Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

Мемлекет басшысы бүгін Премьер-министр Виктор Орбанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге бағытталған нәтижелі келіссөз жүргізгенін айтты.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан келіссөздер қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы бүгін Премьер-министр Виктор Орбанмен  стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге бағытталған нәтижелі келіссөз жүргізгенін айтты.

Президент келіссөз барысында инвестициялық серіктестікті одан әрі жандандыру үшін ірі жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілгенін мәлімдеді.

Сонымен қатар тараптар көлік-логистика, атом энергетикасы, су ресурстарын басқару, сирек кездесетін метал өндіру бағытындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел арасында қаржы саласындағы байланыстар да қарқынды дамып келеді.

Президент мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты қазақ-мажар қатынастарының алтын көпірі ретінде атап өтіп, бұл бағытта айтарлықтай жетістіктер бар екеніне назар аударды.

Мемлекет басшысы келіссөз барысында жаһандық маңызы бар мәселелер бойынша пікір алмасқанын, бұл ретте екі елдің ұстанымдары ортақ немесе орайлас екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, екі елдің серіктестігі  БҰҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы, ЕҚЫҰ сияқты құрылымдар аясында табысты дамып келе жатыр.

Өз кезегінде Мажарстан Премьер-министрі осыдан тоғыз жыл бұрын қазақ-мажар қатынастарын стратегиялық деңгейге жеткізу туралы шешім қабылданғанын айтты.   

Сонымен қатар Виктор Орбан Мажарстан компанияларының Қазақстанда мұнай-газ, жасыл энергетика жобаларын бірлесе жүзеге асыруына және атом саласына маман даярлау ісіне атсалысуына мүмкіндік жасағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.