Дәуіт Шомпай Қара: Қазақша қалай акцентсіз сөйлеп кеткенімді өзім де білмей қалдым
Қазақ тілі – жүрегіме өте жақын тіл. Неге екенін сөзбен сипаттап жеткізе алмаймын. Білмеймін, бәлкім, тумаса да туғанымдай болған, жаныма жақын қазақтармен етене араласқан соң қазақ тілі десе елең етіп тұратын шығармын. Қазақ тілін бөтен тіл деп ешқашан санаған емеспін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір апта бұрын Қазақстанға ресми іссапармен келген Венгрия Премьер Министрі Виктор Орбанмен өткен кездесуде «Сіз – қыпшақсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі әрі Сізді сыйлайды. Сондықтан атамекеніңізге келдіңіз деп айтсақ, артық болмайтын шығар» деп айтқан еді. Президент айтқандай, Қазақстанды атажұртым деп есептейтін венгрлер аз емес. Соның бірі – Дәуіт Шомпай Қара. Будапештте туып-өскен ол бала кезінен қыпшақтардың шығу тарихына қызығып, кейін болашағын түркітану саласымен байланыстырған. Тоқсаныншы жылдары студенттер алмасу бағдарламасымен Алматыға келіп білімін жетілдірген ол кейін қазақ пен моңғол тілдерінің ұқсастықтары туралы докторлық диссертация қорғанан. Қазір Назарбаев университетіндегі қазақ тілі және түркітану бөлімінде оқытушы болып жұмыс істейтін Дәуітке хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
«Қазақтарға ата-бабамыздың тілін сақтап келген халық деп қараймыз»
– Сізді Венгрияда туып-өскен түркітанушы ғалым, қоғам қайраткері Иштван Қоңыр Мандокидің шәкірті деп айтады. Түркітану саласына қызығуыңызға сол кісі әсер етті ме, әлде бұл қызығушылық оқушы кезіңізден туындады ма?
– Мен Мажарстан астанасы Будапештте дүниеге келдім. Алайда бала күнімде жазғы каникулда нағашыларым тұратын ауылға жиі баратынмын. Сол ауылға көршілес жатқан ауылды ел Көтен батыр деп атайды. Әлгі ауыл қыпшақтан шыққан Көтен батырдың құрметіне аталған екен. Сол жерге барған сайын қыпшақтар туралы көп дерек еститінмін. Сосын бала болсам да, қыпшақтардың қайдан таралғанына, тілі мен тарихына қызығып, көп сұраққа жауап іздегім келді. Кейін жиырма бір жасымда шыққан тегі Қыпшақ, ірі тұлға болған Иштван Қоңыр Мандокимен кездесудің сәті түсті. Қоңыр аға мен оқыған гуманитарлық университеттің Ішкі Азия бөлімінде жұмыс істейтін. Ол кісі қыпшақтардың тілі мен тарихы туралы қызық мағлұматтар айтып, мені одан сайын қызықтырып қойды. Сол кезде Қоңыр аға секілді қыпшақтану саласын зерттеп, ешкім білмейтін қырын ашуға атсалысамын деп шештім. Ол кісінің айтуы бойынша, Венгрияда XIII ғасырда Моңғол шапқыншылығы заманында көшіп кеткен қыпшақтардың тілі мажарлармен араласқан соң, XVIII ғасырда жойылып кеткен. Қыпшақ тіліне ең жақын тілдер – қазақ, қарақалпақ және ноғай тілдері. Бұл үш тіл Еуразиядағы көшпелі халықтардың тілдеріне барлық жағынан ұқсас. Сондықтан мен бұл деректерді тереңінен зерттегім келді. Сөйтіп, Қоңыр ағамен екі жылдай етене араласып жүрдім. 1992 жылы ол кісі күтпеген жерден жүрегі ауырып, Дағыстан елінде қайтыс болды. Сол уақытта Қазақстан өз алдына бөлек ел болып, тәуелсіздігін жариялап, Мажарстанмен ресми дипломатиялық қарым-қатынастар орнатып жатқан еді. Соның нәтижесінде екі ел арасында студент алмасу бағдарламасы іске қосылды. Қоңыр ағаның жұбайы, қазақ қызы Оңайша Мақсұмқызы біздің университетте сабақ беріп, бізді қазақ тіліне баулыды. Айша апай маған әлгі алмасу бағдарламасына құжат тапсыру туралы ұсыныс айтты. Сөйтіп, сол мемлекеттік стипендияны жеңіп алып, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазақ филологиясына оқуға түсіп, онда бір жарым жылдай білімімді жетілдірдім. Сол уақытта, анығырақ айтсам, 1994 жылы Қоңыр ағайдың досы болған, башқұрт халқының тарихын жіті зерттеген белгілі түрколог Йожеф Торма Мажарстанның Қазақстандағы тұңғыш елшісі қызметіне тағайындалып, Алматыға қоныс аударды. Сол кезде оның қасында жүріп, бүкіл Қазақстанды, содан соң Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түрікменстанның көп жерін аралап, зерттеу жұмыстарымен араласа бастадым. 1995 жылы Венгрияға оралып, осындағы оқуымды жалғастырдым. 1999 жылы түркітану және моңғолтану ғылымы бойынша білімімді жетілдірдім. Сосын 2006 жылы қазақ және моңғол тілдерінің ұқсастықтарын зерттеп, докторантура бөлімін аяқтадым. Алайда көшпенді халықтың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрыптары, рухани құндылықтарына қатты қызықтым. Сондықтан докторлық диссертацияны қорғағаннан кейін лингвистикамен емес, этнография жағына бет бұрып кеттім. Отыз жылдан бері осы салада зерттеу жүргізіп келемін. Көптеген мақала, бірнеше кітап жаздым.
