Руханият

«Айбала Құдайбергенқызы»: Америкалық қыз интернеттен қазақ тілін үйреніп, өзіне жаңа ат қойған

Фото: видеодан кадр

Кэмерон Фарр оқырмандарына тілді қалай тез меңгеруге болатыны жайлы айтып, кеңес береді.

17 жастағы америкалық блогер Кэмерон Фарр қазақ тілін интернеттен үйренген. Бүгінде оның видеороликтері мыңдаған қаралым жинайды. Ол осы арқылы әлеуметтік желіде танылған, деп хабарлады Turkystan.kz.

Жасөспірім бірнеше тілде сөйлей алады. Оқырманды оның тіл үйренуге деген қабілеті қызықтыратыны сөзсіз. Кэмерон Фарр қазақ халқының тілі мен салт-дәстүрі туралы көбірек білгісі келетінін жасырмайды.

«Менің Қазақстанға және қазақ тіліне деген қызығушылығымды тудырған нәрсенің жауабын Қызылордадан асырап алған бала және отбасының Қазақстанға сапары және олардың сонда тұруды шешкені туралы кітаптан басталды. Кітапта олар қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрі және басқа да көптеген нәрселер туралы әңгімеледі. Кітапты әлі таба алмай жүрмін, бірақ оның қазақ тіліне деген қызығушылығымды оятқаны есімде», - дейді ол Instagram-дағы парақшасында.

Кэмерон Фарр оқырмандарына тілді қалай тез меңгеруге болатыны жайлы айтып, кеңес береді. Ал өзі қазақ тілін интернет арқылы үйренген екен.

«Мен қазақша қалай үйрендім? Бұл - адамдарға қазақша немесе басқа тілдерде сөйлейтінімді айтқан кезде қойылатын ең танымал сұрақ. Сондықтан бүгін тіл үйренудегі негізгі ресурстарым YouTube екенімен бөлісемін, youtube-тен сөздік туралы бейнелерді қарай отырып, дәптеріме жазып алып, үйренген сөздерімді күнде дауыстап қайталаймын. Сондай-ақ мен күнделікті ана тілінде сөйлейтіндермен жаттығу жасаймын. Бұл, менің ойымша, шет тілін еркін меңгеру үшін маңызды», - дейді жасөспірім.

Блогер әнші Димаш Құдайбергеннің жанкүйері болғандықтан өзіне Айбала Құдайбергенқызы деген жаңа ат қойған.