T-Newspaper

20 миллионға жетеміз!

ашық дереккөз

Елімізде қазақтардың үлесі 70,4 пайызға дейін өскен. Нақтыласақ, қазақтардың саны – 13,4 млн. Саны көп ұлттар қатарына орыстар – 2,9 млн адам, өзбектер – 614 мың адам, украиндар – 387 мың адам және ұйғырлар – 290 мың адам кірді.

Сүйінші! Әне-міне дегенше Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетіп қалды. 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша халық саны – 19 967 964. Бұйыртса, қараша айында 20 миллиондық межеге жетеміз деген үміт бар. Елімізде қазақтардың үлесі 70,4 пайызға дейін өскен. Нақтыласақ, қазақтардың саны – 13,4 млн. Саны көп ұлттар қатарына орыстар – 2,9 млн адам, өзбектер – 614 мың адам, украиндар – 387 мың адам және ұйғырлар – 290 мың адам кірді.

Халық саны 20 пайызға өсті

2009 жылы жүргізілген санақтан бері халық саны 20 пайызға немесе 3,2 млн адамға өскен. Бұған халықтың табиғи өсімі мен көші-қон ағыны ықпал етті.

Үш өңірде халық саны 2 млн адамнан асты – Алматы (2 146 576) мен Түркістан облыстары (2 054 021) және Алматы қаласы (2 030 285).

Бұл ретте санақ арасындағы кезеңде халықтың ең көп өсуі Астана қаласында – 2 есе (613 мыңнан 1 234 мың адамға дейін), Шымкент қаласында 1,5 есе (730 мыңнан 1 112,4 мың адамға дейін) және Маңғыстау облысында (485 мыңнан 735 мың адамға дейін) байқалды.

Демограф Аяулым Сағынбаеваның айтуынша, Қазақстанда халықтың туу өсімі өте жоғары. «2022 жылы туудың жиынтық коэффициенті 3,05-ке тең болды. Яғни, белсенді репродуктивті жастағы бір әйел 3 баланы өмірге әкеледі деген сөз. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 1999 жылы бұл көрсеткіш 1,8 болған. Сол тұстағы демографиялық дағдарыс кезінде туу көрсеткіші азайып, халықтың табиғи кемуі байқалған», – дейді демограф.

Санақ қорытындысы бойынша қалалықтар 61,2 пайызға дейін өскен, алдыңғы санақ мәліметтерімен салыстырғанда өсім – 5 пайыз. Тиісінше, ауылдықтардың саны 43,9 пайыздан 38,8 пайызға дейін азайған.

Ең урбанизацияланған аймақ – Қарағанды облысы, онда халықтың 80 пайызы қала тұрғындары (1 млн-нан астам адам). Керісінше, қалалықтар саны ең аз аймақ – Түркістан облысы. Мұнда барлығы 498 мың адам немесе облыс тұрғындарының 24,3 пайызы қалалық жерде тұрады.

Республикалық маңызы бар қалаларға келетін болсақ, санақ кезінде Астанада 1,23 млн адам тұрған. Соңғы 12 жылда елорда халқы 2 есе өскен. Алматыда халық саны 2,03 млн адам, тұрғындар саны 580,6 мың адамға артқан. Шымкент қаласының халқы 1,1 млн, халық саны 381,6 мың адамға өскен.

Екі санақ аралығындағы (2009 жылғы санақтан бері) кезеңде аталған қалалардың әрқайсысында қосымша бір-бір ауданнан құрылды. Халқы 50 мыңнан 99,9 мың адамға дейінгі қалалар саны 8-ден 14 дейін өскен.

Этностар саны – 124

Санақ қорытындысы елімізде этностар саны 124 екенін көрсетті. Олардың арасында ливтер, вепсілер, орочтар, долгандар, даниялықтар, удэгейлер, цахурлар, мансылар, нанайлар, моңғолдар, селькуптер, чукчалар, ульта, нивхтер, ижорлар, кеттер, коряктар, қырымшақтар, нганасандар, саамдар, чувандар бар.

