Жаңалықтар

Қор нарығы қалай жұмыс істейді?

Cурет: Spencer Platt/Getty, New Yorker

Әлеуметтік желілерде қор нарығына қатысы жоқ түрлі заңсыз схемалар мен пирамидаларды компаниялардың атынан жарнамалау жиілеп кеткен.

Қазіргі кезде қор нарығы, инвестиция сияқты тақырыптарға қызығатындар саны өсіп келеді. Дегенмен, әлеуметтік желілерде қор нарығына қатысы жоқ түрлі заңсыз схемалар мен пирамидаларды компаниялардың атынан жарнамалау жиілеп кеткенін байқауға болады. Ең алдымен "қор нарығы дегеніміз не?" деген сұрақтан бастайық.

Қор нарығы дегеніміз – бағалы қағаздар нарығы, сіз бұл қағаздарды биржада сатып ала аласыз және сата аласыз.

Ал биржа – сатып алушы мен сатушы кездесетін орын. Тек биржада тауарлар емес, бағалы қағаздар сатылады. Әдетте, биржада акциялар, облигациялар және ETF пен пай қорларының бөлігін сатып алуға болады.

Биржа сауда-саттықтың заң аясында, дұрыс өтуін қадағалайды, сонымен қатар оған қатысушылар арасындағы қатынастарды реттейді. 

Бұл жерде қатысушылар дегеніміз – инвесторлар, брокерлер, эмитенттер. Ал эмитент – бағалы қағаз шығаратын заңды тұлға.

Биржада қатаң тәртіп сақталады: барлық сатып алу-сату операциялары тіркеледі, нарықтың барлық қатысушыcының қағаздары кімге тиесілі екенін білуі үшін барлығы жазылып отырады. Инвестор эмитенттің акцияларын сатып алғаннан кейін, мәміле туралы мәлімет тіркеуші мен депозитарийге жіберіледі.

Инвестордың бағалы қағаздарының есебін кастодиан банкі — сатып алған активтерді сақтайтын компания жүргізеді. Барлық акция иелері тіркелген тізім болады. Тізім көптеген жеке шотқа бөлінеді және олар акционерлердің қайсысында қанша акция бар екенін көрсетеді.

Жүйе ақаусыз және заң бойынша жұмыс істеуі үшін реттеуші қажет. Қор нарығымен биржадағы тәртіпті кім қадағалайды? Қазақстан нарығында бұл міндетті ҚР Ұлттық Банкі орындайды. Ол нарықтың барлық кәсіби қатысушыларына арнайы лицензиялар береді.