Жаңалықтар

14 жыл бойы халықаралық іздеуде болған азамат ұсталды

polisia.kz

Ол жылдар бойы шет мемлекеттердің аумағында бой тасалаған.

14 жыл бұрын Тараз қаласында тонау және бұзақылық деректерін жасағаны үшін ер адамға қатысты іздеу жарияланған, деп хабарлады turkystan.kz.

Жамбыл облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 2009 жылдан бері ҚР ҚК 178-бабы 2-бөлігі, 257-бабы 3-бөлігі (ескі редакция) бойынша іздеуде жүрген 49 жастағы Ө. есімді азаматты ұстады.

Polisia.kz сайтының мәліметінше, ол жылдар бойы шет мемлекеттердің аумағында бой тасалаған.

«7 қараша күні жамбылдық полицейлермен арнайы операция жүргізу барысында іздеудегі азамат Алматы қаласындағы фитнес залдарының бірінде ұсталды. Күдіктінің бет-бейнесі өзінің туған ағасына ұқсағандықтан, полиция қызметкерлеріне ол өзін бауырының есімімен таныстырған», – делінген хабарламада.

Анықтау жұмыстарын жүргізу үшін бір мезгілде оның туған ағасы Жамбыл облысының ПД-ге жеткізілді. Аталғандардың саусақ іздері алынып, жеке бастары толық анықталған соң іздеудегі азамат Алматы қаласы ПД УҰИ-ға қамаққа алынды.