Айта кетейік, 2021 жылғы санақ раундының сауалнамаларына ұлтты «көрсетпеу» жауап нұсқасы қосылған. Осылайша, 24,8 мың адам өз ұлтын көрсетуден бас тартқан. Ал «басқа ұлт» жауабын таңдағандар саны – 47,5 мың. ал 2009 жылы мұндай адамдардың саны небәрі 8 болған.

Осыған дейін қоғам белсенділері Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады деген ақпараттың дақпырт екенін айтып келген болатын. Депутат Айдос Сарым кезінде: «...Бұл санақ Қазақстанда «130 ұлттың» жоқ екеніне баршаның көзін ашуға тиіс» деп айтқан болатын. Депутаттың айтқаны айдай келді. Сондықтан ендігі жерде этностар мен диаспоралар саны 124 екенін қаперге ала жүргеніміз жөн.

Демография заңдылығы бойынша, әрбір 4 жыл сайын мемлекет құраушы ұлттың үлесіне 2 пайыздан қосылып отырады екен. Сондықтан бізге қазақтардың үлесінің 80 пайызға жетуіне әлі біраз жыл керек. Өйткені славянтектес қауым саны азайғанымен, өзбек, ұйғыр, әзербайжан, түрік, қарақалпақ сынды туысқан халықтардың саны көбейіп отыр. Мұның себебін демограф Аяулым Сағынбаева: «Еуропалық этностар қартаюшы этностарға, ал азиаттық этностар (өзбек, ұйғыр, қазақ, дүнген, тәжік, әзербайжан) жас елдер қатарына жатады. Себебі азиаттық этностарда бұрыннан туу деңгейі жоғары», – деп түсіндіреді.

Әрбір төртінші қазақстандықтың жоғары білімі бар

Жаңа санақ қорытындысы бойынша 3,7 млн адамның жоғары білімі, 4,1 млн адамның арнайы орта білімі, 4,9 млн адамның орта білімі бар. 2009 жылғы санақ бойынша жоғары білімі бар халықтың үлесі 19,8 пайыз болса, 2021 жылы 27,6 пайызға дейін өскен.

Өңірлердің ішінде жоғары білімі бар халықтың ең көп саны Алматы облысында тіркелген, олардың саны – 404,8 мың адам. Әрбір өңірдегі жоғары білімі бар халықтың үлесі бойынша Астана қаласы көш бастап тұр – елорда халқының 25,5 пайызы ЖОО бітірген.

Елімізде жоғары білімі бар ерлер мен әйелдердің үлесі бірдей екен. 2009 жылғы санақпен салыстырғанда дипломы бар ерлердің үлесі 17,8 пайыздан 27,9 пайызға дейін, әйелдердікі 21,6 пайыздан 27,3 пайызға дейін өскен.

Жалпы Қазақстанда 1 000 адамға шаққанда 276 адам ЖОО бітірген, ал 2009 жылғы  санақта бұл көрсеткіш 198 болған. 

Халық санағының қорытындысы бойынша 120 мыңнан астам қазақстандықтың ғылыми дәрежесі бар. 2021 жылғы санақ кезінде 120,8 мың қазақстандық жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар екенін көрсеткен. Олардың басым бөлігі (17,8 пайызы) 30-34 жас аралығындағылар. Ғалымдардың жалпы санының 78 пайызы – магистр (96,9 мың адам), 3,6 пайызы – философия докторы (PhD), (4,5 мың адам), 13,5 пайызы – ғылым кандидаты (16,8 мың адам), 4 пайызы ғылым докторы (4,9 мың адам) дәрежесіне ие.

Экономикалық тиімді орта қалыптастыру керек

Биыл Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,8 пайыз екенін мәлімдеген болатын. Оның ішінде нақты сектор – 4,6 пайыз, ал қызмет көрсету саласы – 4,7%-ға өскен.