Моңғолияда– Ал Қазақстанға жұмысқа қалай шақыртылдыңыз?
– Қазақстанға зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін жиі келіп тұратынмын. Әсіресе, бас кеңсесі Астанада орналасқан Түркі академиясымен бірлесіп, түрлі жобаларға қатыстым. Пандемия аяқталған соң Астанада біздің елшіліктің ұйымдастыруымен әйгілі мажар саяхатшысы, мажар түркологиясының негізін қалаушылардың бірі Армин Вамберидің мерейтойын атап өттік. Жеке көрмесін өткізіп, кішігірім симпозиум ұйымдастырдық. Сол кезде Назарбаев Университетінің Қазақ тілі және түркі зерттеулері кафедрасының меңгерушісі, профессор Юлай Шамильоглумен таныстым. Ол ағылшын тілін жетік білетін, халықаралық деңгейде жұмыс істейтін мықты түркологтар іздеп жатқанын айтты. Сөз соңында «Егер ниетің болса, біздің университетке жұмысқа кел» деп ұсыныс айтты. Сосын онда құжаттар тапсырып, бірнеше үміткердің арасынан таңдалып, жұмысқа шақырту алдым. Сөйтіп, былтыр тамыз айында Назарбаев Университетінің қазақ тілі және түркітану бөліміне оқытушы болып жұмысқа тұрдым. Онда Орталық Азиядағы түркі халықтарының мәдениеті және әдебиетін оқытатын екі сабақ жүргіземін.
– Мамандығыңыз бойынша лингвист болсаңыз да, соңғы отыз жыл этнограф маман ретінде еңбектеніп жүргеніңізді айтып қалдыңыз. Шыққан тегіңіз Қыпшақ болған соң, ата-бабаларыңыздың тарихын, дәстүрін зерттеу мақсаты бәрінен биік тұрғаннан бұл салаға бет бұрған боларсыз?
– Әлбетте. Негізі, мажарлардың ата жұрты – Еділ мен Жайықтың бойы. Жазба деректерде біздің ата жұртымыз Батыс Қазақстан жері болғаны туралы мәліметтер сақталған. Жалпы, біздің ата-бабаларымыз бен қазақтар бір-бірін жақын тартқан, дәм-тұзы жарасқан көрші болған. Алайда аталарымыз түрлі себептермен атажұртымызды тастап, Шығыс Еуропаның ұлан-ғайыр даласына көшуге мәжбүр болған. Ал оған дейін қазақ, қарақалпақ және ноғай халқы бізге ең жақын халық болғанын дәлелдейтін деректер мен айғақтар жетерлік. Жалпы, біздегі көші-қон екі рет болған. Мажарлар IX ғасырға дейін Батыс Қазақстан облысын мекендегенін тарихтан білетін боларсыз. Сосын олар Карпат қойнауын мекендеп, сонда мемлекет құрып, елдігін бекітіп, іргесін нығайтты. Араға төрт ғасыр өткен соң Бату ханға бас имеген қыпшақтар Көтен батырдың жетекшілігімен атажұрттан көшіп, мажарларға келіп қосылады. Сөйтіп, олар бір-бірімен араласып кетеді. Дегенмен қыпшақтар өзара өз тілдерінде сөйлеп, қыпшақ тілін XVIII ғасырға дейін «өлтірмей» келген. Кейін ассимиляцияға ұшырап, өз тілдерін жоғалтып алған. Қыпшақ тілін тек біразы ғана білген. Мен тіпті бала кезімде қыпшақтар Құдайға сыйынғанда мажар тілінде емес, өз тілінде дұға оқитынын көп естігенмін. Ол дұғаны қазақ естісе, бірден мән-мағынасын түсінеді. Сондықтан біз қазақтарға ата-бабамыздың тілін сақтап келген халық деп қараймыз. Қазақстан мәңгілікке іргесі бүтін, шекарасы берік ел болып, осы киелі жерде мәңгілікке ата-бабаларымыздың тілі сақталсын деген шынайы тілегіміз бар. Мажар тілі басқа түркітілдес тілдер тобына кірмейді. Десе де, бізде түркітектес халыққа ортақ сөздер жетерлік. Ал сол сөздерді қолданысқа ата-бабаларымыз енгізгені айдан анық. Ал этнографияға неліктен қызыққанымды