Мөлдір Жаңбырбай: Әлем чемпионатындағы үш жүлденің екеуі – біздің отбасынікі
Каратэ Жапониядан шығып, онда қарқынды дамығандықтан, жарысқа барғанда бапкерлер «Бірінші жапондыққа қарсы шығасың» десе, «Ұтылып қалатын болдық» деп уайымдап, бойымызды үрей билеп, қорқақтайтын едік. Ал қазір, керісінше «Қазақстан» десе, бәрі қорқады.
Мөлдір Жаңбырбай үш күн бұрын Венгрия астанасы Будапештте өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанып, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы әлем чемпионы атанған тұңғыш каратэші атанды. Бір ай бұрын Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында күміс жүлдені еншілеген Мөлдір дүниежүзінің кіл мықтылары бас қосқан Будапешт төрінде тарихи алтынды жұлып алды. Араға 1 жыл үзіліс алып, спортқа қайта оралған Мөлдір басында оның тез арада өз бабын қайтарып алатынына ешкім сенбегенін айтады. Алайда ол әлі де жеңіс тұғырына көтеріле алатынын өзгелерге емес, алдымен өзіне дәлелдеуді мақсат еткен. Алған бетінен қайтпайтын ол бір ай бұрын Азия ойындарында жеңіс тұғырының екінші орнына көтерілсе, үш күн бұрын Венгрияда бірінші орынға көтеріліп, Көкбайрағымызды көкте желбіретіп, әнұранымызды әуелетті. Будапешттен келе сала Астанаға Президентпен кездесуге асыққан Мөлдірге хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.
«Басында әлем біріншілігі емес, қатардағы бір жарысты ұтып алғандай сезіндім»
– Мөлдір, тарихи жеңісіңіз құтты болсын! Қытайда өткен Азия ойындарының финалында ұтылғанда өкініштен жылағаныңызды жазған едіңіз. Міне, араға бір ай салып әлем чемпионы атанған сіздің өткенде марапаттау рәсімінде қуаныштан жылағаныңызды байқадық. Будапешттен келе сала Астанаға жол жүріп кеткен сіздің құттықтаулар мен ыстық лебізін қарша боратқан жанкүйерлерге жауап беруге мұршаңыз болмай жатқан сыңайлы.
– Дәл солай. Қолым тимей кетті. Дегенмен бұл жеңістің маңызын байыбына барып енді түсініп жатқандаймын. Басында әлем біріншілігі емес, қатардағы бір жарысты ұтып алғандай сезіндім. «Бұл медаль бәрінен өзгеше» деген ой бірте-бірте келіп жатыр.
– Кеше бір сұхбатыңызда әлем чемпионатында өнер көрсету онша қиын болмағанын айтып қалдыңыз. Сіз үшін бұл оңай «жорық» болды деп айтсақ бола ма?
– Оңай болды деп айта алмаймын. Тек дайындығым, дене қалыбым өте жақсы деңгейде болды. Мен дүниеге бала әкелген соң, биыл спортқа қайта оралып, жалпы саны бес жарысқа, атап айтсам, Марокконың Рабат қаласында, сосын Испанияның Мадрид қаласында өткен Премьер-лига кезеңдерінде, сосын Малайзияда өткен Азия чемпионатында, содан соң Ханчжоуда өткен Азия ойындарында, сосын күні кеше Венгрияда аяқталған әлем чемпионатында бақ сынадым. Бастапқы үш сайыста өз-өзіме, төбелескеніме көңілім толмады. Сол үш жарысқа дайындық барысында тез шаршап, қиналатын едім. Ал Азия ойындары мен әлем чемпионатында жағдай керісінше болды. Күшім тасып, өз-өзіме деген сенімділік молайып, нағыз бабымда жүрдім. Алдындағыдай ентігіп, шаршап қалу деген жоқ. Бәрі керемет болды.
– Биыл сізден бөлек, Ризабек Айтмұхан да өз спортында бұрын-соңды болмаған нәтиже тіркеп, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанды. Ризабектен жарыс аяқталған соң сұхбат алғанымызда, біресе күліп, біресе көзіне жас алып, түрлі эмоцияны бастан кешірген еді. Ал сіз бұл жетістікке салмақты қарайтын секілдісіз?
