Жаңалықтар

Дәретхана шұңқырынан табылған нәрестені алматылық отбасы асырап алды

ашық дереккөз

Жаңа отбасы сәбиді базадан көріп, бірден асырап алу туралы шешім қабылдаған.

Былтыр Алматы қаласындағы көше әжетханаларының бірінде табылған нәрестені отасқандарына көп жыл болған, алайда баласы жоқ жанұя асырап алды. Бұл туралы Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, жаңа отбасы сәбиді базадан көріп, бірден асырап алу туралы шешім қабылдаған.

«Әйел балалар үйіне келгенде сәбиді көріп, көзіне жас алды. Оны бірден алып кеткісі келді. Баланың жаңа отбасы толық, олардың отау құрғандарына көп болғанмен, балалары жоқ. Ерлі-зайыпты басқа қаладан келіп, арыз жазып, баланы 2023 жылдың мамыр айында асырап алды. Енді сәбиде толық және бақытты отбасы бар. Олар суреттерін жіберіп, қуаныштарымен бөлісіп отырады», - деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасынан.

Еске салсақ, жаңа туған нәресте 2022 жылдың тамыз айында көшедегі дәретханадан табылған болатын. Оны Түрксіб аудандық полиция қызметкерлері құтқарып қалды.