Жаңалықтар

Қазақстан ешкімнің "артқы ауласы" емес – министр Bloomberg агенттігінің мақаласына қатысты пікір білдірді

сурет: primeminister.kz

Серік Жұманғарин Еуразия кеңістігінде көптеген мәселе шешімін тауып жатқанына да тоқталды.

Қазақстан ешкімнің "артқы ауласы" емес. Осылай мәлімдеген Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Bloomberg агенттігінің мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады turkystan.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстан ешкімнің де "артқы ауласы" емес. Тәуелсіз елміз. Көпжылдық тарихы бар Мәңгілік ел. Өткенде Түркістанда үкіметаралық комиссия өткіздім. Ресейлік әріптестерімізді Қожа Ахмет Йасауи кесенесіне апардық. Экскурсия жетекшілері бұл залда Ақсарай хан І Петрдың елшілерін қабылдағанын айтты. Бұл осыдан көп жыл бұрын болған. Сонда ресейлік әріптестеріміз біздің тарихымыз туралы ештеңе де білмейтіндерін жеткізді. Кездесу барысында Мәскеуден Түркістанға дейін тікелей рейс ашу туралы келістік, – деді министр Үкімет отырысында өткен брифингте.

Серік Жұманғарин Еуразия кеңістігінде көптеген мәселе шешімін тауып жатқанына да тоқталды.

"Бірқатар мысал да келтіре аламын. Qazaq Air рейстерін Челябинск және Новосибирскте ашу туралы да келісімге келдік", - деп айтты Сауда және интеграция министрі.

Өткен аптада Қазақстанға Франция Президенті Эмманюэль Макрон ресми сапармен келген болатын. Осы сапар туралы Bloomberg агенттігі Қазақстанды "Ресейдің артқы ауласы" деп көрсетіп, осы тақырыппен мақала жариялаған еді.