Ұлтаралық достық фестивалі өтті
Қарақалпақ мемлекеттік университетінде «Жаңа Өзбекстан-достық мекені» атты ұлтаралық достық фестивалі өтті.
Жақында Қарақалпақстан астанасы Нөкіс қаласындағы Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінде «Жаңа Өзбекстан-достық мекені» атты ұлтаралық достық фестивалі өтті.
Оған Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесі бастығының орынбасары Б. Өтемұратов, Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесі Қоғамдық және діни ұйымдармен байланыстар бөлімі орынбасары Р. Нуразизов, Республикалық рухилық және ағартушылық орталығы Қарақалпақстан Республикасы бойынша бөлім бастығы Т. Атамуратов және «Қазақ», «Орыс», «Украин», «Түрікмен», «Корей» ұлттық мәдени орталықтарынан өкілдер қатысты. Полесск мемлекеттік университетінің ректоры Валерий Дунай арнайы қонақ болды.
Фестивальді университет ректоры А. Реймов ашып, Өзбекстанда 130-дан астам ұлт өкілі бір отбасы перзентіндей тату өмір сүріп жатқандығын, олардың білім алу, кәсіп-өнер үйренуі, мәдениеті, ғұрып-әдеттерін сақтауы және дамытуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалғанын атап өтті.
Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесі бастығының орынбасары Б. Өтемұратов өз сөзінде Өзбекстанда ұлтаралық татулықты дамыту, адамдардың ұлтына, дініне қарамай тең құқықта, еркіндікте өмір сүруі үшін барынша жағдай туғызу ел саясатының басты бағыты екендігін айтып, қатысушыларды мерекемен құттықтады.
Жиылғандар фестиваль аясында мәдени ұлттық орталықтардың көрмесін, университетіміздің белсенді студенттері әзірлеген концертті тамашалады. Студенттер «Ұлттық жәдігерліктердің ең белсенді насихаттаушысы», «Жас аспаздар» жарысын, психологиялық тренингтер, бесік жыры, беташар және сол сияқты басқа да ұлттық дәстүрлерлерден көрініс қойып, суретшілер көрмесін ұйымдастырды.
Шәмші АЛДОҢҒАРОВА,
Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің магистранты,
Нөкіс қаласы,
Қарақалпақстан