«Еліміздегі 17 өңірде оң өсім тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсімі Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Абай облыстарында байқалды. Биылғы қаңтар-шілде аралығында 8,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,7 пайызға жоғары. Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Ұлытау және Абай облыстарында, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларында байқалды. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалып отыр, әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс салалары ең жоғары өсімді көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,4 пайызды құрады», – деген болатын Үкімет отырысында берген есебінде.

Экономикалық белсенді халық – еңбек ресурсы. Бұл санатқа жұмыспен қамтылғандар және жұмысқа қабілетті халық кіреді. Мемлекеттің экономикалық дамуының тиімділігі адами фактормен тығыз байланысты. Онсыз қоғамның дамуын елестетудің өзі қиын. Жұмыспен қамтылғандар санын арттыру – мемлекеттік маңызды мәселе. Осы орайда экономика ғылымдарының кандидаты, Тұран-Астана университетінің профессоры Бауыржан Ысқақтан «Табиғи өсімнің экономикалық өсімге әсері қандай?» деп сұраған болатынбыз.  

– Табиғи өсім мен экономикалық белсенді халықтың арасында байланыс жағымды болуы керек. Соңғы уақытта бұл жағынан өзгерістер бар, өйткені бізде туу көрсеткіші қарқын алып жатыр. Одан бөлек, шетелден келген қандастар мен Қазақстанға жұмыс істеуге келген шетелдіктер экономикамызға жақсы әсерін тигізіп отыр. Бірақ экономикалық белсенді халықтың арасындағы жұмыссыздар саны 4,5-5 пайызды құрап отыр. Яғни, ол біздегі жалпы табиғи өсімнің экономикалық белсенділік жағдайына көтерілуіне кейде кедергі келтіріп жатады. Сондықтан біз бірінші кезекте табиғи өсімге баса назар аударуымыз керек. Ол үшін осы өмірге бала әкелетін аналардың жағдайын жасап, денсаулығына мән беріп, баланы өмірге әкелгеннен кейінгі сапалы, дені сау ұрпақ өсіруге жағдай жасауымыз керек.

Халық санының табиғи өсімі экономикаға тиімді әсер ету үшін жаңа технологияларды қалыптастыруымыз керек. Өйткені Қазақстан тек қана арзан жұмыс күші орны ғана емес, технологияның еліне айналуы керек. Біздің жеріміз үлкен. Территориясы бізден бірнеше есе кішкентай Өзбекстан халқының саны 40 млн-ға жуықтады, бізден екі есе көп. Сондықтан территориялық тұрақтылығымызды қамтамасыз ету үшін де бізге халық санының артқаны керек. Соңғы жылдары біздің экономикамызға білімді, білікті кадрлардың шетелге кетуі кері әсер етіп отыр. Саннан гөрі сападан айырылып жатқан жағдайымыз бар. Экономикаға үлкен пайда әкелетін сала мамандарының елімізден жоғары жалақыға жұмыс таппай, шетелде бағаланып жатқаны өкінішті, әрине. Экономикалық белсенді халықтың үлесін арттыру үшін  белсенді жастарды, білімді мамандарды елімізде алып қалатындай экономикалық тиімді орта қалыптастыру керек, – деді экономист.

Ерлер арасында өлім-жітім жоғары

Қазақстандағы әйелдер саны ерлер санынан бұрынғыдай басым. Санақ нәтижелері бойынша әйелдердің саны ерлерге қарағанда жарты миллионға көп (536 335 адам). Пайызбен алсақ, ерлердің үлесі – 48,6 пайыз (9 324 840 адам), әйелдер саны – 51,4 пайыз (9 861 175 адам). Санақ қорытындысы бойынша, Қазақстанда 1 000 әйелге 946 ер адам келеді. 2009 жылғы санақпен салыстырғанда ерлер саны 1,6 млн-ға, әйелдер саны 1,5 млн-ға артқан.  

