Жаңалықтар

Вандалдар ұлттық мұрамызды тонап жатыр – Еділ Жаңбыршин

Әли Ғалым

Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен қорғауға арналған жалпы республикалық акция биыл 20 қазанда басталған болатын.

«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен қорғау жөніндегі ауқымды республикалық акцияны жалғастыруда. Кеше осы тақырып аясында дөңгелек үстел өтіп, оған белсенділер, сарапшылар, Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері мен студенттер қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында заңды қатаң сақтауды, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Президент даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретініне назар аударды.

Мәселені шешу үшін жастар қанатының белсенділері мен жақтастары тарихи ескерткіштерді, табиғи саябақтар мен киелі жерлерді бұзақылық пен вандализмнің іздерінен тазартуға кірісті. «Жастар Рухы» төрағасының орынбасары Ақерке Искандерованың айтуынша, бұл мәселе ғалымдар мен сарапшыларды ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатып отыр.

«Жақында біз «Жұмақтас» жартасын тазартуға бардық. Ол жерде бояу тастарға өте қатты сіңіп кеткені соншалық оларды толығымен тазалап кетіруге бірнеше ай уақыт кетеді. Тіпті адам аяғы баса бермейтін жерді де бояп тастаған, онда машықтанбаған адамға арнайы жабдықсыз көтерілу қиын. Айналаның бәрі ылғал, тастар тайғақ болғандықтан оған жету мүмкін емес. Бірақ кейбір «шебер-бояушылар» сол жерге арнайы бояу мен құралдарын алып шықты ғой. Ескерткіштерді тазарту мен сақтаудан бөлек, біздің акциямыздың мәдени-ағартушылық миссиясы да бар. Жастар тарихты нақты мысалдармен зерттеп, сонымен бірге мәдени және табиғи мұраға жауапкершілікпен қарауды үйренеді», - деді ол.

Ақерке Искандерова жастар қанаты осы жағдайға қатысты әлеуметтік  зерттеуді бастағанын айтты. Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында 18 бен 50 жас аралығындағы 100-ден астам адамнан сауалнама алынған. Азаматтар вандализмге қарсы күресудің  тиімділігін арттыру және оның алдын алуға қатысты түрлі ұсыныс пен идеялар айтуда. Зерттеу қорытындылары қажетті шешімдер қабылдау үшін Мәжіліс пен Үкіметке жолданбақ.

Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы, «AMANAT» фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин мұның бәрі әрбір жеке тұлғаның тәрбиесі мен мәдениетіне байланысты екенін атап өтті.

«Қазақстандағы мәдени-тарихи ескерткіштерінің 60%-ы Маңғыстау облысында орналасқан, «ашық аспан астындағы музей» деп атауға болады. Бұл көне дәуірден келе жатқан ескерткіштер. Олардың бәрі мемлекеттің қорғауына алынған, бірақ соңғы кезде заңның әлсіздігіне байланысты көптеген қорымдарды темір іздейтін құрылғымен қараушылар қопарып, бүлдіріп кеткен. Олар тек сол жердегі ұлттық қазынаны ұрлап қана қоймай, нысанның іргетасын да бұзады», – деді ол.

Бұл ретте қолданыстағы заңнамаға енгізілуі қажет өзгерістерге халық қалаулысы жеке тоқталды.

«Бірінші мәселе әртүрлі нысанды қарайтын инспекторлар хаттама толтыра алмайды, оларға сол бұзып жатқан адамдарды ұстап, жауапкершілікке тартуға заңды құқық берілмеген. Екінші, Еуропада темір іздейтін құрылғы жеке адамға сатылмайды. Оны арнайы маманданған мекемелерге ғана сатылып алуға рұқсат беріледі және ол лицензияланады. Қазақстанда да солай жасауымыз керек. Бұл – біздің өткен тарихымыз. Егер тарихты сақтап қорғамасақ, онда ертең ұлттық мұрамызды жоғалтып, қайдан шыққанымыз, ата-бабамыз кім деген сияқты түпкі тарихымызды ұрпаққа жеткізе алмаймыз. Сондықтан, тек қана тәрбие жұмысымен айналысып қоймай, заң жағынан да әртүрлі шектеу жасауымыз керек»,- деді ол.

Жыл басынан бері Қазақстанда вандализмнің 1200-ден астам фактісі тіркелді деп мәлімдеді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев.

