Спорт

«Өзінің қалтасын ғана қампайтып жүр»: Спорт журналисі әлем чемпионатына қатыспаған Елена Рыбакинаны сынады

Фото: olympic.kz

Жарыста отандық спортшылар төмен нәтиже көрсетіп жатқанын айтты.

Белгілі спорт журналисі Аслан Каженов Испанияда өтіп жатқан теннистен командалық әлем чемпионатында спортшыларымыз төмен нәтиже көрсетіп жатқанын айтты, деп жазды turkystan.kz.

Журналист Елена Рыбакина осы жарысқа қатыспағанын сынға алды. Өйткені мұның себебін ешкім түсіндірмеген.

«...Елдің намысын абыроймен қорғап, көк туды жеңіс тұғырына көтеретін санаулы жарыстардың бірі. Өкініштісі сол, ұлттық команданың үздігі Елена Рыбакина, міне, екінші күн қатарынан кордқа шыққан жоқ. Салдарынан қыздарымыз жалпы есепте ұтылып жатыр. «Рыбакинаның жарақаты бар» деген ақпарат алдық. Бірақ, ешкім ашып айта алмады. Нақты қандай жарақат? Неге алаңға шықпайды? Егер ойнай алмайтынын білсеңіздер, аталарыңның басына апардыңдар ма? Теннис федерациясы вице-президенті Диас Досқараевтың 13 секундық видеосын тастапты. Цитата: «Елена Рыбакина денсаулығы бізге, әрине, өте маңызды. Себебі осы ойын, осы әлем чемпионаты өте маңызды. Сондықтан біз күтеміз қалай болатынын...» Не түсіндіңіз? Өз басым дым түсінбедім», - деп жазды журналист.

Ол спортшының өзі де осы жағдайға қатысты түсінік бермегенін де атап өтті.

«Кішкентай бала емеспіз ғой. Дәрігердің анықтамасы бар ма? Рыбакина неге өзі түсіндірмейді? Бір пост қалдырса не бір бейнежазба салса, несі кетеді? Бүкіл теннис жанүйерлері күтіп отыр. Басқа спорттарда өзіміздің қаракөздер жылап-сықтап, барынша ақталып жатады. Елена олардан несімен ерекше? Несімен артық? Бұған дейін Елена Ханжоудағы Азия ойындарына да қатыспады. Үндемедік. Әйпесе, бір алтыны ауадай қажет еді. Жалпы есептегі жағдайымызды жақсартып беретін еді. Енді әлем чемпионатында ойнамай жатыр. Ал, басқа жарыстарда өзінің жеке ұпайын ғана түгендеп, өзінің жеке қалтасын ғана қампайтып жүр. Біз азаматтықты сол үшін бердік пе? Көк паспортты кішкене болса да қадірлеу керек қой. Оның артында қазақ деген ел бар. Халықтың көңілін неге ескермейді? Өтініш, қасында жүргендер, осыны Еленаға сөзбе-сөз аударып беріп, дұғай-дұғай сәлем айтыңыздар...», - деп жазды спорт журналисі.