Жаңалықтар

Қазақстан мен Мажарстан білім саласында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстан арасында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жақсы институционалды негіз бар деп санайды.

Қазақстан Президенті мен Мажарстан Премьер-министрі екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстанның тарихи тамырластығы және тығыз байланыстары бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне негіз болғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстан арасында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жақсы институционалды негіз бар деп санайды. Мемлекет басшысының пікірінше, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес екі елдің сауда қатынастарын дамытуда белсенді рөл атқаруы керек.

Тараптар энергетика, көлік, логистика, металлургия, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және туризм сияқты салалардағы байланыстарды дамытуға өзара мүдделі екенін білдірді.

Сонымен қатар келіссөз барысында екі елдің заң шығарушы органдарында жұмыс істейтін достық топтары арқылы парламентаралық байланысты нығайтудың маңыздылығы айтылды. Сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМҰ және түрлі халықаралық платформалар аясындағы өзара ықпалдастық перспективалары қарастырылды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы екі елдің гуманитарлық байланыстарын нығайту мәселесіне де тоқталды. Бүгін Астана көшелерінің біріне мажар ұлтының көрнекті ақыны Шандор Петефидің есімі беріледі. Бұл – Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тығыз достық қатынастардың тағы бір айқын дәлелі.

Өз кезегінде Виктор Орбан құрметпен қарсы алғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бауырлас Қазақстан халқына алғыс айтты.

Келіссөз қорытындысы бойынша білім саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.