Қоғам

Шашты көп жуса, тез майлана ма?

Фото: pexels.com

«Шашты көп жуу май бездерінің майды көп бөлуіне ықпал етеді» деген ақпарат тарады.

Көпшілік арасында «адам шашын қаншалық көп жуса, соншалық тез майланады» деген пікір қалыптасқан. «Проверено» басылымы деректі тексеріп көрді, деп хабарлады  turkystan.kz Factcheck.kz-ке сілтеме жасап. 

Бірқатар журнал мен сайт шаштаразтардың сөзіне сүйеніп, «шашты көп жуу май бездерінің майды көп бөлуіне ықпал етеді» деген ақпарат таратқан.

2021 жылы Миннесота университетінің және Майами университетінің (АҚШ) мамандары сусабынмен бас терісін жиі жуу шашқа қалай әсер ететіне қатысты зерттеу жүргізді. Олардың эксперименті екі кезеңнен тұрды. Оған 18-50 жас аралығындағы 60 әйел мен ер адам қатысты. Бірінші кезеңде адамдар басын сусабынмен бір жуып, кейін бір апта жумауы керек. Тіпті шашқа арналған түрлі майды, спрейді де жақпады. Ал екінші кезең төрт аптаға созылды. Ол кезде қатысушылар басын күнде жуды. Кейін шашты, оның құрылымын екі рет тексерген. Олар масс-спектроскопияны, газ хроматографиясын, электрон микроскопияны және сараптамалық бағалауды қолдана отырып, бас терісінің қаншалық құрғақ, қаншалық қорғаныс липидтерінің пайда болғанын, қаншалық иістенетінін тексерді. Нәтижесінде күнде жуылған шаш таза әрі жақсырақ болып шықты: күнделікті жуылған шаштың май бездері майды аз бөлген, қатты майланбаған.

Қытайдың ғалымдары да зерттеу жасаған. Оған 1 500 ер мен әйел қатысты. Онда да адамдар аптасына бір рет, екі-үш рет, төрт рет, күнде жуып көрді. Нәтижесінде күнде жуылатын шаштың құрылымы жақсы болған.

Ал тағы бір-екі зерттеуде шашты сирек жуудың зиян екенін жазған. Шашты сирек жуса, адамның басы қышиды, қайызғақ шығады, түрлі ауру шығуы мүмкін.

Осылайша, «адам басын қаншалық көп жуса, шашы соншалық тез майласады» деген мәлімдеме жалған.