Жаңалықтар

ҚТЖ: «Ем алмағандар» мен «демалмағандардың» заңсыз әрекеті әшкереленді

inbusiness.kz

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы АҚ-ның 100 қызметкері санаторийге барғаны туралы жалған анықтама жасатқан, деп хабарлады Turkystan.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағанды көлік прокуратурасы «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Қарағанды магистральдық желі бөлімшесі» қызметкерлерінің сауықтыру үшін қаражат жұмсау кезінде заңдылықтың сақталуына талдау жүргізген. ҚТЖ есептері мен курорттық ұйымдардың ақпараттарын салыстыра келе прокуратура ҚТЖ филиалының емделуді қажет ететін әрбір үшінші қызметкері санаторийге іс жүзінде келмегені және тиісті процедураларды алмағанын анықтаған.

ҚТЖ мен оның еңбек ұжымы арасында жасалған ұжымдық шартта жұмыс беруші мұқтаж жұмысшыларға жеңілдік шарттарымен санаторлық-курорттық емделуге жолдама беруге немесе медициналық көрсеткіштер болған жағдайда, 60 АЕК мөлшерінде материалдық көмек көрсетуге міндетті екені көрсетілген. Құжатқа сәйкес теміржол саласының қызметкерлері әр 3 жыл сайын емдік санаторийлерге жолдама алуы тиіс. Шартқа сәйкес барлық қаржылық шығынды Ұлттық тасымалдаушы көтереді.

«Азамат А. осы жылдың наурыз айында сауықтыру орталығында демалғаны туралы құжат ұсынған. Алайда медициналық мекеменің жауабынан көрсетілген адамның оларда болмағаны анықталды. Жалпы алғанда прокуратура Қарағанды облысының темір жол саласы қызметкерлерінің курорттық ұйымдардың қызметтерін алу туралы осыған ұқсас 100 жалған есепті анықтады. Алаяқтық негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, оны жүргізу көлік полициясына тапсырылды», – делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.