Демография ерекшеліктеріне байланысты 36 жасқа дейінгі ер адамдар саны әйелдерге қарағанда көп. 36 жастан кейін ерлердің саны азая бастайды (36 жастан асқан әйелдер саны 736 мың адамға көп). Бұл ретте ерлер мен әйелдердің арақатынасында тек екі өңірде – Қызылорда және Түркістан облыстарында ерлердің үлесі басым, онда 1 000 әйелге сәйкесінше 1 006 және 1 027 ер адамнан келеді.

Алдыңғы санақта 15-19 және 20-24 жас аралығындағы ерлер мен әйелдердің саны азайғанына назар аударуға болады. Бұл 2009 жылғы халық санағы кезінде 20-24 жас аралығындағы топта туудың ең жоғары кезеңі 1980 жылдардың екінші жартысында туған ұрпақтың болуымен байланысты.

Ал 2021 жылы бұл жас топты 1990-жылдардың аяғы мен 2000- жылдардың басында дүниеге келген туу көрсеткіші төмен болған ұрпақ алмастырды. Сол сияқты 15-19 жас санаты бойынша 2002-2006 жылы туған ұрпақ 1990-жылдардың бірінші жартысындағы ұрпаққа қарағанда аз.

– 2009 жылғы санақпен салыстырғанда 55-59, 60-64 және 65-69 жастағы ер адамдар саны сәйкесінше 50,2 пайыз, 117 пайыз және 69,5 пайыз, яғни айтарлықтай өсті. Осы жастағы әйелдер саны да 2009 жылғы санаққа қарағанда сәйкесінше 38 пайыз, 105,9 пайыз және 58,3 пайызға өскен. Аталған жас тобындағы халықтың өсуі орташа өмір сүру ұзақтығының артуымен, өмір сүру жағдайларының жақсаруымен байланысты, – деп көрсетеді Ұлттық статистика бюросы.

Демограф Шынар Пазылбекқызының айтуынша, халық санағы Қазақстандағы ерлер арасындағы өлім-жітім көрсеткіші жоғары екенін көрсетіп отыр. Мәселен, жас бойынша қарайтын болсақ, 36 жасқа дейін әйелдер саны көп те, 37 жаста ер адам саны көп болып кетеді. Ал 38 жастан бастап әйелдер саны басым болып, ерлер саны тұрақты түрде төмендей бастайды екен. Бұл диспропорцияның негізгі себебі – ерлер арасындағы өлім-жітімнің салыстырмалы түрде жоғары болуы.

 – Қазақстандағы ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығы арасындағы алшақтық 2012 жылы 9,6 жастан 2022 жылы 8,1 жасқа дейін қысқарды, алайда жекелеген аймақтарда алшақтық жоғары.

2022 жылға арналған статистикалық мәліметтерге сәйкес, ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығы Шығыс Қазақстан (10,3 жас), Батыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай (әрқайсысы 9,3 жас), Қарағанды ​​(9,1 жас), Ақмола (9,1 жас) қалаларында байқалады. Ал аймақтарда бұл 8,8 жасты құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы (15-64 жас) ерлер өлімінің көп болуы өмір сүру ұзақтығының гендерлік алшақтығына айтарлықтай әсер етеді. Бұл жастағы ерлердің өлімі әйелдерге қарағанда екі есе жоғары. 2022 жылы елде 15-64 жас аралығындағы ерлер арасындағы өлім-жітім көрсеткіші 1 000 адамға шаққанда 5,9-ды, әйелдерде 1 000 адамға шаққанда 2,6-ны құрады.

Өлімнің негізгі себептеріне суицид, қылмыскер қолынан қаза табу, жазатайым оқыс оқиғалар, улану, өрт, жол апаты, өндірістік жарақаттар жатады. 2022 жылғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, ерлер өлімінің көрсеткіші 100 000 адамға шаққанда 92,7. Бұл көрсеткіш әйелдер өлімінен төрт есе жоғары (100 000 адамға 22,8).

Экономикалық тұрғыдан алғанда, ерлер арасында еңбекке қабілетті жастағы өлім-жітім көрсеткішінің жоғары болуы,  ең алдымен, сол отбасының әл-ауқатына және еңбек нарығына теріс әсер етеді, – дейді демограф.

