Қоғам

«Үйіне табытпен оралды»: 27 жастағы азаматты бір топ жігіт соққыға жығып өлтірген

Оқиға екі ай бұрын Алматыдағы Райымбек көшесінде болған.

Алматыға қыдырып келіп, үйіне табытпен оралды. Бұзақыларға кезіккен 27 жастағы азамат алғашында қашпаққа бекінген. Бірақ соңынан қуып жеткен бірнеше жігіт оны алысқа ұзатпады. Соққыға жығып, жол ортасына тастап кеткен. Ес-түссіз жатқанында көлік қағып, жүргізуші де оқиға орнынан бойтасалаған. Жәбірленуші көз жұмды. Марқұмның туыстары қылмыс жасағандар әлі күнге дейін бостандықта тайраңдап жүр деп ашынады. Turkystan.kz бұл туралы Астана телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.

Оқиға екі ай бұрын Алматыдағы Райымбек көшесінде болған. Таңғы уақыттағы жанжал бейнекамераға жазылған.

Алғашында соққыға жыққандар қамауға алынған. Туыстарының сөзінше, көп ұзамай, бостандыққа шығарыпты. Ал оқиға орнынан қашып кеткен көлік жүргізушісі үйқамақта екен. Марқұм жақындары қылмыскерлер жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды. 

Полиция департаменті осы оқиғаға қатысы бар екі күдіктінің үстінен бірнеше қылмыстық істің қозғалғанын мәлімдеді. Қалғандарының ісі тексеріліп жатқан көрінеді.

Марқұм Берікбай Сарыағаш қаласының тумасы. Туыстары кінәлілер жазасын заң бойынша алуын талап етіп отыр.