Жаңалықтар

«Алдымен итті, сосын әкемді атып кетті»: актер Бауыржан Сатов балалық шағындағы оқиғаны айтып берді

Фото: ашық дереккөз

Актер осы оқиғадан соң анасының жүрегі ауыратынын айтады.

Актер Бауыржан Сатов Тәуекел Мүслімнің Urpaq подкастында марқұм әкесі туралы айтты, деп жазды Turkystan.kz.

«Ол кезде небәрі үш жаста едім. Әкем небәрі 24-те, ал анам 23 жаста болатын. Бірақ бәрі еміс-еміс есімде. Әкемді біреулер анамның көзінше атып кеткен. Үйде әжем де бар еді. Ол кісі арақ-шарап, шемішке сататын. Ішіп алған адамдар есікті ұрып, сауда жасауын сұраған болуы керек. Апам «жоқ, түн болды, қайтыңдар» деген. Сол сәтте әлгілер апамды боқтаған. Оны менің әкем естіп қалған. Өзі қызуқанды, басынан сөз асырмайтын адам болған екен. Дереу сыртқа шығып, әлгілермен төбелесе кеткен ғой. Олар қайтып кетіп, біраз уақыттан кейін мылтықпен келіп, алдымен есіктің алдындағы итті атқан. Сол кезде әкем шығып қалған да, оқтың біреуі жүрек тұсына тиіпті. Сол жерде тіл тартпай кеткен», - дейді ол.

Актер осы оқиғадан соң анасының жүрегі ауыратынын айтады. Ал өзі әкесінің туыстарымен араласпаған.

«Не болғанын түсінбейсің, өмір ерте есейтті. Анам бізге әкенің де, ананың да орнын басты. Қазір әкемнің туыстарымен араласпаймын. Шынымды айтайын, мен әкемнің туыстарынан қорқып өскен баламын. Себебі, әкем қайтқасын олар үйге келіп, айқай-шу шығарған. Олар болған жағдайға менің анамды айыптады ма, әйтеуір сондай бірдеңе болды. Содан кейін олармен араласқым келмейтін. Анам жоқта үйге келсе кірпідей жиырылып, анамның ерте келуін тілеп отырушы едім. Қазір енді есейдік қой, бірақ арада бір салқындық бар, емен-жарқын аралас-құралас боп кете алмаймын», - дейді актер.