Олигархтардың ұлдарымен төбелескені үшін сотталған актер Президентке хат жолдады
Асқар Жұмабек Мемлекет басшысына хат жолдады
Қазақстандық олигархтар Бахаридин Әбләзімов пен Дінмұхамед Ыдырысовтың ұлдары Нұрмұхамет Нұғман мен Жармұхамед Аппаз арасындағы төбелеске байланысты сотталған актер Асқар Жұмабек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады, деп хабарлады turkystan.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
"Сізге басқа үмітім қалмағандықтан, хат жазып отырмын. Үмітім тек өзіңізде. Мен Қазақстан Республикасының азаматымын, адал және объективті тергеу жүргізуді талап етуге толық құқығым бар. Өкінішке орай шынайы тергеуге қол жеткізе алмадым. Прокуратура, соттар, әсіресе тергеу органдары, шындықты көрмейді немесе көргісі келмейді. Сыбайлас жемқорлықтың кезекті құрбаны болып отырмын", – деп жазды Асқар Жұмабек мемлекет басшысына жазған хатында.
Ол өзінің адал, заңға бағынатын адам екенін баса айтты.
"Құрметті, президент! Сізден менің ісімді жеке бақылауыңызға алуыңызды сұраймын. Өйткені қамауға алынып, ұзақ мерзімге сотталдым. Менің жағдайымда – мен кінәлімін! Бірақ бұл іске қатысы бар барлық азаматтардың да жазаланғанын қалаймын. Өйткені бұған мен ғана емес, қатысушылардың бәрі кінәлі. Өздері қоғамдық тәртіпті бұзып, артынша жәбірленуші болып шыққан жәбірленуші тарапты айтып отырмын", – деп жазды актер.
Ол бұл істе көптеген заңсыздық бар екенін атап өтті.
"Шығармашылықтың адамымын, бәрі мені жас актер ретінде таниды. Отбасы құрмағанмын, өмір жолымды енді ғана бастадым. Қазір тағдырым сіздің қолыңызда. Құрметті, Президент, сіздің уақытыңыз аз екенін түсінемін. Алайда әрбір азаматтың ұсынысына ашық екеніңізді жақсы білемін. Осы хатты жазу арқылы тергеудің шынайы жүргізілуінен үміттімін. Тергеу изоляторында менің хатымнан үмітті адамдар көп. Өйткені мен де барлық Қазақстан азаматтары сияқты әділдікке сенемін. Менің ісімді қайтарып, Қазақстан Республикасының заңына сәйкес неғұрлым объективті қарап, әділ шара қолдануды сұраймын", – деп өтініш білдірді Асқар Жұмабек.