Сенат заңнама арқылы кәсіпкерлікті дамытуға дайын

Сенат заңнама арқылы кәсіпкерлікті дамытуға дайын

Сенат заңнама арқылы кәсіпкерлікті дамытуға дайын
ашық дереккөзі
  Сенат төрағасы бизнестің өзін-өзі реттеуіне жағдай жасау керектігіне назар аударды, деп жазады palata.kz. ҚР Парламенті Сенатында «Бизнестің құқығы мен заңды мүддесін қорғауды қамтамасыз ету және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттің осы саладағы байланысы» тақырыбында тыңдалым өтті. Жиында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бизнес ахуал жақсарғанына, Dooing Bussiness дүниежүзілік банк жүргізген рейтинг бойынша Қазақстан 190 елдің ішінде 35 орынды иеленгенін жеткізіп, кәсіпкерлікті қолдауда бірқатар заңнамаларға өзгерістер енгізілгенін баяндап, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» қоры бизнесті қолдауда айтарлықтай үлес қосып отырғанына тоқталды. «Біздің басты мақсатымыз – бизнесті дамыту үшін мемлекеттің де, кәсіпкерлердің да мүддесін байланыстыратын тиімді әрі қолайлы ортаны қалыптастыру. Іскерлік ахуалды жақсартуда жасалып жатқан істің жеткіліксіз екенін көруге болады. Себебі, біздің экономикамызда ірі бизнес басымдық танытып отыр. Экономиканың әртараптандырылуы туралы әлі де айта алмаймыз. Шағын және орта кәсіпкерліктің ЖІӨ үлесі 25%-дан аспайды. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50%-дан асады. Қазақстан бизнесінің инновацияны қолдануы төмен. 2015 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-дегі инновациялық өнім үлесі шамамен 1%. Бұл мәселені егжей-тегжейлі қарап, себебін анықтауымыз керек», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сенат төрағасы өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарға, жеке кәсібін ашуға ниеттенген жандарға барынша қолдау көрсетіп, жастарға кәсіпкерлік негіздерін оқытуды, олардың жеке бизнесте жұмыс істеуіне жағдай жасау керектігіне баса назар аударды. Сонымен қатар Қ.Тоқаев шетелдік инвесторларға, сондай-ақ отандық кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасымен қызмет көрсету мәселесі өзекті, бұл бағытта кемшіліктер бар екенін жеткізді. Әлі де «бір терезенің» жанынан қосымша «терезелер» ашылып, мнистрліктер арасындағы әуре-сарсаңның шешілмегенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елбасы атап өткендей, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы елімізде кәсіпкерлікті қолдауда пайдалы іс атқарып келеді. Осы парламенттік тыңдалым Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнес ахуалды жақсартудағы қызметіне демеу болады деп ойлаймын. Алдағы уақытта Сенат тарапы Қазақстанда кәсіпкерлікті сәтті дамыту үшін заңнамалық базаны жетілдіру жұмысына қатысуға дайын», ­– деп, «Атамекеннің» жұмысына жан-жақты қолдау болатынын жеткізді.