Жаңалықтар

Кітап оқу мәдениеті: Павлодарда «Кітап – AMANAT» жобасы аясында 4-орталық ашылды

Бүгін «Кітап-AMANAT» жобасы аясында «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалында кітап орталығының ашылу салтанаты өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар басып шығаруға ерекше назар аударған еді. Ол кітап шығару ісі идеологиялық жұмыстың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Осы орайда, «AMANAT» партиясы халықтың отандық әдебиетке, оқу мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ қазақстандық қаламгерлер мен баспаларды қолдау мақсатында «Кітап-AMANAT» жобасын қолға алды. Мәселен, бүгін Павлодар қаласында партияның өңірлік филиалында осындай 4-орталық ашылды.

Кітап клубындағы жайлы орта ашылу салтанатына келген азаматтарды да бей-жай қалдырмады. Облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Александр Толмачев игі істі жалғастыруға ниет білдіріп, Ақсу қаласындағы ірі сауда ойын-сауық орталығында «Кітап-AMANAT» оқу залын ашуға уәде берді.

Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Серік Елікбай, Торайғыров университетінің ректоры Еркін Садықов және Margulan University ректоры Жанбол Жилбаев «Кітап-AMANAT» бастамасын қолдап, оң пікір білдірді.

Павлодарлық жазушылар Ғалымбек Жұматов, Александр Вервекин және Ертіс өңіріндегі өзге де танымал қаламгерлер өз кітаптарын сыйға тартты.

Павлодар қаласында ашылған «Кітап-AMANAT» кітап орталығына мыңға жуық кітап келіп түседі деп күтілуде. Еске сала кетейік, бұған дейін осындай орталықтар Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл облыстарында ашылды.