айтатын болсам, Батыс Қазақстан аумағында қоныс тепкен ата-бабаларымыз көшпенді тұрмыс салтын ұстанып, қазақтармен бірге көшіп-қонып жүрген. Сосын олар Венгрияға көшкен соң көшпенді тұрмыс салтынан отырықшы қалыпқа ауысып, еуропашаланып кеткен. Бірақ арада қаншама ғасыр өтсе де, біз бәрібір ата-бабамыз жүріп өткен жолға, ұстанған салт-дәстүрге қызығамыз. Өкініштісі сол, бізде сол заманның салт-дәстүрі туралы мағлұмат өте аз. Ал қазақтар XX ғасырға дейін көшпенді тұрмыс салтын, әдеп-ғұрпын ұстанып келгендіктен, олардың тарихын зерттесек, өз ата-бабаларымызға қатысты тың дерек пен көп мәлімет аламыз деп ойладық. Расымен зерттей келе көп тұста, әсіресе, наным-сенім, мал шаруашылығын жүргізу ісіне қатысты көп ұқсастықтар бар екені анықталды.
Маңғыстауда«Қазақ тілін бөтен тіл деп ешқашан санаған емеспін»
– Қазақстандағы көпшілік қазақтар мен мажарлар арасында туыстық байланыс бар екенін жақсы біледі. Тіпті «қазақ, мажар бір туған» деп айтып та жүреді. Жуырда ресми іссапармен Астанаға келген Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан өз сөзінде «Атажұртқа оралу әрқашан керемет» деп ағынан жарылды. Үкімет тарапынан түркі әлеміне бет бұруға қадамдар жасалып жатқаны сізді де қуантқан болар?
– Әлбетте, қуантпай қоймайды. Негізі, Венгрия тұрғындары қыпшақтар қазақтармен тығыз байланыста болғанын «беске» біледі. Ел ішінде айтылып жүреді. Кейінгі кезде Венгрия үкіметі мажарлардың кезінде түркітектес халықтармен тығыз байланыста болғанына көзі жетіп, саяси тұрғыда көп қадам жасап жатыр. Түркі мемлекеттері ұйымының бақылаушы мүшесі болдық. Жақын арада Премьер-министр Виктор Орбан Астанаға ресми іссапармен келіп, Түркі мемлекеттері ұйымының X саммитіне қатысты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оның иығына шапан жауып, бөрік кигізді. Керемет емес пе?! Жалпы, қазір біздегілер түркі дүниесімен тығыз байланыс орнатуға тырысып жатыр. Біз, әсіресе, түркологтар соған риза болып жүрміз.
Қарақалпақстанда– Оңайша апай сізді таныстырғанда «Дәуіт өте алғыр, дарынды студент болды. Қазақ тілін алты-ақ айдың ішінде үйренді» деп айтқан еді.
– Иә, расында қазақ тілін тез үйреніп алдым. Басқалар үйренуге қиын соқты деуі мүмкін, алайда маған соншалық қиын болмады. Мен сол уақытта лингвистикаға қызығып жүргендіктен, тілдерді тез үйренуді алдыма мақсат етіп қойдым. Мақтанғаным емес, менде тілді тез үйрене алатын қабілет бар. Қазақ тілінен бөлек, моңғол, парсы, тәжік тілдерін меңгердім. Дегенмен қазақ тілі – жүрегіме өте жақын тіл. Неге екенін сөзбен сипаттап жеткізе алмаймын. Білмеймін, бәлкім, тумаса да туғанымдай болған, жаныма жақын қазақтармен етене араласқан соң қазақ тілі десе елең етіп тұратын шығармын. Қазақ тілін бөтен тіл деп ешқашан санаған емеспін. Жоғарыда айтып өткенімдей, бала кезімде нағашылар жаққа барған кезде арғы тегі қыпшақ ақсақалдардың қыпшақ тілінде сөйлегені көкірегімде сақталып қалды. Бәлкім, бұл да қазақ тілін бәрінен жақын тартуыма әсерін тигізген болар. Расымен, маған «ыстық» тіл. Қазақстанға алғаш келген кезде қазақтардың өзара сөйлескені жүрегіме жылы тигені есімде. Сол жылулықты жүрегімде әлі сақтап келемін.
