Қоғам

ШҚО-да ауылдық округ әкімі 15 тәулікке қамалмақ

ШҚО-да оқыс оқиға болды

Өңірдегі әдеп кеңесінің отырысында Алтай ауданындағы шенеуніктердің жиі шектен шығатындығы талқыланды. Малеев ауылдық округінің әкімі мас күйінде көлік жүргізіп, жол-көлік оқиғасына тап болған, деп хабарлады turkystan.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті өкілдеріне алтайлық шенділер соңғы уақытта ішімдікке әуестеніп, төбелесте де төбе көрсетті деген ақпарат жеткен. Бұзақылыққа барғандардың тегі әлі анықталмағандықтан оларға тәртіптік іс қозғалмады. Кеңес төрағасы Нұрлан Еркебаев Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқаровадан "қол астыңыздағыларды қорғаштап отырған жоқсыз ба?" деп нақтылаған еді, ол "жоқ" деп сеніммен айтты.

Ал жиын барысында Малеев ауылдық округінің әкімі Владимир Молотковтың тәртібі қаралды. Қолда бар ақпарат оқылған кезде оның осы уақытқа дейін мас күйде көлік жүргізгені айтылды. Онымен қатар жол-көлік оқиғасына тап болған. Десе де оқиға орнынан ізін суытпады, тәртіп сақшыларының келуін күтіпті. Куәландыру кезінде оның қанынан 2,4 промилле мөлшерінде алкоголь табылды. Сот оны жүргізуші куәлігінен айырып, енді ол жеті жылға көлік жүргізуден қағылды. Сондай-ақ шенеунік уақытша ұстау изоляторына 15 тәулікке қамалады. Қазіргі уақытта ол жерде кезек тұр, орын қашан босайтыны белгісіз.

Владимир Молотков өзі кінәсін мойындады. Оның айтуынша, өзін сергек сезінген соң ғана көлікке отырған. Ал оған дейін сырадан ұрттап, кейін душ қабылдаған соң айығып алған көрінеді. Жолда "болмашы" жол апатына түсіпті. Қызметтік көлік шығыны шамамен 500 мың теңгедей, ал қарсы тарап шағымданбаған.

Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарованың айтуынша, Владимир Молотковты округ тұрғындары сыйлап тұр, жұмысына көңілдері толады.

Кеңес аталған мәселені ұзақ талқылады. Жиынның түйіні сол, әкім алдымен 15 тәулікке қамалмақ. Одан бөлек, кеңес мүшелері аудан әкімінің міндетін атқарушыға Молотковты жұмысынан шығаруды ұсынды.