– Мен эмоцияға жоқ адаммын. Ішімде не болып жатқанын көрсетпеуге, реакциямды қатты білдірмеуге тырысамын. Бала кезден сондаймын. Жарыстан ұтылып қалсам да, жер тепкілеп, жылау, налу деген жоқ. Тіпті, ұтсам да, алақайлап, бөркімді аспанға лақтырып, қатты қуана алмаймын. Бәріне байсалды, салмақты көзқараспен қараймын. Дейтұрғанмен, әлем чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алғаныма қуаныштымын. 30 жылда ешкімге бұйырмаған жүлденің менің еншіме жазылғаны қуантпай қоймайды. Әлбетте, қуаныштымын!
«Бала босанған соң, мені тез арада өз бабына келеді деп ешкім ойлаған жоқ»
– Өмірге сәби әкелгеннен кейін биыл спортқа оралған сіз бес жарысқа қатысып, бесеуінен де құр қол қайтпадыңыз. Әдетте мұндайдан кейін әйел спортшылардың қайта қалыпқа келуіне айлар емес, тіпті жылдар кететінін білеміз. Сізде «Қайтсем де, биылғы басты жарыстарда топ жаруым керек» деген меже болды ма?
– Менде нақты бір меже болған жоқ. Мен спортқа неліктен оралдым? Мен нағыз өз бабымда жүргенде спорттан кетіп қалдым ғой. Олимпиада ойындарына кейін, Азия ойындарына тыңғылықты дайындалып жүргенде күтпеген жерден аяғым ауыр екенін білдім. Сөйтіп, бірден спорттан қол үзуге тура келді. Дегенмен ішімде бірдеңе қалып кетті. Бейнелеп айтсам, «үлкен жарыстарға қатысуым керек» деп «аш» күйде жүрдім.
– Гештальт жабылмай қалды ма?
– Иә. Аяғым ауыр кезде де «түбі спортқа ораламын» деп жүрдім. Оған қоса, Азия ойындарының өту мерзімі де ауысты. Негізі, ол ойындар менің аяғым ауыр кезде 2022 жылы өтуге тиіс еді. Алайда ол келесі жылға шегерілді. Сондықтан мен мұны бір белгі деп түсіндім. Қазақстанда Азия ойындарына іріктеу қатаң жүргізіледі. Бапкерлер босанғанға дейін құрама қатарында жақсы өнер көрсетсем де, мені жайдан жай ұлттық командаға қабылдап, жарысқа алып кете салмайды. Сондықтан Рабат пен Мадридте өтетін Премьер-лига кезеңдеріне қатысып, өз-өзімді дәлелдеуім керек болды. Сөйтіп, қызыма алты ай толған кезде жарысқа шықтым. Оның алдында ешбір жаттығу жиындарына бармай, өз бетімше жаттықтым. «Көрейін. Егер бұл жарыстарда нәтиже шығарсам, ары қарай басты жарыс – Азия ойындарына да ілініп қалармын» деп ойладым. Сөздің шыны керек, мені бала босанған соң, тез арада өз бабына келеді деп ешкім ойлаған жоқ.
Алайда Премьер-лиганың финалына шыққанымда ағайлардың менің бабымда жүргеніне көзі жетіп, Азия ойындарына қатыстыру туралы шешім қабылдады. Біле білсеңіз, құрамада бәсеке мықты. Командада Азия ойындарына баруға лайық қыздар жетерлік. Негізі, біз барлық жарыста бес салмақ бойынша сынға түсеміз. Ал Азия ойындарына тек төрт салмақ дәрежесінде өнер көрсететін каратэшілер қатыса алады. Бір салмақ бойынша жаттыққандар жарыстан тыс қалады. Мен спортқа қайта оралып, өз-өзімді көрсетпесем, менің салмағымды «тастап» кетуі мүмкін еді. Одан бөлек те, жоғарыда айтып өткенімдей, іште бір өкініш қалып кетті. «15 жыл спортта жүрген қалайша ештеңе жұлып кете алмаймын?», «Олимпиадаға баруын бардым, бірақ орын ала алмадым. Енді басқа ірі жарыстарда топ жармай қалай спортпен қош айтысамын?» деген ой маза бермей қойды.
