Экономика

Зейнетақы активтері экономиканың нақты секторын несиелендіруге жұмсалуы мүмкін

Тимур Батыршин

Банк кірісіне салық салу мәселесі қарастырылды.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері екінші деңгейлі банктердің ұзақ мерзімді облигацияларына инвестициялануы мүмкін, деп хабарлады Turkystan.kz.

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің депутаттық сауалға берген жауабында жазылды.

«Экономиканы несиелендірудің тұрақты өсу факторларының бірі - банктерге  ұзақмерзімді жоспарлауды және «ұзақмерзімді» жобаларды қаржыландыруды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тұрақты қаржыландыру көздерін қалыптастыру үшін жағдай жасау. Осыған байланысты Ұлттық банк «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның зейнетақы активтерін нарық конъюнктурасы бойынша банктердің ұзақмерзімді облигацияларына инвестициялау, олардың тұрақтылығына қойылатын талаптарды белгілеу және бизнесті несиелендіру бойынша қарсы міндеттемелерді шығару мәселесін қарастыруда. Бұл қаражат тек нақты секторды несиелендіруге жұмсалады, бұл экономиканы әртараптандыруға және өсуіне ықпал етеді», – деді Ұлттық банк басшысы.

Т. Сүлейменов Ұлттық банктің ноталары бойынша банк кірістеріне салық салу мәселесі қарастырылғанын айтты. Бұл шараның қабылдануы банктерді әр қадамын аңдап басуға міндеттейді.

«Ұлттық банк осы түзетулерді қарау шеңберінде Ұлттық банктің ноталары бойынша ғана емес, сонымен қатар барлық басқа мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша да табысқа корпоративтік табыс салығын (КТС) енгізу қажеттілігі туралы ұстанымын білдірді. Бюджет кірістерінің күтілетін өсімін бағалау мақсатында 2022 жылдың соңындағы банктер ұсынған деректер және 2023 жылғы 31 тамыздағы мемлекеттік бағалы қағаздарды ұстаушылардың құрылымы негізінде есептеу жүргізілді. Осылайша, 2022 жылдың мысалын қолдана отырып, мемлекеттік бағалы қағаздарға салық салудан бюджетке түсетін қосымша түсімдерді бағалау банк секторы үшін 96 млрд теңгені (КТС мөлшерлемесі 20%), ал барлық мемлекеттік бағалы қағаздарды ұстаушылар – КТС төлеушілер үшін 165 млрд теңгені құрайды. Айналыстағы мемлекеттік бағалы қағаздар көлемінің өсуін ескере отырып, норма енгізілген кезде нақты кіріс жоғары болады», – деді бас банкир.