп жәбірленушінің 1 млн 300 мың теңге ақшасын алған.

Кейін айтқан уәдесінде тұрмай, шалған қоңырауларын жауапсыз қалдырады.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері кінәлі тұлғаны анықтады. Ол мойындау көрсетпелерін берді», – делінген хабарламада.

Аталмыш фактіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.