– Сөзіңізге қарасам, сіз әлем чемпионатына емес, Азия ойындарына басымдық бергенге ұқсайсыз?
– Иә. Әлем чемпионатына барып, ешкім алмаған жүлдені мен аламын деп ойлаған жоқпын. Мұндай жетістікке қол жеткізу үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Азия ойындары төрт жылда бір рет өтетіндіктен, атлеттер сонда топ жаруға барын салады. Мен биыл Ханчжоуда өткен Азия ойындарында күміс жүлдені еншіледім. Сосын арада бір ай өтер-өтпес уақытта әлем чемпионатына қатысу бақыты бұйырды. Алайда жоғарыда айтқанымдай, бұл жарыста алтын медаль иеленемін деп еш ойламағанмын. Ондай мақсат болған жоқ. Жалпы, босанғалы бері үлкен бес жарысқа қатысыппын. Сол бес жарыстың бесеуінен де жолдасым екеуіміз жүлдесіз қайтпаппыз.
– Сәбиіңіздің ризық-несібесі...
– Иә, мен де солай айтамын.
«Күйеуім мен финалға шыққан кезде жылады»
– Кеше сұхбатыңызда «Құрамаға түскен үш жүлденің екеуі – біздің отбасымыздан» деп айтып қалдыңыз. Каратэден ұлттық құраманың мүшесі, Азия ойындарының бірнеше мәрте жүлдегері, кеше сіз жеңімпаз атанған әлем чемпионатында қола жүлдені иеленген Дидар Әмірәлі екеуіңіз ерлі-зайыпты екендеріңізді көпшілік біле бермейді екен.
– Иә, кеше бір жиында «Күйеуіңіз қайда?» деп сұрайды. Дидарды көрсетсем, таңғалып жатыр. Әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалған Дидар маған қарағанда биік мақсат қойды. Ол жарыстан жарысқа қатысып, жаттығу жиындарына барып, үй көрмей жүрді. Қызымды дүниеге әкелген сәтте ғана қасымда болды, ал қалған уақытта сыртта жүріп, ұлттық құрамамен бірге дайындық жұмыстарын жүргізді. Жолдасым Азия ойындары мен әлем чемпионатында топ жаруды қатты қалады. Жалпы, оның салмағында (67 келіге дейін) бәсеке көркі қызып тұр. Әрі қатысушы саны да көп. Дейтұрғанмен әлемнің түпкір-түпкірінен келген 80-ге жуық спортшының арасынан қола жүлдені жұлып алып, жеңіс тұғырына көтерілу оңай емес. Оған қазір тіпті де оңайға соқпайды. Өйткені мен жаттығу жиындары мен сайысқа кетіп қалғанда, қызымды қатты сағынып, жылаймын. Ол мені жұбатумен әлек болады. Өзін ойламай, мені ойлап жүреді.
– Будапешт татамиінде екеуіңіз бір күнде жарысқа шықтыңыздар ма?
– Иә. Үшінші орын үшін талас таңертең болады. Ал финал түстен кейін өткізіледі. Күйеуім үшінші орынды алғанын көрген кезде, көңілім орнына түсіп, жаным жай тапқандай күйде болдым. Сосын еш уайымсыз финалға дайындалдым. Жалпы, сол күні мен өзімді емес, күйеуімді қатты уайымдадым. Ал күйеуім өзін ойлағанның орнына, «Бұл – тарих!» деп менің финалға іркілмей шыққанымды уайымдап жүр. Екеуіміз солай бір-бірімізді уайымдап жүреміз (күліп). Ол тіпті мен финалға шыққан кезде жылағаны бар. Мен өз-өзіме келе алмай, финалдың маңызын түсіне алмай жатсам, күйеуімнің жанары жасқа толып, толғанып жүр (күліп). Оның бұлай жылағанын өмірімде екі-ақ рет көрдім. 2020 жылы пандемия кезінде енем коронавирус жұқтырып, ауырып қалған болатын. Сол кезде күйеуім анасының дауысын естіген бойда жылап жіберген еді. Содан соң жылағанын Будапештте мен финалға шыққан кезде көріп тұрмын. Татамиге шыққан кезде трибунадан қарап отырғанын көрдім. Кездесу аяқталған соң, астыға түссем, төбесі көкке бір елі жетпей мені күтіп тұр екен. Бір жағынан күйеуіңмен бір спортта, бір командада өнер көрсеткен оңайырақ. Екеуіміз бір-бірімізді қолдап, демеп жүреміз. Алайда жарыстарға барғанда қасымызда қызымыз болмаған соң кейде қиынға соғып жатады. Сондайда «ең құрығанда біреуіміз үйде оның қасында болсақ қой» деп уайымдаймыз.
