Атыраулық боксшы Жандос Алпысбаев Азия чемпионы атанды
Жандос Алпысбаев – Атырау облысынан жасөспірімдер арасынан шыққан тұңғыш Азия чемпионы.
Астана қаласында бокстан жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында атыраулық боксшы Жандос Алпысбаев 75 келі салмақта Азия чемпионы атанды. Жандос Алпысбаев бұл сында Моңғолия, Үндістан және Иран елінің боксшыларынан басым түсіп, чемпиондық атқа қол жеткізді.
– Барша қолдау білдірген атыраулық бокс жанкүйерлеріне, Дене шынықтыру және спорт басқармасына, бапкерлеріме және әрдайым қамқорлық пен қолдау білдіретін Атырау бокс федерациясының президенті Шухрат Абдурашидұлына алғыс білдіремін, – дейді Азия чемпионы Жандос Алпысбаев.
Айта кетсек, Жандос Алпысбаев – Атырау облысынан жасөспірімдер арасынан шыққан тұңғыш Азия чемпионы. 2021 жылы жасөспірімдер арасында өткен біріншілікте Қазақстан чемпионы және үздік боксшы атанған. Чемпионды баптап шығарған алғашқы бапкері – Апсенов Мейрамғали, жеке бапкері Нысанбаев Айбек және жасөспірімдер арасындағы облыс аға жаттықтырушысы Байдуллиев Азамат. Жандос – Атырау бокс клубының және Атырау облыстық Олимпиадалық резервін дайындау орталығының спортшысы.