«Мұндай жағдай өзімнің басымнан да өтті. Менің ата-анам Алматыдағы зиратта жерленген. Олардың қабірін тонап қана қоймай, басқа да шойын қоршауларын сындырып, алып кеткен. Құқық қорғау органдарына жүгінгеніме қарамастан, осы әрекет үшін ешкім де жазаланған жоқ. Сонда мұны қалай істеген деп сұрадым. Шойын – бұл сынғыш металл және оны алып кету үшін машинаға тиеудің қажеті жоқ. Тек балғамен ұрып құлатады да, қапқа салып, темір қабылдау пункттеріне апарады», - деді ол.

Халық қалаулысы жыл басында Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне енгізілген түзетулерге сәйкес, тарихи-мәдени мұраларға, тарих және мәдениет ескерткіштеріне, мемлекет қорғауындағы табиғи нысандарға жазып, бояп, суреттер салып немесе қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіретін өзге де іс-әрекеттермен қорлағаны үшін 50-ден 100 АЕК-ке дейін айыппұл, не түзеу жұмыстары немесе қоғамдық жұмыстарға 160 сағатқа дейін тарту немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу көзделгенін жеткізді.

Партиялықтар аталған мәселеге қатысты қатаң шаралар қолдану қажет деп есептейді. «AMANAT» партиясы Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Динара Сәдуақасова вандалдар мен бұзақыларға қарсы әрекеттің халықаралық тәжірибесін мысалға келтірді. Сонымен, тарихи ескерткіштерді бүлдіргені үшін Италияда 5-тен 32 млн теңгеге дейін, Өзбекстанда – 1,2 млн теңге, Ресейде – 1-ден 15 млн теңгеге дейін айыппұл қарастырылған, ал Ұлыбританияда айыппұлдың ең жоғары мөлшері мүлдем шектелмеген.

«Келтірілген зиянның ауырлығына байланысты бас бостандығынан айыру да көзделеді. Ұлыбританияда бұл 6 айға дейін, ал Ресейде 2 жылдан 3 жылға дейін. Бұл тұрғыда Қазақстанда ең жеңіл жаза мен ең төмен айыппұл қолданылады. Яғни, мемлекет мұндай фактілерге жұмсақ қарайды. Жаза қолданудан бөлек, кезекшілікпен күзет пункттерін қою сияқты вандализм фактілерінің алдын алуды қолға алу керек. Киелі орындардың барлығында мұндай пункттерді бірден ашу мүмкін емес екені түсінікті. Біз республикалық маңызы бар ескерткіштерден бастауды ұсынамыз. Оқушылар мен студенттерді еріктілер ретінде археологиялық экспедицияларға жиі тартқан жөн», - деді ол.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бауыржан Смағұлов «Жастар Рухы» бұл бағытта маңызды әрі жемісті жұмыс атқарып жатқанын атап өтті. Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Серғазы Қуандықов ғылыми зерттеулер мен экспедицияларды қаржыландырудың жетіспеушілігі мәселесін көтерді.

Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, дөңгелек үстел тақырыбы бойынша ұсынысын ортаға салды.

Еске сала кетейік, Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен қорғауға арналған жалпы республикалық акция биыл 20 қазанда басталған болатын. «Жастар Рухының» 50-ден астам белсендісі осы бағыттағы алғашқы сенбілікті «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында өткізіп, «Жұмақтас» жартасын тазалады.

Алматы облысындағы Іле өзенінің бойында орналасқан «Тамғалы-Тас» шатқалынан 10 қап қоқыс шығарылды. Қостанай облысы Мичуринск ауылында «Жастар Рухы» белсенділері Ыбырай Алтынсарин кесенесінің аумағында сенбілік өткізді. Осындай іс-шаралар бүкіл ел аумағында өтіп, оған 1500-ден астам жастар қатысты, олар 500-ден астам ескерткіш пен киелі орындарды тазартты.

«Жастар Рухы» белсенділері ұлттық мұраны қорғауға бағытталған акцияға бұл мәселеге бейжай қарамайтын барша қазақстандықты  қатысуға шақырады. Ол үшін әлеуметтік желілердегі @jastar_ruhy парақшасындағы ақпараттармен таныса аласыз немесе +7 776 558 4439 WhatsApp нөміріне жазуға болады.