«Алтын медальдің жартысы қайынапамның, қалған жартысы қызымның үлесі»
– «Қызым алты айға толғанда жарысқа шықтым» деп қалдыңыз. Сонда жаттығу жұмыстарын одан да ерте бастаған болып тұрсыз ғой?
– Иә. Қызым екі айлық болғанда жаттығу жұмыстарына кірістім. Қайынатам бапкер болып жұмыс істейді. Енем де жұмыста. Олар жұмыстан кешкі бесте келеді. Баламен үйде отырғандықтан, шаршайсың. Ұйқы қысады. Демалғың келеді. Оған қоса, әлі өз қалпыма келмегенмін. Ал кешкі сағат алтыда жаттығу залына бару керек. Сол кезде сенде таңдау тұрады: Баланы енеңе беріп, ұйықтайсың немесе жаттығу залына барасың. Қарап тұрсам, сол уақытта екі айлық баламды үйге қалдырып, жаттығу залына жетелеп апарған іштегі мақсат қой. Қызым алты айға толғанша, солай кешкі уақытта барып жаттығып жүрдім. Алты айдан соң алғашқы жарысыма бардым. Кейде енем жұмыстан шыға алмай қалса, жаттығу залына алып кетемін. Атасы сыртта қарап жүреді, ал жолдасым екеуіміз залда жаттығамыз. Ал жарысқа кетер кезде, кімнің қолы бос, сол кісіге табыстап кетемін. Көп жағдай күйеуімнің өзінен үш жас үлкен әпкесі Әйгерім қарайласады. Әйгерім қызымның екінші анасындай болып кетті. Ол Алматыда тұрады. Жұмысы бар. Сонда да біресе еңбек демалысына шығып, біресе сырқатына байланысты демалыс алып, енді бірде еңбекақы сақталмайтын демалысқа шығып, Қонаевта тұратын бізге келіп, қызымызды бағып-қағады. «Барып келіңдер. Жолдарыңнан қалмаңдар» деп үнемі бізді қолдап отырады. Сондықтан мына алтын медальдің жартысы қайынапамның, қалған жартысы қызымның үлесі деп білемін.
– Жаңылыспасам, жолдасыңыз Дидар мен күміс жүлде иеленген Қайсар Алпысбай үшін де бұл әлем біріншілігінің бірінші жүлдесі ғой, иә?
– Иә. Мен, Дидар және Қайсар үшеуіміз де алғаш рет әлем біріншілігінде топ жарып тұрмыз. Бұл – біздің құрама қатысып тұрған үшінші әлем чемпионаты. Екі жыл сайын өтетін әлем чемпионатына екі рет барып ала алмаған жүлделерімізді үшінші барғанымызда алып қайттық. Мен 2018 жылы Мадридте өткен әлем чемпионатында жетінші, ал одан кейін Дубайда өткен біріншілікте бесінші орынға табан тірегенмін. Негізі мен үнемі медальға бір табан жақын қалғанда сүрініп қалатын едім. Мысалы, Дубайдағы әлем чемпионатының жартылай финалында жеңіп тұрып, кездесудің аяқталуына небәрі екі секунд қалғанда ұтылып қалғанмын. Сондықтан бұл маған бұйырмай жүрген жүлде еді.