Қазақша білетіндер – 80,1 пайыз,

Қолданатындар – 49,3 пайыз...

2021 жылғы халық санағының мәліметіне сүйенсек, елімізде қазақша білетін халық үлесі – 80,1 пайыз. Ресми мәлімет өзге ұлт өкілдері ішінде елде тұратын өзбектердің 72 пайызы, ұйғырлардың 71,7 пайызы, тәжіктердің 63,6 пайызы қазақ тілін білетінін көрсетіп отыр. Сонымен қатар еліміздегі әрбір төртінші неміс (25,2 пайыз), орыс (25,1 пайыз) және украин (23,7 пайыз) қазақ тілін меңгерген.

Елімізде қазақша білетіндер үлесі 80 пайыздан асты деп бөркімізді аспанға атқанмен, күнделікті өмірде қазақ тілін қолданатындар – 49,3 пайыз ғана. «Қазақтардың санының артуы қазақ тілінің дамуына қаншалықты ықпал етеді?» деген сауалымызға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының әлеуметтік лингвистика бөлімінің ғылыми қызметкері Қуатбек Дүйсен былай деп жауап берді:  

– Қазақ тілі бизнес саласына үлкен өзгерістер әкелді. Соңғы бес жылда ірі компаниялардан қазақ тілін талап ету күшейді. Оған Chocofamily Holding-тың бұрынғы иесі кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың қазақ тіліне қатысты даулы мәлімдеме жасап, артынша кешірім сұрағанын, Алматыдағы «Динара» дәмханасына қоғамның бойкот жариялағанын, нәтижесінде кәсіпкер кешірім сұрап, артынан әлеуметтік желілердегі парақшаларын қазақшалағанын мысал ретінде айтсақ болады. Осыған дейін ірі компаниялар, кәсіпкерлер өз тұтынушыларының кім екенін, қандай ақпарат қажет ететінін білмей жүрді немесе білгісі келмеді. Бәрі жақсы, тып-тыныш еді, бірақ бір-ақ күнде бәрі өзгеріп шыға келді. Бұл компанияларды жедел трансформациялардан өтуге мәжбүр етті. Қазір компаниялар қазақша ақпарат беру, өз өнімдерін қазақша таныстыруды оң жолға қойып отыр. Біздегі «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» мемлекеттік тілді дамытудың тұжырымдамасы бойынша ендігі жылдан бастап мемлекеттік қызметкердің қазақ тілінен білім деңгейін талап ету бойынша өзгерістер енгізбек. Бұл қоғамда қазақтілді ортаның басым орын алғанын және оның күннен-күнге өз талаптарын күшейтіп жатқанын көрсетеді. Осыдан он жыл бұрын компаниялар ақпаратты орыс тілінде тарататын, тек 1-2 аптадан кейін барып қазақ тілінде тауар мен өнім туралы релиз шығарып қоя салатын. Қазір міндетті түрде екі тілде бірдей жариялап, бір уақытта таратады. Алайда бұл әрекеттің өзі қазақтілді қоғамның сұранысын толық қанағаттандыра алмай отыр. Мұны біз көше жарнамасы мен қоғамдық ортадағы қарым-қатынастан көріп жүрміз. Көп компаниялар әлі күнге дейін мемлекеттік тілді қолдану бойынша стандарттарды толық жүзеге асырмаған, орындамаған. Сондықтан тілге қатысты заңнаманы күшейту керек.  Қоғамның сұранысына қарай тіл туралы заңнама өзгермейтін болса, онда  қазақ тіліне қатысты кикілжіңдер мен қақтығыстар бола береді және ол қақтығыстар уақыт өткен сайын ауқымы күшейіп, жиілей түседі. Оны алдын-алудың және реттеудің бірден-бір жолы – заңнамалық тұрғыдан тілді пайдалану тәртібін жалпыға бірдей ортақ қылу. Сондай-ақ тіл туралы заңды бұзғаны үшін жазалау механизмін қолға алу керек, – дейді Қуатбек Қонысбайұлы.

