Жаңалықтар

215 лауазымды тұлғаның ақша жымқырғаны анықталып, шетелден 159,8 млрд теңге қайтарылды

сурет: kaztag.kz

Австриядан 36,8 млрд теңге, Лихтенштейннен 116,7 млрд теңге, Біріккен Араб Әмірліктерінен 6,3 млрд теңге, Түркиядан 253 млн теңге қайтарылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 10 айда атқарған жұмысының нәтижесі туралы есеп берді, деп хабарлады turkystan.kz el.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Антикор мәліметіне сүйенсек, осы уақыт ішінде елімізде 1 500-ге жуық жемқорлық қылмыс тіркеліп, 1100-ден астам қылмыскер әшкереленген, оның 158-і әртүрлі деңгейдегі басшылар.

Сотқа 1 мыңнан астам іс жіберілді, олар бойынша 282 млрд теңге залал өтелген.

2021 жылдан бастап бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шамамен 857 млрд теңге сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражатты қайтару қамтамасыз етілді. Оның ішінде 159,8 млрд теңгесі шетелдік юрисдикциялардан түскен ақша қаражаты түрінде. Бұл сома мемлекет бюджетіне түсті.

Мәселен, Австриядан 36,8 млрд теңге, Лихтенштейннен 116,7 млрд теңге, Біріккен Араб Әмірліктерінен 6,3 млрд теңге, Түркиядан 253 млн теңге қайтарылған.

Заңсыз сатып алынған активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатыр, – деп мәлімдеді агенттік.

Жыл басынан бері өңірлерде барлығы 215 лауазымды тұлғаның қылмыс жасағаны анықталған, оның 137-сі – басшылар.

Мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізген кезде Антикор 38 млрд теңгеден астам шығынның алдын алған.