– Каратэ спортын тұңғыш рет 2020 жылы өткен Токио Олимпиадасының ойын бағдарламасына енгізгенімен, кейін келесі Олимпиадалардан алып тастау қауіпі бар екені айтылды. Биыл қыркүйек айында Халықаралық Олимпиадалық комитеттің отырысында каратэ спортының Олимпиада бағдарламасынан нақты алынып тасталғаны белгілі болды. Сіздер бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыздар?
– Бұл шешімге таңғалдық деп айта алмайтын. Себебі біз оған дейін жағдайдың мән-жайын білдік. Шамамен қандай шешім шығатынын біліп отырдық. Дейтұрғанмен «Мүмкін қалдырар» деген титтей үміт болмады емес, болды. Қазір алынып тасталғанымен, түбі ойын бағдарламасына кіретінін білемін. Алдағы екі Олимпиада болмаса да, одан кейінгі ойындарға кіріктірілетіні анық. Құдай қаласа, ол ойындарға менің қызым қатысып, ел намысын қорғайтын шығар.
– Алдағы жоспар қандай?
– Биыл жарысқа ерте араласқан себебім – келесі жылы мұндай ірі жарыстар болмайтынын білдім. Егер спортқа келесі жылы оралғанымда, тек Азия чемпионатына қатыса алар едім. Сондықтан биыл бәсі биік, маңызды жарыстарды абыроймен алып шықтым деп айта аламын. Ендігі кезекте жарақаттарымызды емдеп, денсаулығымызды жақсартуды көздеп отырмыз. Келесі жылы Азия чемпионаты, жабық Азия ойындары өткізіледі. Сол жарыстарға дайындық жұмыстарын бастаймыз. Негізі, келесі жылдың басты додасы Олимпиада ғой. Әлбетте, Олимпиада ойындарына қатысып, ондағы атмосфераны көріп қайтқанға не жетсін?! Мысалы, мен күйеуімнің төртжылдықтың басты додасында бақ сынап, ондағы атмосфераны өз көзімен көріп қайтқанын қалаймын. Нағыз атлетке ештеңе тұсау болмайды. Егер спортшы Олимпиадаға қатты барғысы келсе, олимпиадалық спортқа ауысып та кете алады. Сондықтан каратэшілер Олимпиадаға қатыспаса, мұнымен шаруа бітті деуге келмес. Дегенмен біз үшін Азия ойындары мен әлем чемпионаты басты жарыс саналатынын тағы еске салғым келеді.
– Әлем чемпионатының алтын медалі Олимпиаданікімен пара-пар дейсіз ғой.
– Әлбетте! Бұрын әлем чемпионатында жүлде алу бізге арман еді ғой. Өзге елден келген қарсыластарымыз жеңіс тұғырына көтеріліп, медаль алып жатса, «Қандай күшті!» деп тамсанып, қарап тұратынбыз. Ал биыл қоржынға үш бірдей жүлденің салынуы Қазақстан спортының өскенін көрсетеді. Мысалы, бұл чемпионатта қола жүлдені қанжығасына байлаған менің күйеуім бұл медальді иеленгеніне көңілі толмады. «Финалға шығатын спортшы едім. Өзім дұрыс істемедім» деп өз-өзіне ашуланып жүрді. Мен де Ханчжоуда өткен Азия ойындарында да күміс жүлдені қанағат тұтқан кезде «Алтын жүлде алатындай әлеуетім бар еді ғой» деп бармақ тістегенім бар. Бұл елімізде бұл спорттың өскенін, бәсекенің арта түскенін білдіреді. Қазір біздің каратэшілер барлық салмақ бойынша әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Каратэ Жапониядан шығып, онда қарқынды дамығандықтан, жарысқа барғанда бапкерлер «Бірінші жапондыққа қарсы шығасың» десе, «Ұтылып қалатын болдық» деп уайымдап, бойымызды үрей билеп, қорқақтайтын едік. Ал қазір, керісінше «Қазақстан» десе, бәрі қорқады. Бұл анық көрініп тұрады.
– Тағы да жеңісіңіз құтты болсын! Әңгімелескеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