Маманның айтуынша, қазақ тілін халықтың табиғи өсімінен бөлек тілді заңнамалық негізде бекіту дамытады. «Мысалы, қазір бізде қазақ тілінің еңбек нарығында немесе бизнесте қолдану бойынша нақты заңнамалық талаптар жоқ. Талаптар болғанның өзінде оған қатысты орындалмағаны үшін жаза қарастырылмаған. Заң солқылдақ болған соң, тілдің қолданыс аясын тарылтады. Заң нақты болып, тілдің қолданысына қатысты ережелерді бекітетін болса және жазалау механизмін қарастыратын болса, қазақ тілі дамиды. Сонда компаниялар «Қазақтілді менеджер аламын ба, орыстілді менеджер аламын ба?» деп ойланбайды. Олар қазақтілді немесе екі тілді бірдей меңгерген менеджерді жұмысқа алады. Еңбек нарығындағы мұндай өзгерістер басқа салаларға да әсер ететіні сөзсіз», – дейді ол.

Қазақстан Үкіметі Тіл саясатын дамытудың тұжырымдамасын бекіткен кезде 2029 жылға қарай қазақ тілін меңгерген азаматтардың саны мен мемлекеттік телеарналардағы қазақ тіліндегі телебағдарламалардың үлесі 84 пайызға жетіп, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардағы құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесі 94 пайызды, QazTest жүйесі бойынша В2 деңгейінде қазақ тілін меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесі 50 пайызды құрауы керек деп мақсат қойып отыр. Үкіметтің тілдерді дамыту бағдарламасы осы олқылықтың орнын толтырса, қанекей...        

Қазақстандықтар – жас ұлт

2021 жылғы санақ бойынша қазақстандықтардың орташа жасы салыстырмалы түрде жас болып отыр. 2009 жылғы санақпен салыстырғанда орташа жас 31-ден 32 жасқа дейін өскен.

Санақ аралығындағы кезеңде 0-ден 15 жасқа дейінгі балалар саны айтарлықтай өсті. Егер олардың үлесі 2009 жылы сол кездегі халықтың жалпы санының 24,1 пайызын (3,9 млн адам) құраса, соңғы санақ қорытындысы бойынша олардың үлесі 29,4 пайыз (5,6 млн адам) болды. Яғни, елімізде балалар саны артып отыр.

65 жастан асқан егде жастағы халықтың үлесі де жоғары. 2009 жылмен салыстырғанда 2021 жылы  олардың үлесі 7,1 пайыздан 8,2 пайызға дейін өскен (1,6 млн адам).

Санақ қорытындысы бойынша Қазақстанда 101 жастан асқан 200-ден астам қарт адам тұрады екен.

Айта кетейік, өңірлер арасында балалар саны бойынша Түркістан облысы, 90 жастан асқан қариялар саны бойынша ШҚО көш бастап тұр.

P.S.  Қазақ жерінде осыған дейін 11 рет халық санағы (1897, 1926, 1937, 1939, 1959, 1970, 1979, 1989, 1999, 2009, 2021 жылдары) жүргізілді. Қай санақты қарасаңыз да кемшілік табасыз. Тарихшылар 1926, 1937, 1939, 1959 жылғы санақтың деректеріне күмән келтіреді. Азамат соғысы, екі бірдей ашаршылық, жаппай қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс кесірінен КСРО халқының азайып жатқанын байқаған Сталин санақтардың нәтижесін әдейі бұрмалап, тіпті кейде жариялауға тыйым салған деседі.

Ал 2021 жылғы халық санағы тәуелсіз Қазақстан тарихында өткізілген үшінші санақ болып отыр. Бұл санақ бізге халықтың санын білумен қатар, демографиялық ахуалды бағамдау және тарихи-әлеуметтік өзгерістерді сараптау үшін он жыл бойы бағдаршам болмақ.