Шыңғыс Айтматовпен бірге– Сізде тіпті акцент те байқалмайды. Қазақстанға бір жыл бұрын емес, бірнеше жыл бұрын көшіп келген секілдісіз.
– Иә, сіз секілді осындағы қазақтар «Акцентсіз, жақсы сөйлейсіз» деп таңғалады. Бірақ өзім қалай акцентсіз сөйлеп кеткенімді білмеймін. Алайда қазақтар «қан тартады» деп айтады ғой. Бәлкім, бойымда қыпшақтың қаны болған соң, қазақ тілін тез әрі акцентсіз үйреніп алған шығармын. Тағы бір айта кетерлігі, мен Қазақстанға келгенде ауыл-аймақты аралап, зерттеу жұмыстарымен айналыстым. Ақсақалдармен көп әңгімелестім. Сол кезде олардың ештеңе қоспай, таза сөйлегенін санама сіңіріп алсам керек. Екіншіден, мен қазақтың көркем әдебиетін іздеп жүріп оқимын. Будапештте үйдегі жеке кітапханамның сөресінде қазақтың көптеген кітабы тұр. Мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», «Қилы заман» кітабын сүйсініп оқимын. Одан бөлек, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» атты туындысын ерекше ықыласпен оқимын. Абайдың, Мұқағалидың өлеңдерін қатты жақсы көремін. Кейбірінің сөзін жатқа білемін. Алматыда ҚазҰПУ-да оқығанда домбыра тартуды үйреніп алғанмын. Сондықтан үйде ара-тұра домбырамен қазақ әндерін шырқаймын. Одан бөлек, Венгриядағы қазақ диаспорасы түрлі іс-шара өткізсе, мені қалдырмайды. Домбыра тартқызып, ән айтқызып қояды (күліп). Онымен қоса, біздің елшілікпен бірлесіп, қазақ мәдениетін насихаттауды көздейтін түрлі ивенттерге атсалысамын. Мысалы, 2015 жылы Будапештте қазақ хандығының 550 жылдығына орай үлкен конференция өткіздік. Сол уақытта «Қазақтың мемлекеті болмаған», «Олардың мемлекеттілігі Кеңес дәуірінде қалыптасқан» деген алып-қашпа әңгімелер тарады ғой. Сондай сын сағатта мажарлармен тығыз байланысы қазақтардың ежелгі халық қыпшақтектес халықтардан пайда болғанын, қазақтар XV ғасырда Орталық Азияда ең күшті мемлекет құрғанын, әсіресе, Қасым ханның тұсында Орталық Азияда қазақ хандығынан басқа мықты мемлекет болмағанын айтып-жеткізгіміз келді. Әліде болса, осындай тың деректерді айта беру керек. Бір өкініштісі, Венгрияда Қазақстан тарихы туралы мағлұмат әлі аз. Жоғарыда айтып өткенімдей, венгрлер қазақтар қыпшақтарға жақын екенін, атажұрты туралы біледі. Алайда көпшілігі Қазақстан тарихы, қазақ мәдениеті жөнінде деректерден бейхабар.
– Қазақстандағы студенттердің түркологияға деген қызығушылығы қалай екен?
– Осы бір жыл ішінде қазақстандық студенттердің ынтасы өте жоғары екенін байқадым. Менің сабағыма отыз шақты студент қатыса алады. Алайда кейде қатысушылар саны тіпті одан да асып кетеді. Кейде олар қосымша орынды сұрап алады. Қызығып оқиды. Алайда олар тек бакалавриатпен шектеледі. Ары қарай білімін байыта алмайды. Сондықтан алдағы уақытта университетте магистратура, докторантура бөлімдерін ашуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, бұл сала бізге өте керек. Ежелден түркітектес халықтармен етене араласқандықтан, түркітану саласы бізге ауадай қажет. Осы саланы жан-жақты зерттеу арқылы көп мәліметке қанық болдық. Көп деректің бетін аштық. Жоғарыда мен айтқан атақты венгр саяхатшысы Армин Вамбери Еуропада тұңғыш рет 1870 жылы түркология бөлімін ашқан болатын. Сол кезде көпшілік түркі халықтарының тұрмыс-тіршілігіне қызығып, түркітану саласының маңызы арта түсті. Өкінішке қарай, кейінгі кезде бұл сала үкімет тарапынан қолдау таппағандықтан артта қалып келді. Ал қазір өзіңіз білетіндей билік басындағылар түркі әлеміне бет бұрды. Енді бізде мажар халқын түркі халықтарға жақындатуға мүмкіндік бар. Үкімет қолдауын аямаса, түркітану тармағын дамытуға әлеуетіміз жетеді. Әсіресе, Венгрия жастарының ынтасын оятып, заманауи талапқа сай оқытуымызға мүмкіндігіміз мол.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