Экономика

Атырау мұнай өңдеу зауыты қайта іске қосылды

ашық дереккөз

Зауыт 60% қуатымен жұмыс істеп тұр.

Атырау мұнай өңдеу зауытында жыл сайын ұйымдастырылатын тексеру шаралары аяқталды, деп хабарлады Turkystan.kz.

Бұған дейін жоспарлы жөндеуге жабылған зауыт қазір 60% қуатымен жұмыс істеп тұр.

Зауыт толық қуатына кезең-кезеңімен көшеді. Алдағы жөндеу мен іске қосу үдерісі қалыпты жұмысқа кедергі келтірмейді.

Бүгінгі таңда зауыттың шаруашылық, алғашқы өңдеу және мұнайды қайта өңдеу нысандарының басым бөлігі, соның ішінде терең өңдеу кешені міндетін мінсіз атқарып тұр.

Бұған дейін зауыттың баспасөз қызметі «Алдын ала жоспарланған тексеру жұмыстарын жүргізуге 1 600 жұмысшы мен 116 арнайы техника жұмылдырылмақ. Жоспарланған жұмыстың жалпы еңбек сыйымдылығы 1 млн адам/сағ асады. Технологиялық қондырғылар тоқтатылған кезде реакторлық жабдықтардағы катализаторлар ауыстырылады», – деп хабарлаған болатын.

Айта кетейік, жоспарлы жөндеуге жабылғанға дейін Атырау мұнай өңдеу зауытының резервуарында 36 мың тонна автобензин, 32 мың тонна дизель отыны, 7,4 мың тонна әуе отынының қоры қалыптасты.